Home » Айтарым бар » Сурет — көзбен көретін поэзия. Қысқы пейзаж.

Сурет — көзбен көретін поэзия. Қысқы пейзаж.

Кожантаев Туленди Шакибаевич
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің
«№1 өнер мектебі» МКҚК,
Бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі.

Сабақтың тақырыбы: Сурет — көзбен көретін поэзия. Қысқы пейзаж.

Сабақтың түрі: Кескіндеме

Сабақтың мақсаты мен міндеттері: Оқушыларды бейнелеу өнерінің табиғат жанрымен таныстыру және тақырыпты өлеңмен байланыстыра отырып, суретшілік өнерге баулу арқылы олардың қызығушылығын арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыта түсу.

  • Тақырыптық композицияда сюжет құрастырып үйрену;
  • Акварель техникасын меңгеруге және түстік шешім арқылы кеңістікті көрсете білуге үйрену;
  • Қысқы пейзаж этюдін орындау.

Құралдар мен материалдар және көрнекіліктер: суретшілердің шығармаларынан репродукциялар; мұғалімнің шығармашылық жұмысынан көрнекілік суреттер; слайдтар; пішімі А4 қағаздар; акварель бояулары; қылқаламдар; палитра және ыдыс; жасырғыш сұйық; балауыз қарындаштар; қағаз скочь; мольберттер және т.б.

Сабақтың құрылымы: 1. Кіріспе  – 5 мин.

  1. Жаңа тақырыпты түсіндіру – 10 мин.
  2. Оқушылардың практикалық жұмысы – 20 мин.
  3. Қорытынды: а) бағалау; б) үй тапсырмасы — 5 мин.

Сабаққа кіріспе: Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы: «Сурет — көзбен көретін поэзия, Қысқы пейзаж», ал бейнелеу өнерінің түрі: кескіндеме. Кескіндемені бейнелеу өнерінің төресі атайды. Леонардо да Винчидің мынадай сөзі бар: «Өлең – құлақпен еститін сурет, сурет – көзбен көретін поэзия». Сондықтан бүгінгі сабақты Абайдың өлеңдерімен байланыстырғым келіп отыр. Сендердің ақын өлеңдерімен таныс екендеріңді білемін. Биыл қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толды. Осыған орай өздеріңіз сияқты оқушы Ләйлім Рысқали  Абай өлеңдерін оқудан эстафета жариялап кезекті Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевқа жолдағаны белгілі, ал оны Президент қабылдап, эстафетаны әйгілі жас әнші Димашқа жолдаған болатын болатын. Осылай Абай өлеңдерін оқудың челендж эстафетасы елімізде дәстүрге айналып және шет елге де кең таралып жатыр. Мен сендерге Абайдың «Қыс» тақырыбындағы өлеңін мәнерлеп оқып берейін:

Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,

Соқыр, мылқау, танымас тірі жанды.

Үсті-басы ақ қырау,түсі суық,

Басқан жері сықырлап, келіп қалды.

Дем алысы – үскірік, аяз бен қар,

Кәрі құдаң – қыс келіп әлек салды.

Ұшпадай бөркін киген оқшырайтып,

Аязбенен қызарып ажарланды.

Бұлттай қасы жауып екі көзін,

Басын сіліксе, қар жауып, мазаңды алды.

Борандай бұрқ-сарқ етіп долданғанда

Алты қанат ақ орда үй шайқалды.

Әуес көріп жүгірген жас балалар

Беті-қолы домбығып, үсік шалды.

Шидем мен тон қабаттап киген малшы

Бет қарауға шыдамай теріс айналды….

Осы өлеңді оқыған кезде көз алдымызға қыстың қатаң табиғаты, тамаша суреттері елестейді. Өлеңде ақынның өмір сүрген уақыты суреттелсе де қысқы табиғат құбылысына тән көріністер шынайы берілген. Абайдың өлеңдерінің өн бойы тұнып тұрған тамаша суреттермен қатар, ешқашан да құнын жоймайтын даналық ойлар.

  1. Жаңа тақырыпты түсіндіру. Пейзаж жанрында картиналар жазған суретшілер көп. Бүгін қазақ суретшісі Садырбаев Есенғали Кебекбайұлының шығармашылығымен танысамыз.

1965 ж.т., Алматы облысы, Сарканд ауданы, Бақалы жерінде дүниеге келген. 1985 жылы Н.В. Гоголь ат. Алма-Ата Көркемсурет училищесін аяқтаған. 1995 жылы Абай ат. Қазақ Мемлекеттік Педагогикалық институтын аяқтады. 2009 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Кескіндемеші.
Негізгі жұмыстары: «Қақпан қойған аңшылық» (к.м.б., 140х270, 2012). «Үйрек аулау» (к.м.б., 60х120, 2011). «Керуен-сарайда. Тараз» (к.м.б., 50х100, 2010). «Ауылда түс ауған шақта» (к.м.б., 40х60, 2011) және т.б.

Суретші Есенғали Садырбаев өзінің шығармаларында дала табиғатындағы  қазақтардың романтикалық өмірін және саятшылық өнерін бейнелейді.

Суретші картиналарын тамашалай отырып, ақын Абайдың табиғат лирикасындағы суреттерді көргендей боламыз.

Оқушылар, сендерге үйге тапсырма ретінде қысқы пейзаж көрінісіне шағын эскиз жасап келуді берген болатынмын. Ендеше, қысқы табиғат көрінісінің түстік реңдерін анықтасақ бірыңғай салқын түстер: көк, көгілдір, күлгін және сұрғылт түстерді құрайтынын ескеріп эскиздеріңе қарап немесе Абай өлеңінің мазмұны бойынша қысқы пейзаж этюдін орындаймыз. Акварель бояуымен жұмыс істегенде ақшыл дақтарды сақтап қалу үшін балауыз қарындаштарды немесе жасырғыш сұйықты пайдаланамыз. Табиғат көрінісіндегі кеңістікті көрсету үшін пландарға бөліп қарастырамыз: артқы план – бұлыңғыр, екінші пландағы заттарды анық және жарық-көлеңкелі етіп ал, алдыңғы пландағы заттарды анық әрі нақты детальды етіп бейнелеу қажет. Мұғалім оқушыларға қысқа мерзімді этюд жазып көрсетеді.

  1. Оқушылардың практикалық жұмысы. Оқушылардың практикалық жұмысын ұйымдастыру және жұмыс барысын қадағалау. Этюд оқушылардың өздері кыс тақырыбына дайындап келген эскиздері бойынша немесе Абай өлеңдерінің мазмұнына байланысты пішімі А4 қағазға орындалады. Этюдті орындау кезеңдері: 1. Қағаз бетіне суретті акварель қарындаштармен саламыз немесе бірден балауыз қарындаштарды пайдаланып орындаймыз және ақшыл дақтарды жасырғыш сұйықпен сақтауды ескереміз. 2. Артқы планнан бастап акварель бояуымен жаза бастаймыз. Қағаз бетін реңдерді ескере отырып түгел бояу қабатымен жауып шығамыз. 3. Суреттің бояуын әбден кептіріп алып, жасырғыш сұйықтың қабатын саусақпен уқалап алып тастаймыз. 4. Алдыңғы планды және композиция орталығын анықтап жазамыз.
  2. Қорытынды: а) бағалау; б) үй тапсырмасы: Абайдың табиғат лирикасы тақырыбындағы өлеңдерін оқып, бір өлеңінің мазмұны бойынша эскиз салып келу.

 

Қысқы пейзаж этюді
Есенғали Садырбаев. «Бүркітші»

 

Абайдың «Қыс» өлеңіне иллюстрация

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.