« Мен – қазақпын, биікпін, байтақ елмін
Қайта тудым, өмірге қайта келдім.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске
Айта бергім келеді, айта бергім!»
– деп жырлаған қазақтың ойы ұшқыр ақыны Жұбан Молдағалиевтің бұл өлі қай заманда болмасын қазақ қоғамы үшін өз бояуын жоғалтқан жоқ. Қазақтың түп-тұқиянымен мың жылдық тарихын баяндап тұрғандай…
Сөздің шыны, басынан талай қиямет өткен қазақ халқының бүгінде өшкені жанып, сөнгені орнына оңалған уақыт. Күні кешегі Кеңес өкіметінің күші қақырап тұрған уақытта жетпіс жылдан аса «бұратана халық» деп санамызды улап келген соқыр саясаттың зардабын талай көрдік… Оған тарих куә. Ықылым замандардарн бері Көкбөрі мен Ұмай ананың ұрпағы саналатын біз дала тағысы түркіліктер үшін билікті жатқа беру жат нәрсе еді. Қазақтың басынан қаншама зұлмат өтсе де, еңсесін тік көтеріп сағы сынған емес… Арғысы түркі тарихындағы Кир патшасына ойсырата соққы берген балаларымыз, бергісі Шыңғысхан бастаған мың қолды моңғол әскеріне, Мысыр елін билеген Сұлтан Бейбарс шапқыншылығы, Бабыр хан бабамыздың жорығы, одан бергісі «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» атауымен тарихта қалған жоңғар, қалмақ шапқыншылығы, кейіннен орыс патшалығының манағы айтқан «бұратана ел» деп басып жаншығысы келген солақай саясатының жалғасы кейіннен Кеңес үкіметінің билігі кезінде де, біз орта Азиялықтар үшін осы саясатты қатаң ұстанды. Бұл бір бас көтертпес үшін жасалған езгі ету саясаты болатын. Себебі, Кеңес үкіметінің өзіне қарасты 15 одақтас республиканың негізі құрамы түркілік бір тамырлас ұлттардан құрылған автономиялар еді. Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы « Зұлмат» тарихты ойласақ, кез келгеніміздің құйқа тамырымыз шымырлайды. « Әр ел өз бетінше еркіндік сұрайды. Кеңеске үкіметіне бағынышты болмайды» деген қорқыныштың негізінде әр ұлттың бетке ұстар қаймақтарын, «ұлтым үшін жан пида» деген зиялы азаматтарын ату жазасына кесіп, халықты дүр сілкіндіріп үлкен сестің сілікпесінде ұстады. Және ол іске де асты. Сол үрейді басынан өткізген кейінгі ұрпақ 70 жылға дейін бас көтеруге дәті бармады. Бірақ, заман бір орнында тұрмайды. Жеткіншек жастар көзі ашық, көкірегі ояу саясат пен тарихтың тамырын тең ұстар ұрпақ болып өсті…
Шолақ саясаттың ең соңғы қайнауы болған 1986 жылдың желтоқсаны. Қазақстандағы көтерілістің басталуына Орталық Мәскеудің республика халқының пікірімен санаспай, Ресейдің Ульянов облысының партия комитетінің бірінші хатшысы Г. В. Колбинді Қазақстанға тағайындауы түрткі болды. Халықтың сұранысы тек біреу ғана еді. «Қазақты қазақ билесін, біздің дәстүр- салтымызды, тыныс- тіршілімізді сезбейтін сырттағы біреудің» билікті өз арнасына бұруын қаламаған халық әуел баста бейбіт шеруге шықты.
Бірақ бұл бейбіт шерудің арты үлкен ылаңға айналды. Талай қазақ жастары қыршынынан қимылды. Өрімдей қыздарымыздың бұрымынан сүйреп, дубинкамен сабап , жатырсыз бедеу етті. Жігіттеріміздің жігеріне құм сеуіп, 10, 20 жылға бас бостандығынан айырды. Ұзақ уақытқа дейін қоғамнан өз орындарын таба алмай, құрала алмай құсада кеткені қаншама?.. Қайрат Рысқұлбеков, Әбдіқұлов Мырзағалилар өлім жазасына кесілді. Күні бүгінге дейін бұлардың қазасы жұмбақ қалпында қалып отыр. Сол кездегі Алматының орталық Брежнев алаңына күндіз 300-дей адам жиналса, кешкісін ұлт мүддесін қолдауға 20 мыңға жуық адам жиналды. Алматы түрмесіне симаған адамдарды қала сыртына апарып тірідей 8,5 адам басын қазулы шұңқырға апарып көміп те тастады. Қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық , әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы наразылық іс -қимылдары бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ тарихындағы елеулі оқиғалардың бірегейі…
Бүгінгі Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің негізін қалау үшін біздің апа-ағаларымыз ұрпақ алдында, келешектің алдында мәңгілік ұмытылмас батыл қадамға барды. Осы көтерілістің нәтижесінде өздеріңіз білетіндей 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Егеменді Тәуелсіз мемлекет ретінде мойындалды. Ол өзін дербес мемлекет ретінде мойындатты… Бұл біздің ешқашан бұрмалауға келмейтін тарихымыз.
Атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа мәңгілік тарихи мұра етіп қалдырар Тәуелсіздік тарихымыз! Жас жеткіншек, келешек ұрпақ, ата-бабабмыздан қалған асыл мұрамыз тіліміз бен жеріміз саған қалай аманат болса, Тәуелсіздік тұғырын биік ұстау да, дәл сондай бабалар аманаты болып қалмақ! Еркіндік пен Егемендіктің тұғыры болған Тәуелсіздік байрағын үнемі биік ұста !!!
Такежанова Бақыт Ақатқызы,
Алматы қаласы Түрксіб ауданы
№ 59 мектеп-гимназиясының
оқытушысы