Сисенова Ардақ Тынымжанқызы
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ Маңғыстау облысы бойынша ПҚ БАИ,
Мұғалімдердің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық
қолдау кафедрасының аға оқытушысы, тренері
Кемеңгер ойшыл, ұлтымыздың тарихында ерекше орын алатын ұлы тұлға, ақын Абайдың туғанына 175-жылдық мерейлі датаға арналған Қазақстан Республикасы Президенті Қ. Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы еліміздің рухани өміріндегі мәні зор шығарма деп санаймыз. Мемлекет басшысы бұл мақалада Абайдың ел тарихындағы айрықша орнын, ұлттық болмысымызды қалыптастырудағы рөлін айқындап, ұлттың рухани жаңғыру үрдісінің өзегі – ақын мұрасын терең зерделеу екеніне назар аударады. Себебі, ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын өз халқының алдына жаңа мақсаттар мен тың талаптар қойып кеткендігі бәрімізге мәлім.
Абай мұрасы-таусылмас тағылымдық иірімі мол мұрасы мектеп оқушыларын тәрбиелеудің пәрменді құралы. Профессор К.Құнантева мен І.Халитованың «Абай мұрасы және мектептегі тәрбие жұмыстары» кітабы мектепте ұйымдасттырылатын тәрбиелік жұмыстардың педагогикалық-әдістемелік жақтан сауатты болуын көздейді.
Авторлар, 1917-1995 жж. аралығында ақын мұрасын сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда қолдануға арналған еңбектерге және мектептерде өткізілген тәрбиелік жұмыстарға талдау бере келіп, «Абай шығармалары тек оқып, әсерлену ғана емес,іс жүзінде қолдану,күнделікті өмірде пайдалану үшін жазылғандығын түсіну» -деп білдіреді.
Мектептегі тәрбиелік жұмыстарды ұйымдастыруда Абай мұрасын қолданудың әдістемелік сипатын, өсіп келе жатқан буындардың көзқарасы, ақыл-парасаты, іс-әрекеті,мінез-құлқы,жүріс-тұрысына ықпал етуінде екендігін ашып көрсетілген.
Абай мұрасының тәрбиелік мәні, тағылымдық бағыт бағдары турасында сөз қозғағанда, алдымен ойға оралатын Абайдың өз басының адамгершілігі. Ақыл мен қайратты, білім мен адамгершілікті тең ұстаған ақын шығармаларына деген ілтипатымыз, құштарлығымыз бүгінгі күн санап артқандай болса, ал мынау нарықтық экономика қыспағында қысылып жүрген жағдайда ақын шығармаларына, оның терең мағыналы, күні бүгінге дейін мәнін жоймаған ой-тұжырымдамаларына деген қажеттілік одан да артық. Оның кіршіксіз, таза, ақ жүрегінен тебірене туындаған жырларынан адам жанына әл қуат беретін, жанға жайлы, ыстық леп ескендей.
Бар асылын, ойын замана жастарына, келер ұрпаққа да арнады. Оның шығармашылық қызметінің негізгі мұраты – адам тәрбиесі. Ұстаз сөзінің биік мағынасы Абайдай ағартушыға өте орынды айтылған. Абай халықтың үлкені мен кішісіне, ұлы мен қызына, әкесі мен баласына өмірлік қажет пен еңбек пен адамгершілік, өнер мен білім, өнеге мен тәлім, достық-жолдастық, парыз бен қарыз сияқты қасиеттердің асыл үлгілерін жырымен де, ғақлияларымен де жеткізе білді.
«Қара сөздер» атты философиялық шығармасында, Абай әрбір сөзімен ұлттық сананы қалыптастыруға, ел мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге ұмтылды. Өркениетті елдердің қатарына қосылудың бірден бір жолын білім мен ғылымды игеруден көрді және ел бірлігі ұлт тұтастығының кепілі деп таныды. Осы орайда, мемлекет басшысы өз мақаласында, Абайды рухани өміріміздің темірқазығы ретінде қабылдауға шақырып, мол мұрасының елдің дамуына тигізер пайдасы зор екендігіне аса мән беріп және ақын сөздерінің бүгінгі заманда да көкейкестілігіне жұртшылықтың көңілін аударады.
Ұлы Абайдың қара сөздері мен өлеңдерінің бүгінгі күнделікті өмірге қажетті тұжырымдардың оқушылар санасына жету жолдарын зерттеп, құнды нұсқаулар берген. Ақын шығармаларының мазмұны мен ауқымдылығы ,оны топтастыруда біраз қиындықтарға соқтырады. Алайда, авторлар тәрбиелік іс шаралар ұйымдастыруда қолайлы болуын көздеп топтастырып, соған сәйкес әдіс-тәсілдер жүйесін ұсынып отыр. Атап айтсақ, оқушылардың сапалық жақтан жетілуі, қабілетінің дамуы, қасиеттерінің қалыптасуын ескерген. Мұны ақынның-ақыл,қайрат жүректі жетілдіру тұжырымымен байланыстырған.
Ғалымдар Абай мұрасы арқылы мектепте ұйымастырылатын тәрбиелік іс шаралардың мазмұнын бастауыш сыныпты қамтитын бағдарлама келтіріп, педагогиканың бірізділік, дәйектілік, жүйелілік секілді қағидаларды ұсынуды көздеген. Әсіресе бастауыш сынып оқушыларының жас ерекшеліктерін ескере отырып, жастайынан әдеттеніп, дағдыланатын іс-әрекеттер мінез-құлық ережелерін, қағидаларын таңдап алуға ұмтылған
1-сыныпта, осы жастағы балалардың «білсем екен,көрсем екен,үйренсем екен» (Абай) деген жан құмарын қанағаттандыру көзделген. Бұл ретте,ақынның 32 қара сөзіндегі пікірді арқау етіп, оқушыларға оқудағы мақсат, білу, білмекке ұмтылу, білген, естігенін көңілге түйіп, тағы да білмегендерін білу үшін пайдалану керек екендігін ұғындыру. Ал бұл үшін мұғалімнің айтқандарын мұқият тыңдап, түсінуге ұмтылу керек екенін ұғындыру.
2-сыныптағы оқушылармен тәрбиелік жұмыстар Абай шығармаларын пайдалану тәртіпке бойұсынуға тәрбиелеумен қатар еңбектену, жалқау болмау дағдысын қалыптастыру.
3-сыныпта алдыңғы сыныптардағы дағдыларды пысықтай отырып, жаңа сатыға көтеру. Мұнда оқу, ғылым,тәртіп тақырыбы жалғасуымен қатар,оқушының өзіне сенімін нығайту, өз күшіне сенуге тәрбиелеу.
Ақынның:
Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап-деген тұжырымын арқау етіп алу арқылы; өзіне сену деген не, ақыл деген не, қандай адамды ақылды дейміз деген сұрақтарға жауап беруде ақынның басқа шығармаларымен қатар 13-қара сөзіне ерекше мән беру көзделген.
4-сыныпта оқу-ғылым тақырыбы жалғасады. Ұлы ақын жас ұрпақты имандылыққа,адамгершілікке,білім-ғылым үйренуге шақырады. «Абай-қазақ елінің моральдық кодексін жасаған кісі» Бұл –тек қазаққа ғана емес,бүкіл адамзатқа ортақ ілім. Абайдағы толық адам туралы ойдың о бастағы төркіні «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен бастау алып, жыл өткен сайын қоюлана, күрделене түсетіні бар. Абайдың:
Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз, деп келетін, адам бойындағы, мінез-құлқындағы қарама-қарсы ұғымдардың сырын 7-қара сөзінде айтылатын «жанның тармағы» дейтін пәлсапалық ұғыммен салыстырып, сырын ашамыз»,деп бағалайды көрінекті ғалым М.Мырзахметов
Хакім Абай ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазақ халқын білімі мен мәдениеті дамыған елге айналдыруды көздеді. Автор өз мақаласында, Абай мұрасы ұлт санасын қалыптастыруға, жастардың бойында елі мен жеріне деген патриоттық сезімді оятуға, рухани жаңғыруымызға игі ықпалын тигізеді деп есептейді. Сонымен қатар, ел ретінде өсіп-өркендеуіміз үшін, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайту үшін де Абайдың ой-тұжырымдарына зейін қойған абзал деп санайды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс». Абай жырлап өткен бабалар арманы мен өсиетін бүгінгі ұрпақ, тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі және болашақтағы даму жолында абыроймен іске асыра алатынына сеніміміз мол. Себебі қазіргі заманғы қазақ жастарының бойынан талап пен жігерді, білім мен іскерлікті, ұлттық намыс пен қайсарлықты көреміз.
Пайдаланған әдебиеттер:
«Бастауыш мектеп» №1 2002 ж. Ә.Әмірова п.ғ.к, доцент 26 б.
«Білімді ел» газеті
«Абай мұрасы-ұлтымыздың рухани байлығы» С.Сағынтаева
«Абай әлемі» онлайн энциклопедиясы