Home » Айтарым бар » Мамандығым–болашағым

Мамандығым–болашағым


Булишев Нодир Завкиевич
«С.Сейфуллин атындағы №52 жалпы білім беретін мектеп» КММ
кәсіптік бағдар беруші педагогы

Мамандығым–болашағым

Әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына байланысты.
Сол себепті маман­дық таңдау оңай емес.
«Түйір нан – тамшы тер» демекші, жақсы маман иесі болу үшін көп ізденіп,
оқу, білім алу керек. Ең бастысы мамандыққа  деген сүйіспеншілік қажет.

Біздің тез өзгеріп жатқан заманда мамандық таңдау өмірдегі ең маңызды шешімдердің біріне айналды. Менің мамандығым менің болашағым үшін тамаша таңдау екеніне сенімдімін. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», – деп Абай Құнанбаев атамыз айтып кеткендей, кез келген адам өмірден өз орнын табуға тырысады, еңбектенеді, оқиды. Әсіресе, белгілі бір мамандықты игеріп шығу ең маңыз­ды қадамдардың бірі. Әрбір адам ас­қақ арманға, биік мақсатқа ұмтылады. Жақсы маман болу үшін ең алдымен өзің таңдаған мамандықты сүйіп қана қоймай, сол мамандықтың қыры мен сырын жете меңгеруің керек. Сонда ғана өзің таңдаған мамандықтың қаншалықты құнды әрі маңызды екенін түсінеміз.

Менің мұғалім мамандығына әкелген бірінші нәрсе – балаға деген махаббат және болашаққа деген үлкен үміт. Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр.

Мектеп — балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы мен әкесі десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды.  Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде. Осы себептенде ұстаздық мамандығын таңдағаныма мақтанамын.

Дана халқымыз«адам екі нәрсені таңдаудан қателеспеу керек бірі-мамандық таңдаудан, екіншісі жар таңдаудан»деген екен. Расымен де, өте орынды айтылған деп ойлаймын. Себебі, әрбір адамның таңдаған жары-оны ғұмырының соңына дейін бірге болатын өмірлік серігі болса,ал таңдаған мамандығы-оның өмір бойы атқаратын қызметі. Бір сөзден айтқанда,мамандық таңдау-әрбір адамның қабілеті мен мақсаты мұратына байланысты туындайтын үлкен жауапты істердің бірі. Олай болса,мен болашақта қандай маман иесі боламын? Майталман маман болу үшін не істеуім керек? деген сұрақтарды әрбір мамандық таңдау жасына жеткен жасөспірім өзіне қоюы керек деп есептеймін.

Қазіргі заман ағымына ілесу үшін, білімді жастар санатына қосылу үшін терең білім мен біліктілік қажет. Ал мамандық таңдағанда адаспаған дұрыс. Бүгінде мамандықтың түр-түрі бар. Оларды іріктеп, өз икеміңе қарай таңдай білген жөн. Ұлы педагог Ушинский: «Егер мамандықты таңдап алуда сіздің жолыңыз болса және осыдан бар жігеріңізге сарп ететін болсаңыз, сізден асқан бақытты жан болмайды», – деген екен. Кез келген түлек мамандық таңдарда кедергілерге тап болуы ықтимал. Сол себепті әр баланың болашағына ата-анасы, ұстазы жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.

Әрине,сонымен бірге, «ұстазы жақсының ұстамы жақсы»деп тегін айтпаса керек. Әрбір жас буынның мамандыққа қызығушылығының артуына себеп болатындың бірі алғашқы ұстазы және мектепте сабақ беретін ұстаздары деп білемін. Баланың  болашағына дұрыс бағдар беріп,таңдау жасауда, қосатын  үлестері зор. «Маған жақсы мұғалім бәріне де қымбат,өйткені мұғалім- мектептің жүрегі»дейді Ыбырай Алтынсарин. Иә расында да,ұстаз деген сөздің астарында мән мағына бәрі бар.

Ұстаз болу-жүректің батырлығы,
Ұстаз болу-сезімнің ақындығы
Ұстаз болу-мінездің күн шуағы,
Азбайтұғын адамның алтындығы….

Болашақта біз білім мен тәрбие берген, мамандық таңдауда дұрыс жол мен бағыт бағдар бере  білген ұстаздардың жемісі, біз тәрбиелеп, тұра жол көрсеткен шәккірттеріміздің,  еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулы азамат,  азаматшалары болғанда біз ұстаздардың жетістікке жеткеніміз деп, зор мақтанышпен сеніммен айта аламын!

One comment

  1. Керемет мақала!!! Біздің болашағымыз жастар қолында!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.