МУКАНОВА ШАРИПА КУЛИНТАЕВНА
Ақтөбе қаласы , «№8 орта мектеп» КММ-нің
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі,
педагог-зерттеуші
«Сен — менің миымдасың! Білесің, миым жатқа бұйырмасын…». Санадағы сансыз сауалдардың жауабын іздегенде, Мұқағали өлеңдерін еске алып, Абайды парақтаймын. Күндердің зымырауы мен аптаның аптығуы Абайша айтқанда ең болмаса айлық есеп беруге еріксіз жығылтады, демек ойымның сарасы бүгін Абайдың қарасөз қазынасын біраз араламақшы…
Қарасөздің қарымтасы ауыр, түсінігінің өзі оқырман миын әртүрлі шайқайды. Жастар да тілін ауырсынып, көп ретте жаттанды деңгейде ұғынады, оның үстіне «Абайдың тілі күрделі, кез келген адам түсіне бермейді» деген рәуаттаушылар тағы бар, осыған қарап, біз осы қарасөздерді қалай оқытып жүрміз деген сұрақ туады. «Замандасы жоққа амандасатын адам табылмайды» демей ме, жас буынға өз тілімен, өз парқымен ұғындырар сөз бізден шықпаса, кімге өкпелейміз?! Ойтабысып кетудің кілті – тілтабысу деп, көтерген мәселенің дәлелін, пікірін, ұсынымын Абайға баға берген ғұламалардан мысал іздеп әуре болмайын, «…өз сөзім өзімдікі…» дегендей, өз сөзін өзіне жаратайын деп шештім.
Абай қарасөзін өмірінен, халықшыл мінезінен айырып жазу қате болар. Бала күннен дана күндік жолдағы іздер «Абай жолы» романы мен қарасөздерін түйістіріп отырады. Ішкі-сыртқы, қалтарыстағы мәселелер сол жолдағы іздерден табандап көрінеді. Неміс философы Теодор Адорно Освенцим лагерінен кейін өлең жазуға болмайды, қазірде тұрмыста көргенін ғана жазатын жазушылар пайда болғанын айтады, ал Абай – көріпкел, көргенін жазбаған, болашақтың қаруына айналар оқу-ғылымның, қоғам дамуының кеселі – ұрлық, парақорлық, әкімшілік басқарудағы келісімсіз, бітімсіз істерге бас ұрады. Қарасөздеріндегі қайыстырған қалың ойлар бүгін мен болашақтың көзіндей; имандылық, оқу-ғылым, ел басқару, жұмыссыздық, орыс мәдениеті сынды гуманистік идеялардың бірсыпырасын ғана талдап өтейін. Жиырма бесінші сөзінде «…Турасын ойлағанда, балаңа қатын әперме, енші берме, барыңды салсаң да, орыстың ғылымын үйрет! Мына мен айтқан жол – мал аяр жол емес» дегені, өзге елдің жетістігін тілі арқылы үйреніп, еліңе әкел, пайдаңа жарат деп, оқу-ғылымды арттырмақ өзге тілді меңгермекке міндет қылатынын бүгінгі үштілді ұрпаққа түсіну несі қиын?! Құнанбай таққан үшінші мінге «Халық үшін де, өзім үшін де дүниенің ең асылы – білім-өнер. Сол өнер орыста… Жатырқап, қашықтауым надандық болса болар, бірақ қасиет болмас…» деуі жиырма төрт жасар жас Абайдың заман талабын ерте ұққанының жемісі емес пе?!. Бүгінгі жастар да сол қасиетке заманмен бірге келді.
«Қазақ құлшылығым құдайға лайықты болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды қылып, жығылып тұрса болғаны» деп, алла алдындағы парызын саудагерге қарызындай теңгеруін он алтыншы сөзінде ащы мысқылмен жеткізіп, ең бірінші парыз шынайы ниет екенін, оның ішкі жан дүниесінен басталатынын үйретеді. Имандылық бастауының адами қарым-қатынастан, оның ішінде бір-біріне шынайы әңгіме айту, араласу, қасындағы досын асхана мен дәлізге ертіп шығу немесе сабақтан үйге қайту үшін серік қылмауы оқушыға қарапайым мысал бола алады ғой. Сандар ауысқанмен, тіршілік ауыспайды, оларға тек әрекеттер өзгеріс әкеледі, оның да бір нышаны — Абайдың Семейге баласы Әбіш пен оның жұбайы Мағышты Алматыға қызмет жайымен шығарып салуға келген бетінде ескі танысы Федор Ивановичпен ұзақ әңгімелескенінде, аса жұқпалы, қауіпті аурудың Индиядан шығып, Ресейді, Еуропаны, Англияны, Қытайды, Жапонияны, Солтүстік Американы да аралап, індеттің өздеріне де ентелегенін шағына айтты. Халық шоғыры көп орындарда мұны елемей, өлім-жітімнің дендегенін, халыққа сөзі өтер басушының керектігімен Абайға ой тастаған еді. «Қазақтың шын сөзге нанбай, құлақ та қоймай, тыңдауға да қолы тимей, пәлелі сөзге, өтірікке сүттей ұйып, бар шаруасы судай ақса да, соны әбден естіп, ұқпай кетпейтұғыны қалай?» деп, қырқыншы сөзінде зейіннің бұзылуымен байланыстырады. Ілгерідегі мысал Семейдегі шаруалардың көзбен көргенге емес, жел сөзге еріп, ауру ошағын кеңейткенін осы қарасөзге мысал етуге болады. Тап осының көрінісі бүгін де жылт етіп жатқан жоқ па? Бұдан да өзге зейіннің тұрақсыздығы мен беріктігіне мысал қарасөздерінде жетерлік.
Кәсіппен дос болуды екінші сөзінде сауда жасаған ноғайға, егін еккен орысқа сырттай күлген ұлтының еңбек қылып, алға шыққанды етектен алып, соңында құр мақтанға салынғанын шенейді. Артық қуанудың мақтанға айналатынына осы ретте мысал келтіре кетсем, жиырма алтыншы сөзінде қуану шегінің залалы өзгені ызаландырмаққа, қызғандырмаққа әкелерін меңзейді. «Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, күреске түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады» дейді, шынында, 50 оқушы қатысқан байқау мен 500 оқушы қатысқан байқау жеңімпазы қуанышының айырмасы барын шәкірт қалай түсінсе, бұл қарасөзді де сол мысал арқылы түсінер еді ғой, содан қуанышты сабырмен қабылдауды үйренеді. Менің ойымша, оқушылар қазіргі «лайк» басу сол заманның «айтақ» сөзі дегенді өздері-ақ айтар еді, бағбандығы, не бапкерлігі, құсбегілігі жоқ, тек көптің күмпуімен дем беретіндер, «лайк» басу деген де соның кебі, тамырлас, тумалас болып, виртуалды айтақтап, соңында бұл да құр мақтанға әкеледі. Міне, тағы бір Абай тәлімінің мәні қоғам тілімен ашылды.
Рухани аштық, түзу ойға ниет жоқ. Сегізінші сөзінде бірі – болыс, бірі – би болсам, айналасы ұрлық-қарлық, сұм-сұрқия, малдан басқаны қымбат демейтін сиықты әшкерелейді. Оқушының табиғатына жеткізу үшін мына мысал жақын-ау, аштықты екі түрге бөлейік: жан және тән аштығы. Тәні ашыққан адам алдына келген асты қалай еш әдепсіз, жан-жағына қарауға шамасы келмей асаса, тәні аш адам да ұятты көзден именбей, «алдына келгенді тістеп, арттан келгенді теуіп», әдептен озады, екі бейне де сырт көзге оғаш, аянышты, күлкілі, аш адамның кейпін әкеледі, ең жаманы – осы. Алайда, қарын бірде аш, бірде тоқ, орны толып отырады, ал жанды тойдыру — ұзақ процесс.
Қарасөз – сөз кісені, оқығанның аяңы мен шабысын ой кісендейді, ойы өзгереді, мархабаты сол, қарасөздерінің әрбіреуі бірнеше тақырыпты қамтып келіп, рухани бағытқа ой түйгізеді, тек оқуға жұмылдырсақ болғаны. Мына сөзінде халық пен билік арасындағы жалғанған мақтанды паш етеді. «…Бұл күндегіге байлық та мақтан емес, ақыл, абырой да мақтан емес, арыз бере білу, алдай білу — мақтан» деген қырық екінші сөзіндегі менің түсінуімше, тұздығы мол, қандай көреген, батыл сөздер! Жастың жадына сиятын детальдар болғанымен, санасына сіңуіне сәл нұсқау жасасақ болғаны, ол үшін басында атап кеткен «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы» деген кіріспесіне сүйенейік. Өзгелер кәсіп жасаса, оларды бейсауат сөз етіп, мал табуға пысық емес, пәле шығаруға пысықтығын «арыз беруді мақтан етеді» деуімен байланыстырсақ, бай-басшының ақыл сұраған қулары айналасындағылардан «жүз пайыз» сақтандырып, сенімсіз қылып қояды да, өзі айлалы ақылды болып, «алдай білуді неге мақтан етуін» сондай басшыны жығылдырып алуымен мақтануын жеткізсек болар еді. Сосын жас буын өз қоғамынан сондай характерлерді ойша сүзіп шығады да, «қандай болуым керек» міндетті түрде деп түйін шығарады. Абай қарасөздеріне бүгінгіден мысал іздедім — таптым, қондырғандай болдым, ақ қағаз бен қара сияны біраз шимайладым – ендігісін келесіге қалдырайын.
ХХІ ғасырды техникалық заман десек те, кез келген жетістік пен жету жолындағы проблемалардың бәрі насихатты қажет етеді, жоғарыдан келген ақпарат әлеуметтік желілер арқылы жылдам тарағанымен, біраз талқының астарында(краудсорсинг) қалады, сондықтан мен гуманитарлық қоғам деп ойлаймын. Бүгінде өзін «ұлыға» санайтын, әлеуметтік желідегі «пәлсапашылардың» дені әр сөздің жеті атасын қарасөздің қамбасынан тасиды. Меніңше, қарасөз керуені ұзақ сапарға аттанбақ, себебі ақын поэзиясын ұластырып арнайтын ақындар табылғанмен, ерекше жанрда ізбасар болар абайлықтар шығатынына күмәнім бар, одан да барды көздің қарашығындай сақтап, оқылымын арттыру керек.
Әлеуметтік желі демекші, Абайдың 175 жылдық мерейтойына байланысты, қашықтан жұмыс жасау режимін ұтымды пайдалану мақсатымен Абай қарасөздерін әлеуметтік парақшаларымда белсенді насихаттап, «лайк» емес, лайықты пікірлерді өз ортамнан, шәкірттерімнен алып та жүрмін. Түсінгенім, жастар өткір болжам мен батыл ұстанымға келуден сақтанады, көп ойланады, бірақ Абай армандаған ғылымға ғана сенеді, соның өзі көңіл тойдырады.
Абай қазақ бұқарасы үшін жетітүнде адастырмас темірқазық іспетті, сондықтан қарасөздердің қайырымы баршаға шапағат әкелсін, жастар игілігіне жарасын. Абай әр күнімнің әр қадамында менің миымда тұрады, қазақта болғаны үшін шаттанамын, қуанамын, риза боламын, абайшылдар көп болсын деймін. Ұрпағының мәңгілік тақырыбына айналған Абай – мен үшін тек қазақтың данышпан ұлы ғана емес, киелі қазақ жерінің төріне ілінген дария кілеміндей. Бұл маған берілген талапқа сыйдырып жаза алған тұңғиық ғұмырға шолу ғана, хакімнің түбегейлі болмысын мұнда жазарға уақыт бәрібір сыйдырмайды…