Абай

Мустафиева Назгул Ширмединқызы
БҚО Сырым ауданындағы
ЖББ Ж.Досмұхамедов атындағы
мектеп-балабақша кешенінің
5-сынып кураторы

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуы құрметіне орай тарихтан сыр шерту мақсатында сахналанған қойылым сценарийі

Ұзақтығы: 20 – 25 минут

Кейіпкерлер:

Абай

Құнанбай

Ұлжан

Молда

Медресе шәкірттері

Екі жігіт

Екі қыз

Екі оқушы

Әдемі фон аясында сахна сыртынан оқылады

«АБАЙ!»

Әлемнің қазақ деген бұрышында,

Қазақия жерінің шығысында,

Семейдің құба жонды даласында,

Кешегі ғасырлардың тынысында!

Шығыстың жарқыраған маңдайында,

Әйгілі Шыңғыстаудың баурайында,

Ормандай орта жүздің ортасында,

Тобықты руының жайлауында.

Мақтанып тауыменен, даласымен,

Шаттанып самалымен, ауасымен!

Тобықты жайлауында жайланып сап,

Әке отырды сөйлесіп баласымен.

Бұлар кімдер? Таниды талайы оны!

Оларға дала алтын сарай еді,

Отырғандар — болыс Құнанбаймен,

Құнанбайдың баласы Абай еді!

(Шыңғыстаудың баурайы. Құнанбай баласы Абаймен әңгіме айтып, сөз арасында шежіресін жаттатып қояды. Киіз үйде шәй басында отырған кездері, сыртта самауыр, жайлау бейнесі, Абайдың әйелі шәй қамымен айран құйып беріп жүреді)

Құнанбай: Олжай деген атаң кім болған?

Абай: Батыр болған!

Құнанбай: Дұрыыыс! Олжай батырдан бері қарай қалай тарайды?

Абай: Олжайдан Айдос, Айдостан Ырғызбай!

Құнанбай: Сосын?

Абай: Ырғызбайдан Өскенбай, Өскенбайдан Құнанбай!

Құнанбай: Әп, бәрекелді! Сайрап тұрған мынау кімнің баласы, ей?

Абай: (мақтанып) Құнанбайдың!

Құнанбай разы болып, күліп жібереді

Абай: Әке! Мен өскесін кім болам?

Құнанбай: Кім болғың келеді?

Абай: Қазақтың бәріне пайдам тисе деймін. Ол үшін сен сияқты болыс болуым керек пе?

Құнанбай: Болыс болу, бай болу – адамның бәріне міндет емес! Адамға пайдам тисін десең, адам әуелі адам болу керек!

Абай: Сонда қалай?

Құнанбай: Балам! Адам болам десең, бес нәрсеге жолама! Өсекке, өтірікке, мақтаншақтыққа! Ысырапшылдық – барыңды, Еріншіктік – бағыңды құртады! Адам болғың келсе, керісінше бес досың болсын! Талаппен дос бол, еңбекпен жолдас бол! Терең ойлана біл! Шүкір мен қанағатты, мерейім мен рақымды ұмытпайтын бол! Сен сонда адам боласың!

Абай: Түсіндім, әке! Айтқаныңызды жадымда сақтап жүрем! Сіздің осы сөзіңізді болашақ ұрпаққа өлеңмен жеткіземін! Әумин деңізші!

Құнанбай: Құдай аузыңа салған болар! Адамның ақыны бол, ақынның адамы бол балам! Әумин!

(Құнанбай мен Абай бет сипайды. Анасы да мәз болып бет сипап тұрады. Күйдің дауысы көтеріледі. Сахна қараңғыланады)

Сахнаға жарық беріледі. Семей. Ахмет Риза медресесі.  Шәкірттерге молда сабақ беріп отыр.

Молда: Жер дүниенің иесі бай мен болыс емес, патша емес! Бәрінің иесі — Алла! Алла – тумаған, өлмеген, мінсіз! Пайғамбарымыз Мұхаммедке Алланың игілігі мен сәлемі болсын! Ол хақ пайғамбар! Сендер соны елге айтыңдар, айтып қана қоймай жүректеріне жеткізіңдер!

Орнынан бозбала Абай тұрады

Абай:

Алла мінсіз, әуелден пайғамбар хақ,

Мүмін болсаң үйреніп, сен де ұқсап бақ!

Құран рас, Алланың сөзі ол дүр,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ!

Мүмин болсаң әуелі иманды бол,

Пендеге иман өзі ашады жол!… – дейсіз ғой ұстаз!

Молда: Дұрыс айттың Абайжан! Дінді өлеңмен сөйлеттің ғой!

Абай: Алланың ілімін жеткізер болса, біздің өлеңде арман бар ма?

Молда: Солай ет, Абайжан солай ет! Мына қазаққа Алланы өлеңмен таныстыр! Сенің қызметің сол болсын!

Осы кезде медресенің ішіне «Ассалаумағалейкүм!» деп, Құнанбай кіріп келеді. Молдаға сәлем береді. Абай да әкесімен амандасады да, шәкірттермен сабақ оқуға кіріседі. Құнанбай мен молда оңаша шығады.

Құнанбай: Молдеке! Аманбысыз!

Молда: Аманбыз, Құнанбай! Аллаға шүкір аманбыз! Төрлет!

Құнанбай: Төрлеттік! Алланың үйі – мұсылман баласының өз үйі ғой!

Молда: Мына Абайың зерек! Алла қаласа, қалың қазаққа Алланың ісләмін жырмен насихаттаймын деп отыр.

Құнанбай: Молдеке… Мен Абайжанды алайын! Әріп таныған, оқыған адамдар елдің де қызметіне керек болып тұр!

Молдеке: Сонда….?

Құнанбай: Иә! Абайжанның атқа мінетін, елдің тізгінін ұстайтын уақыты келді! Сіздің алдыңызды көрген, Алласын таныған бала халыққа да керек! Елдің көзін ашу аз, намысын, арын түгендеуіміз керек молдеке! Ол үшін Абай қажет маған!

Молда: Аллаға сыйынып, ат қондырғалы отыр екенсің ұлыңды! Ниетіңді Құдай берекелі етсін! Абайжан! Жинал! Әкеңе ілес!

Абай орнынан тұрады.

(Сахна қараңғыланады)

Киіз үйдің іші. Төрде ұршық иіріп Ұлжан ана отыр. Үстіне қымбат, зерлі шапан киіп Абай келеді.

Абай: Апа, бола ма?

Ұлжан: Кел, құлыным!

Абай кіріп, анасының жанына отырады

Абай: Апа! Менің ұршық болғым келмейді!

Ұлжан: Түсінбедім!

Абай: Апа! Мен басында ықтияры жоқ, қалай айналдырса, солай айналатын заманның қолындағы ұршық болғым келмейді. Менің жүрегім ұршық емес.

Ұлжан: Иә құлыным! Не дегің келіп тұрғанын түсінген сияқтымын!

Абай: Әрине, түсініп тұрсыз! Дүниеде мына шеннен, мына шапаннан да басқа бақыт бар шығар. Мен шапан іліп, шалқайып жүре беруден шаршадым. (Шапанды шешіп тастайды) Мені өлеңге, қағазым мен қаламыма жіберіңдер?

Ұлжан: Әкең не дейді?

Абай: Әкем қара қазақты сөзбен тоқтатқан Құнанбай емес пе? Менің ақындыққа кетуіме қарсы болмас!

Үйге Құнанбай кіріп келеді.

Құнанбай: Бұл не шу?

Ұлжан: Балаң шен пен шекпеннен шаршапты, болыс мырза! Өлеңіме жібер отыр!

Құнанбай: Сонда мен артқан аманат, ел еткен үміт қайда қалады, Абай? (дауысын көтеріп жібереді)

Абай күліп жібереді. Бірақ шаттанғаннан емес, мысқылмен күледі

Абай:Болыс болдым мінеки,

Бар малымды шығындап,

Түйеде қом, атта жал!

Қалмады елге тығындап,

Сүйтсе-дағы елімді,

Ұстай алмадым мығымдап!

Күштілерім сөз айтса,

Бас изеймін шыбындап,

Әлсіздің сөзін салғыртсып,

Шала ұғамын қырындап….

Мен бұл қызметтен шаршадым, әке!

Құнанбай: Сонда бәрін қойып, өлең жазбақпысың? Өлеңді не үшін, кім үшін жазасың?

Абай:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ, барды ертегіні термек үшін!

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін!

(Осы өлеңді оқып, жайменен жігіт Абай сахнадағы киіз үйдің керегесінің артына қарай кетеді. Сахна қараңғыланады. Керегенің келесі бетіне жарық түседі. Сол беттен жігіт Абай сақалы, шапаны, тақиясы, қолында кітабы ба, әдебиеттің Абайы болып шығады. Қасында досы бар. Фонмен өлеңдер оқиды)

 

Есіңде бар ма жас күнің,

Көкірегің толық, басың бос!

Қайғысыз, қамсыз мас күнің,

Кімді көрсең, бәрі дос!

Махаббат қызық, мал мен бақ,

Көрінуші еді досқа ортақ.

Үміт жақын, көңіл ақ,

Болар ма кері ондай шақ?

Құдай-ау қайда, сол жылдар,

Махаббат, қызық мол жылдар!

(Фон өзгереді. Жолай жігіттер өтіп бара жатады.  Махаббат туралы өлең оқиды. Бұрымды екі қыз иінағаш салып суға бара жатады)

Адам көп дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге бола айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

(Абай осыны айтып тұрып қалады. Сахна қараңғыланады. Абайдың астына постомент қойылады. «Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы» деген жазуы бар. Жарық жағылады. Манағы Абай ескерткіш болып тұрады. Ескерткіштің жанынан сөмке асынған екі бүлдіршін өтіп бара жатады)

Бірінші бала: Бұл – Абай атамыз. Биыл оның туғанына 175 жыл.

Екінші бала: Мен Абайдың өлеңін білемін. Оқып берейін бе?

Бірінші бала: Оқып бер!

Екінші бала:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге!

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз,

Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз,

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ!

Бас дұшпаның білсеңіз!

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым, ойлап қой,

Бес асыл іс көнсеңіз!

ФИНАЛ

Балалар осылай Абай ескерткішінің маңында өлең оқып тұра береді. Сахнаның сыртынан мына өлең оқылады:

Қазақтың өмір сүрген мұңыменен,

Абай мықты басқадан шыныменен.

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Мен Абайды әлі де тірі көрем.

Адам өлер, ал өлең өлмейді ғой,

Абай тірі өлеңі, жырыменен!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.