Home » "Абай 175 жыл" - мектептер » Отандық білім беру жүйесінде Абай мұрасын оқытудың тиімділігі

Отандық білім беру жүйесінде Абай мұрасын оқытудың тиімділігі

Султангазина Сяудат Ермашовна
Преснов жалпы орта білім беру мектебінің
математика және информатика пәнінің мұғалімі,
 Жамбыл ауданы, СҚО

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XX1 ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында ақынның 175 жылдығы той тойлау үшін емес, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілетініне баса назар аударып, бүгінгі қоғамдағы әр азамат үшін аса қажетті болып табылатын өзгеру кезеңінің уақыты туғанын айтты. Дана Абайдың, ұлы Абайдың терең де мағыналы асыл сөздерінің қай-қайсысы болмасын, өткен заманның ғана бет-бейнесін емес, нақ осы шақтағы еліміздің жағдайын да толыққанды сипаттап, өзектілігін әсте жойған жоқ.

 

Абай ұлы ғұлама ақын, моралист – ойшыл, қазақ елінің, бүкіл түркі тектес халықтарының ортасынан шыққан әлемдік тұлға. Абайдың өмірі, істеген ісі, жазған өлеңдері мен сөздері өз халқының тағдырымен тығыз байланысып, оның болмыс-бітімінің айнасындай болып жатыр. Абай шығармасының сая бағында өсу, тәрбие алу – қазақ халқының бүгінгі ұрпақтарының алдағы тұрған міндеттерінің бірі.

Тәуелсіздігімізді алып, өркениеттілікке қадам басқан бүгінгі таңда адамгершілігі мол, саналы да салауатты ұрпақ тәрбиелеуде еліміздің білім беру жүйесінде Абай шығармаларын оқытудың мәні зор. Себебі егеменді ел мүддесі тұрғысына сай жаңа тұлғаны қалыптастыруға жалпы бастау болар тәрбиенің көзі Абайдан табылады. Абай мұрасын оқытуда өркениетке бет бұрған заманауи оқытушылар осы заман талабымен жаңаша пайымдап, қайта ой сарасынан өткізуді талап етеді. Абай мұрасы – адамды адам етіп тәрбиелеудің жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнары. Ұлылардың өмірі мен тағылымы арқылы ұрпағын тәрбиелеу – әсіресе қазақ халқында ежелден-ақ келе жатқан үрдіс. Бұл жерде сөз өнерінің атқарған орны ерекше болған. Ұлтымыздың осы бір жақсы әдет-салты бүгінгі тәрбие мен білім беру үрдісінде тиімді екені даусыз мәселе болып табылады.

Ақынның шығармалары мен қарасөздері педагогикалық ой-пікірге, тәлім-тәрбиеге, даналыққа толы. Ақынның әрбір өлеңі адамға жан-жақты тәрбие беруді ойластырады. Адамның өсіп жетілуіндегі тәрбиесіне де ерекше мән берген. Оның дәлелі: «Адам баласы туа сала есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап татып – естілердің айтқандарын есте сақтап қана естілер қатарында болады. Естіген нәрсені есте сақтау, ғибрат алу ғана есті етеді» деген даналық ойы, яғни адам ақыл-ойының, есінің тәрбие арқылы ғана жетілетінін ғылыми түрде дәлелдеген. Оқу-тәрбие үрдісінде Абай мұрасын қолдану өсіп келе жатқан ұрпақтың ақыл-парасаты биік болуына, мінез-құлқы, іс-әрекетіне ықпалы зор екені даусыз. Абайдың педагогикалық көзқарасындағы бас­ты нысаны «Атаның баласы болма, адамның баласы бол», деп жас буынды елдің, халықтың қамын ойлайтын,  елінің парасатты және ұлтжанды азаматы болуға, адал қызмет ететін ұрпақ болуға шақырады.

Абай шығармалары ұлтымыздың тұрмыс тіршілігін, мінезі мен дүниетанымын, ділі мен дінін түгел қамтиды. Сондықтан ұлттық жаңғыру ісінде оның еңбектерін басшылыққа алып ұтымды пайдалану қажет, себебі ақын көтерген мәселелер бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан жоқ. Сондықтан біз жастардың тәрбиесін, ұлтты Абайша сүюден, елдікті, мемлекетті қадірлеуден бастауымыз керек.

Абайдың қай өлеңін, қай қара сөзін алсақ та, астарлы ойы мен идеясынан адамгершілікке тән асыл қасиеттерді (ар, ұят, намыс, иман, ақыл, білім, ғылым және т.б.) бойына дарыта алмаған ел-жұртын сынағанда оны жек көру тұр­ғы­сынан емес, керісінше адами рухты сіңіріп өсу керек деген ойды аңғар­тады. Бұл ақынның көпшіліктің іс-қы­лы­ғына көңілі толмаған шарасыз күйін байқатады. Адал еңбек, маң­дай тер­мен емес, байларды аңду, оның малы­на сұғанақтықпен көзін қада­ған кемші­лікті сынға алады. Қазақы тірші­ліктегі қай­шылықты өмір көшін, сол кез­дегі әлеу­меттік жағдайды сынап, мінейді. Одан арылудың жолы ғылым, білімде екенін ескертіп, ел назарын соған аударады. «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде:

Ғалым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз… [1,14 б.]

– деп жастарды жамандықтан жиреніп, жақсылықтан үйренуге, үлгі тұтып өсуге шақырады. Абайдың биік таныммен көмкерілген ой-өрнектері, терең гуманистік идеяға, жоғары эстетикалық философияға құрылған әдеби мұрасы қазақ халқының ғана емес, түркі әлемінің, одан әрі адамзаттың асыл қазынасы десек те болады. Оның даналығы – үлкен ірі философиялық мәселелерді шешуде, жаны таза, эстетикалық талғамы жоғары образды сомдауда, соның алғышарт­тарын көрсетуде алдына жан салмас шеберлікке қол жеткізуі.

Абайдың тәрбиелік сипаттағы мазмұнына түрі сай, ең бір күрделі де көркем өлеңдерінің бірі – «Сегіз аяқ». Абай өзі өмір сүрген дәуірдің дерті болған әлеуметтік мәселелерді кеңінен толғайды. Сол қоғамның, сол ортаның індетіне айналған жат қылық, жаман мінез, құлықсыздық, жалқаулық, арызқойлық сияқты халыққа пайдасы жоқ әрекеттерді қатты сынай келіп, адал еңбекпен мал табуға, ар-ұятты ойлап бірлік етуге, достық-бауырлық қарым-қатынаста болуға үндейді.

Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең – істің бәрі бос [1,23 б.],

– деп елді бірлікке, ауызбіршілікке, ын­ты­маққа шақырады. Тәрбиелік мәнінің, ой қуатының күштілігі сондай, өлең­дегі мы­на жолдардың мақал-мәтел сияқ­ты на­қыл­ға айналып кеткенін айтуға болады:

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей [1,24 б.].

Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығар-машылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді. Ойшыл ақынның ағартушылық тұрғыдағы педагогикалық тұжырымдары негізінен жастарды халқына адал қызмет ететін нағыз азамат – «Толық адам» етіп тәрбиелеу мақсатынан туындаған.

«Адамның білімі, өнері – адамшы-лықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі – жастық шақты оқуға, ғылымға, жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе:

«Дүние де өзі, мал да өзі

Ғылымға көңіл бөлсеңіз…» [1,31 б.],

  • деген тұжырым ұсынады. Сонымен қатар қазақ жастарын білім-ғылым

үйренуге шақыру –  «Интернатта оқып жүр» өлеңінде де ең өзекті идея болып көтерілген. Мұнда ақын еңбексіз, ықылас-ынтасыз, мехнатсыз нағыз ғылым-білім қолға түспейді дей келіп, одан ары бірден негізгі ой желісін үздіксіз өрбітіп, оқудағы мақсат не, алған білімді не қажетке жұмсау керек, не істеу, қандай қызмет атқарған жөн болады деген мәселелер төңірегінде сөз қозғайды. Бұл тұста ерекше бір көңіл бөлерлік жай — Абай ғалым болу мен адам болу мәселесін бір-бірімен сабақтастыра айтады, бүл екеуінің тамыры, түбі бір деп санайды. Ғалым болудың басты шарты — не нәрсені болсын ақыл таразысына алып өлшеу, ақыл сенген нәрсеге ғана сену және көзің анық жеткен шындықты тура айтудан тайынбау екендігін нақтылап, мейлінше дәлелді етіп, шегелеп айтады.

Әсемпаз болма әрнеге,

Өн­ер­­­­­­паз болсаң арқалан,

Сен де бір кірпіш дүниеге

             Кетігін тап та, бар қалан [1,32б.],

– деп жас ұрпақтың белгілі бір өнер үйреніп, пайдалы іспен шұғылдануын, адал еңбекпен нан табуын уағыздайды. Ол үшін қайырымдылық пен адалдық, қайрат пен ақыл керек екенін тағы ескертеді.

Халқының келешегін ойлап егілген, сол үшін ұнамсыздықты аямай сынау арқылы түзетуді ойлаған Абайдың жас ұрпаққа айтар ақылы да, уағызы да аз болмаған. Соның бірі-достық мәселесі. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңінде ол тіршілікте өзі көрген, халық тәжірибесі танытқан шындықты айта отырып, жастарды шын адамгершілік жолға, қиянатсыз, адал достыққы үгіттейді. Оларды жалған татулық, бояма мінезден сақтандырады.

Абай қазақ халқының мінез-құлқындағы келеңсіз, нашар қылықтардың қайдан және қалай туындайтынын саралап, ақиқат пен жалған философиялық категориялар арқылы талдап беріп оты-рады. «Қазақтың бірінің біріне қаскүнем болмағанын, бірінің тілеуін бірі тілеспейтұғынын, рас сөзі аз болатұғының, қызметке таласқыш болатұғының, өзде-рінің жалқау болатұғының себебі не?» – деген сұрақ қойып алып, ары қарай талдау жасап, ол талдауларды бір топ философиялық категориялар арқылы таразылайды. Мәселен, Абай бұл тұрғыда тек қана өз халқының туындыларына ғана зер салмай «һәмма ғылымға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған» деп өзінің ой-өрісінің кеңдігін, дүние жүзіне белгілі данышпан адамдар, ғалымдар, ойшыл-философтардың еңбектерімен таныс екенін білдіре келе: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады; әрбір қайратсыз-қорқақ, мақтаншақ келеді; әрбір мақтаншақ – қорқақ, ақылсыз, надан келеді; әрбір ақылсыз – надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамасақ, өзі тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады» дейді.

Ақынның отыз сегізінші қара сөзінде: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек» деп үйретеді. «Әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі – залымдық. Надандық – білім, ғылымның жоқтығы, дүниеде еш нәрсені оларсыз біліп болмайды. Еріншектік – күллі дүниедегі өнердің дұшпаны, талапсыздық, ұят­сыздық – бәрі осыдан келіп шығады. Залымдық – адам баласының дұшпаны» [2,65 б.] дейді. Түсіне білген адамға астары терең осы сөз өз еңбегімен күн көруді, кісі ақысын жемеуді, арамдықтан бо­йын аулақ ұстауға тәрбиелейді.

Абайдың он жетінші сөзі: қайрат, ақыл, жүрек, ғылымға арналады. Алдыңғы үшеуі адам үшін өздерінің атқаратын жұмыстарын айта келіп, әр қайсысы өзін бірінші орынға қойып, таласады да, ғылымға төрелікке жүгінеді. Ғылым үшеуінің де жақсылы, жаманды қасиеттерін дәл сипаттап, әділ сынайды. Жеке –жеке үшеуінде де кемшілік бар. «…Осы үшеуің басыңды қос, оның ішінде жүрекке билет», — деп үкім шығарады. «Егер үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтаймын», — дейді оларға ғалым. Демек Абай жүректі, яғни адам-адамды сүю, адам үшін қызмет етуді бірінші орынға қояды. Бірақ ғылым бойынша да, Абайша да ең идеал нәрсе – осы айтқанымдай табылса, табанының топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам сол», — дейді. Тап осы тәрізді, тағы бір үлкен адамгершілік мәселесін қозғайтын шығармасы – «Отыз алтыншы сөзі». Өз кезегінде ұяттан, ардан безгендерді сынай келіп, ұят және оның түрлерін сөз етеді. Ұяттың бір түрі – адамның балалық дәуірінде болатын табиғи құбылыста, екіншісі – жасықтық, ынжықтықпен байланысты. «Ұялмас нәрседен ұялу – ақымақтық, жамандық», — дей келіп, шын мәніндегі ұят қандай болу керек деген сұраққа жауап береді.

«Ұят деген – адамның өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойныңа салып, сөгіп, қылған қылмысының аты. Ол уақытта тілге сөзге де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көздің жасын, мұрынның суын сүртіп алуға да қолың тимейді, бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, еш нәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар адам кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп, сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар», — дейді. «Ұят кімде болса, иман сонда» деген қазақтың мақалынан даұятқа үлкен мән бергенін көреміз. Сондықтан ұлы ақынымыз Абай да бұл мәселеге аса көңіл бөліп, өскелең ұрпақтың ар-ұяттарын таза сақтауын арман еткен. Бұл қара сөздің бүгінгі таңда да тәрбиелік мәні зор.

Қорыта келгенде, Абай шығармашылығы уақыт озған сайын дәуір талабына сай әр қырынан өсіп, өркендеп отыратын асыл мұра болып ұрпақтар санасында орын алады. жас ұрпақты рухани жаңғыру аясында білім беру мен тәрбиелеуде Абай шығармаларын жан-жақты оқытудың тиімділігі өте зор. Бұл өзгелерден озық дүние болмағанмен, ұлт ұрпағының білім, зияткерлік қасиет, адами рухани құндылықтар дүниесіне бағдарлану қабілеттері артып, Мәңгілік елдің жан – жақты жетілген тұлғасының өсуіне ықпалын тигізеді. Себебі жастарымыздың дүние танымына, дүниеге көзқарасын қалыптасыруда, олардың заман дәрежесіндегі азамат болып өсуінде, биік интеллектуалдылыққа, «толық, кәміл инсан» болып жетілуінде, олардың бойындағы эстетикалық талғамының ұштала түсуінде ұлы Абайдың шығармалары бірден бір рухани азық болып табылады. 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

  1. Абай Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Өлеңдер мен аудармалар, поэмалар, қара сөздер. – Алматы: «Жазушы», 1995.
  2. Абай. Қара сөздер. Поэмалар.- Алматы: Ел, 1992.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.