Темиргалиев Серік Карымсакович,
Павлодар облысы
Павлодар қаласы
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің дене-шынықтыру пәнінің мұғалімі.
Алтынбек Мақсатхан,
Ақмола облысы
Астана қаласы
РФМШ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.
Халқымызға Темірқазық іспетті бағыт-бағдар көрсетіп тұрған Хәкім Абайдың туғанына биыл 175 жыл толып отыр. Көзбен көріп, қолмен ұстағандықтан Абай өз заманындағы теріс әрекеттерді әшкерелеп, адамның бойындағы кесір мінездерін өткір сынаған. Десе де, Абай сынай отырып жақсы көргенін, жақсы көре отырып сынағанын ұмытпағанымыз жөн.
Енді Абай мен Мұзафар өлеңдеріндегі ортақ ойларды көңіліңіздің таразысына салып, ой елегеніңізден өткізу үшін солардың бір парасын алдарыңызға ұсынғалы отырмыз. Абай:
Қайрат пен ақыл жол табар
Қашқанға да, қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға,- деп толғанса, адам табиғатында бар осы
қасиетті ақын Мұзафар Әлімбаев өз шумақтарында былайша өрнектейді:
Ақиқатты іздеген –
Әуелден дос бізбенен.
Әділдікті қорғаған –
Бір туғандай ол маған.
Армандасын қолдаған –
Ағайындай ол маған.
Жалғандықты жақтаған –
Бір туса да, жат маған.
Қос ақынның осы шумақтарындағы ой қазақтың ежелден бергі гуманистік көзқарасына саяды. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген халық мақалы бар. Бұл жердегі туралық категориясы – шыншылдық, әділдік мағынасында. Бұл да адамға тән гуманистік қасиеттер.
Еуропада ғылым ретіне, философиялық ағым ретінде қоғамда кеңінен талқыға түскен гуманистік идеяларды қазақ даласында ежелгі билерден бастап, XIX ғасырда өмір сүрген Шоқан, Абай сияқты тұлғалар одан әрі жалғастырды. Жалпы, бұл идея Батыс пен Шығыстың ойшылдарының барлығында дерлік бар.
Абай мен Мұзафар Әлімбаев шығармашылығында да бұл ойлар көрініс тауып, өлеңдеріне арқау болып отырғандығына тағы да басқа мысалдар келтіруге болады:
Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз, — деп жырлаған Абай өзегенің бойын-
дағы асыл қасиеттерді көре білу үшін де адамның көкірек көзі ашық болуы керектігін баяндайды. Ал Мұзафар болса:
Өзімізше, шетімізден дейміз-ау,
Тұлғамызға жарасады қандай құз.
«Бала» десе, «шала шығар…» дейміз-ау,
Демесек те, ішімізден ойлаймыз.
Жақсылығын, ең алдымен, көре біл,
Жамандығын, ең алдымен, іздеме,
Ізгілік қой, ең алдымен, керегі,
Өзің де ойла: қалдырасың бізге не? — адамның бойынан ең алдымен, жақсы қасиеттерді іздеуге шақырады. Одан бөлек, ақын адамның өз-өзіне биік деңгейде сұрақ қоюына шақырады. Ішкі «меннің» асқынған кезінде «тұлғамызға жарасады қандай құз?» деп ойлауы пенде атаулының бәріне тән құбылыс. Өзін барша әлемнен асқақ қойып, эгоға жол берген жанды сәл аялдауға шақырады. «Ізгілік қой, ең алдымен, керегі» дейді ақын. Одан өзге қылық пен сезім адамзатқа жат.
Абайды жалпы адамзаттың ақыны деп танысақ, Мұзафар Әлімбаевты баршасы балалар әдебиетінің өкілі ретінде таниды. Алайда, ол өз шығармашылығында үлкен-үлкен философиялық ой толғамдарға көбірек қалам тербеген ақын. Адамзаттың мыңжылдардан бері толғанып келе жатқан сұрағына өз ойымен жауап іздеп, эстетикалық, философиялық көзқарасымен шешім де айта білген.
Күн батады, дейді-ау жұрт, ұясына,
Ондай ұя әсте жоқ, туасыда.
Інге кіріп ұйқыға шомбайды күн,
Күн самғайды заңғардың қиясына.
Күн бата ма?
Күн батса не болады?
«Күн батты» деу білместің жорамалы.
Күн тек қана көзіңнен тасаланып,
Көкжиекке зырлайды одан әрі.
Абайдың «өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмей тұғын артына сөз қалдырған» деген өлең жолдары санаңызда жарқ еткен болар. Ақын бұл жерде күнді мәңгіліктің символына балайды. Астрономиялық тұрғыдан Жер бетінде өмір сүріп жатқан адамдар үшін түнде күн батады деген ұғым қалыптасқан. Алайда бұл жер бетінің кеңістігінде ғана ойлай алған адамдардың ой түйіні. Ғаламдық кеңістікпен салыстырған күн ешқашан батпайды. Өз заңдылығымен қозғалысын жалғастыра береді. Ақын осы астрономиялық құбылысты мәңгіліктің өлшемімен символдап береді де:
Мейіріммен жылытса жаңа бізді,
Қарт ананы, жас сәби, анамызды.
Бірте-бірте аунайды батыс бетке,
Жалғастырып араймен арамызды, — деп күн нұрының табиғаттағы мейірімін, тіршілікке беретін нұры мен нәрінің қасиетін аша түседі. Егер күн батса, жер бетіндегі мейірім, жылу атаулы жоғалып, тіршілік күйремек. Бұл шумақтардан жер бетіндегі тіршілік атаулыға мейірім мен жылулық нәр беріп тұр деген ақын ойын аңдауға болады. Әрмен қарай көз жүгіртсек:
Күн батпайды, ешқашан күн батпайды,
Күн батса егер, қайтадан үн қатпайды.
Сырғып сол алтын күндер өткен сайын,
Әр минутың қаншама сырғақтайды.
Осы шумақтан ақынның экзистенциалдық көңіл-күйін тануға болады. Философияның бұл бағыты да гуманизммен үндес. Өмірдің мәнін табу, өзіндік менді тану, жаратылысты құрметтеу жолындағы толғаныстан туған ирроционалды бағыт. Әр күн өткен сайын уақыттың аяусыз ағып жатқандығына іштей қатты қынжылған ақынның үні осы шумақта жатыр. Абайша айтсақ, «сағаттың тықылдағы емес ермек».
Абай XIХ ғасырдағы қазақ қоғамындағы қараңғылықпен, кертартпалықпен, білімсіздікпен соғысса, Мұзафар Әлімбаев – екінші дүниежүзілік соғысты басынан өткерген ақын. Ал, соғыстың қай формасы болмасын, жеке адамды ғана емес, күллі ғаламның құндылықтары мен психолоиясын, өмір сүру салтын бір ғана сәтте өзгертіп жібере алады. Соғыстан әркім әр түрлі сабақ алады. Бірі бойына үрей мен қатыгездікті дарытса, бірі осыншама сұрапылдың қатерлі екендігіне көзі жетіп, адамзатқа жаңа жол сілтей бастайды. Мұзафар Әлімбаев шығармашылығындағы гуманисттік идеялар осы бағытта қалыптасқаны анық.
Гуманизм – адамды жаратылыстың ғажайыбы деп танып, адам құқын, қадір-қасиетін, адамдық ар-намысын, адамның таңдауын, адам еркіндігін, адам шығармашылығын, адам құқықтарын жоғары бағалау, адамға жанашырлық таныту, адамдық сипаттағы қасиеттерді ең жоғарғы деңгейде әйгілеу болып табылады.
Гуманисттік идея – қазақ әдебиетінде жыраулық поэзиядан бері белгілі. Бірақ, оны гүлдендіріп, ерекше дамытқан ақын, қазақ ұлтының данышпаны – Абай. Сол Абайдан бері жалғасқан үрдіс кеңінен дамып, қалам ұстаған ақындардың өлеңдерінде жиі кездесті. Мұзафар Әлімбаевты Абай ізін жалғаушы гуманист ақындардың қатарына толықтай жатқыза аламыз.
Тумайды жұртын ақын жылатуға,
Туады жүректерді нұрлантуға.
Өлеңін орамал ғып өтеді олар,
Көз жасын адамзаттың құрғатуға.
Өнер әуел бастан өзіне гуманизмді міндет етіп алған, адамзатқа жанашыр күш. Суреткердің жанына батып, толғандырған дүниесі ән болып, күй болып, өлең болып төгіліп жатады. Сөйтіп, «адамзаттың көз жасын құрғатады». Жанына жұбаныш болады. Сырласады. Мұңын бөліседі. Сонда ғана өнер өзінің биік өресіне жетпек.
Шығады шың басына, шығады өнер,
Шын ақын екі туып, бір-ақ өлер.
Алдында әр заманның, әр ұрпақтың,
Құламай тіккен туы тұра берер.
Бұл өлеңіндегі ақын ойы – адамгершілік ақиқаттың, ар ұжданның құламауына сай келеді. Әр заман, әр ұрпақ алмасқан сайын бұл қағидалар алдынан шығып, туы желбіреп тұра бермек. Қазақ әдебиетінде аты алтын әріптермен жазылған ақынның, арман мұраты «адамзаттың бақыты» десе де болғандай. Бұл мұрат жолындағы өнердің, өлең арқалаған ақынның да гуманистік міндетін айқындап береді.