Өскеменде жастарға арналған үлкен мәдени орталық ашылады. Бұл жайлы Шығыс Қазақстан оьлысының әкімі Даниал Ахметов пен Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омардың 19-шы шағын ауданның тұрғындарымен кездесуінде белгілі болды. Өңір әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл мәдени нысан дәл осы шағын ауданда бой көтереді. Оның ішінде бірнеше мұражай, кинотеатр, заманауи оқу орталықтары болады. Сондай-ақ, жастардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған басқа да объектілер орналаспақ.
Даниал Ахметовтың айтуынша, мұндай нысан жастар үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де аса қажет. Жұрт үлкен субұрқақтың жанындағы басты алаңда ғана жиналмауы тиіс. Көңілдерінің хошын келтіретін мәдени орталықтарға барып, рухани азық аулары тиіс. «Жаңадан салынатын мәдени орталықтағы мұражайды Қазақстанға тынытуды мақсат етіп отырмыз. Өйткені, аймақта жүргізіліп жатқан ауқымды археологиялық қазба жұмыстарының арқасында музейді қажетті жәдігерлермен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігіміз бар», — дейді аймақ басшысы.