Мықышева Гүлбаршын Ермекқызы
Қарағанды облысы, Шет ауданы
Жамбыл Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназиясы
өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі,
Демесинова Рыскүл Уйсынбаевна
Қарағанды облысы, Шет ауданы
Жамбыл Ақылбаев атындағы
мектеп-гимназиясы
бастауыш сынып мұғалімі
Биыл халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл. Мерейтойын лайықты атап өту үшін мемлекетімізде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Барша елмен мен де қуаныштымын. Неге дейсіз ғой? Себебі өтіп жатқан шараларға әр қазақстандық белсене қатысуда. Оның бір айғағы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы жарық көрді.
Мақалада Президентіміз Елбасы айтқан мәселені басшылыққа ала отырып, ұлттық сананы сақтауда Абай мұрасының тигізетін пайдасы зор, деп жазған. Мақаласында Абай атамыздың сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігі, ақын шығармаларынан халқымыз қандай тағылым алуға тиіс екендігі жөнінде жұртшылықпен ой бөліскен. Президентіміз Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн деп есептейді. Өйткені Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге, басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Абайдың сөздері ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген.
Өзін-өзі тану пәнің оқыту барысында ұлы Абай атамыздың айтылған ойлары, қара сөздері жиі кездеседі. Өйткені бұл пән адамның өзін-өзі тануға, жетелеуге, дамуға жол сілтейді. Абай атамыз өзінің заманында былай жазған екен «Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез. Сол мінез бұзылмасын!…Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?» деген өсиеті жүрегіме тұмар болып қадалуда. Яғни, адамның жақсы мінезі,
Қазақтың ұлттық мәдениеті кез келген халықтың мәдениеті секілді мәңгілік рухани-адамгершілік құндылықтарға негізделген. Біздің ойымызша, әрбір қазақстандық мәдениеттің ұлы маңызын ұғынып, оның игіліктерін қазіргі таңда тиімді пайдалана білсе, сонда ғана адамның қасиетті борышы жүзеге асырылмақ. Абай атамыздың мұрасы, яғни ой-толғаулары, қанатты сөздері адамгершілік жайлы көзқарастары тұнып тұрған рухани–адамгершілік тәрбие, білім.
Өзін-өзі тану пәнін оқыту барысында Абай атамыздың сөздері жиі кездеседі. Бастауыш сынып оқушыларына қара сөздерінің мағынасын ұғындыру мақсатында Абай атамыздың он тоғызыншы сөзін көруге болады: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». Осындай даналық сөздерді баланың санасына ұялату мақсатында келесідей тапсырма ұсынамыз, яғни көп нүктенің орнына қажетті сөздерді жазыңдар деп. Қажетті сөздер: мінез, адамның, дос, ар, ұяты.
Атаңның ұлы болма, … ұлы бол.
Адам баласына адам баласының баласынының бәрі — …
Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, … деген нәрселермен озады.
Кімде-кімнің әділеті жоқ болса, оның да … да жоқ.
Пайда ойлама, … ойла.
Адамның бойындағы адамгершілік қасиеттердің мағынасын терең түсіндіру мақсатында оқушыларды топқа бөліп келесідей тапсырма ұсынамыз. Мұнда кестеде берілген сөздерге тіркесетін сөздерді жинақтауға жұмылдырамыз.
Кеңпейілділік | Қайырымдылық | Жанашырлық |
5-сыныптарда Абай атамыздың он жетінші сөзін сахналауда білім алушылар «Автор, Ақыл, Қайрат, Жүрек, Ғылым» рөлдерге бөлініп кейіпкерлердің ролін сомдайды.
Осы сахналық қойылымнан білім алушылардың түйген ойы: қандай жағдай болмасын, тек ақылмен шешімге келу керек. Абай атамыз айтқандай: «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» осы үш нәрсе үйлесімді болса ғана, адамның адамгершілік қасиеттері басым болатыны мәлім.
«Өзін-өзі тану» пәнінде барлық сыныптарда екінші тарауы «Адам болам десеңіз» деп аталады. Мысалы мына қанатты сөзі «Қашан бір бала ғылым-білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады» нақылы баланың ойы, танымдық, өзін-өзі түсіне білу қабілеттері арта түседі.
Мұнда баланың ойын өрбіту мақсатында келесідей «Сәйкестендір» атты тапсырманы ұсынамыз:
Ұғым | Анықтамалары |
1. Ғалам 2. Адам 3. Сенім 4. Рақым 5. Талап | Жеке тұлға, дара, тіршілік иесі Күткен үміт, ықылас, ниет Бүкіл жер жүзі, әлем Ынта, жігер, жауапкершілік Қайырым, мейірім, шапағат |
Абай атамыздың қырық үшінші сөзінде «Адам әрқашан еңбек үстінде болуы керек, кідіріп қалудан адам мерт болады, адам естіп-білгені арқылы жетілмейді, еңбек пен іс-әрекет үстінде қалыптасады» деген ойы білім алушылардың түйсігіне еңбекке, оқуға деген ынтасын, жауапкершілігін арттырады. Білім алушылардың ойын білу мақсатында келесі тапсырманы ұсынамыз:
Айтылған ой | Менің пікірім |
Адамның адамгершілік қасиеттері жайлы Абай бабамыздың айтарлықтай қанатты сөздері жеткілікті, оның бірі: «Адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» дегендей әр оқушы сынып жетекшісіне, сабақ беретін мұғаліміне қарап үлгі-өнеге алады.
Адамгершілік – әр адамға тән асыл қасиеттер. Осы қасиеттердің үйлесімділігін, жетілгендігін, ақылы мен мінезінен көруге болады. Адамгершілік адамның рухани байлығы, болашақ ұрпақты ізгілік бесігіне бөлейтін руханият дәуіріне жаңа қадам болып табылады. Сонымен қатар, өзін, өзге адамдарды құрметтеуге, оған сенуге, әдептілікке, кішіпейілділікке, қайырымдылыққа, жанашырлыққа, ізеттілікке, инабаттылыққа, қарапайымдылыққа үйретеді. Адамгершілік ең жоғары құндылық деп қарайтын жеке адамның қасиеті және психологиялық қасиеттерінің жиынтығы.
Адамгершілік қасиеттерге синквейн немесе бес жолды тақпақ құрастыруға жұмылдырамыз:
- Тақырыпқа қатысты — бір зат есім (кім, е?)
- Бірінші зат есімге екі сын есім (қандай?)
- Бірінші зат есімге қатысты үш етістік (не істеді / істейді?)
- Бірінші зат есімді суреттеп толықтыратын төрт кілт сөз.
- Тақырыпты сипаттайтын бір синоним немесе метафора (зат есім) синоним сөздерін
- Қамқор
- Құрмет, ізет
- Қол үшін береді
- Қамқор адам қиналғанда қол үшін береді.
- Жанашыр
Абай атамыздың өлең жолдары балаларды жастайынан жоғарыда аталған қасиеттердің дамуына өзіндік жол салатыны сөзсіз. Мысалы, «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деп келген жолдары қара сөздерінің де мағыналық түйініне айналғандай сезімде боласың. Өйткені ақынның қай сөзін алсаңыз да, көкіректің ашылуы, жақсылыққа ұмтылуы – барлығы осы білім, ғылымнан басталады. Оған дәлел: «Дүниенің кілті ғылымда» деу арқылы ақын кез келген нәрсеге таным тұрғысынан қарап, ғылыми негізде түсініп, қабылдау керек деп есептеген. Білім алушылардың пікірім білу мақсатында көзқарас, себеп, мысал, қорытындылау әдісін ұсынамыз.
Көзқарас
|
Себеп
|
қорытындылау
|
Мысал
|
Хакім Абай атамыздың еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамының бірі. Рухани бай, адамгершілік қасиеттері мен құндылықтары мол тұлғаны қалыптастыру үшін ұлы Абай атамыздың даналық сөздері баға жетпес мұра. Абайдың атамыздың өшпес жырлары мен ғажайып әндері, ілімі, ақылы, бабамыздың кемелдігі, кісілігі, «Біріңді қазақ біріңді дос, көрмесең істің бәрі бос» деген бірлікшілділігі, адамзаттық ойлары осының ұлы ойшылдан қалған асыл мұралары. Біздер оның қадіріне жетіп, мәңгілік әспеттей білуіміз керек.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
- //«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» Егеменді Қазақстан №5, 2020 ж.
- Мұратханова Р., Ізғұттынова Р.О., Алиев Б.Ш. «Өзін-өзі тану» мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал.
- //О.А. Байқоңыров атындағы «Адам капитал елдің жаңашыл дамуының негізгі факторы ретінде» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары.