Home » "Абай 175 жыл" - мектептер » АДАЛ ЕҢБЕК-АБАЙ АМАНАТЫ

АДАЛ ЕҢБЕК-АБАЙ АМАНАТЫ

Казезова Майра Рамазанқызы
«Амандық орта мектебі» КММ
 қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Тайынша ауданы СҚО
педагог-зерттеуші

 

«Абай- өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы»
Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Ұлтымыздың ұлы тұлғасы, қазақтың кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлы   айналасына үлгі-өнеге шашқан дара, дана тәлімгер.Сондай үлгі өнегенің бір парасы еңбек пен оның қадір-қасиетіне арналады. Абай айтқан бес асыл істің бірі – еңбек. Абай шығармаларындағы еңбек тақырыбы – шексіз зор, айта берсе сөз таусылмайды, зерттей берсе саф алтындай жарқырап, не бір інжу-маржандар алдымыздан шыға бермек. Бүкіл байлықтың, ен дәулеттің, сән мен салтанаттың бастау көзі болып табылатын  еңбектің қадір-қасиетіне жету, оның құндылығын зерделеу – бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі.   Ұлы ақын елді ел, адамды адам ететін тек еңбек деп біледі. «Адамзаттың Абайы» атанған Абай қалың елі, қазағын тіршілік қарекетін жасап, адал еңбек етуге шақырудан танбайды. «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа» дейтін өлеңінде «Еңбекті сат, ар сатып неге керек? деп, тереңнен толғаса, тағы бірде:

Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді  алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап, – деген өлеңінде «Еңбегі мен ақылын» тең ұстай білетін адам ғана кездескен қиындықтарды еңсеріп, тынымсыз еңбек пен мехнат шегу   арқылы биік дәрежеге қол жеткізе алатынын айтады.

Көптеген елдердің шаруашылықты ұйымдастыруда қазақтарға қарағанда шырқап алға түсіп кеткенін аңдаған Абай, еңбектің жаңа түрінің, баянды түрінің соны жолдарын терең түсіне білгенсарабдал жан. Қашанда туған халқының алдында жүретін хакім тіршіліктің қолайлы, оңтайлы жолын ұсынғаны  әйгілі «Түбінде баянды еңбек  егін салған»,  «Сегіз аяқ» өлеңдерінде айқын көрінеді:

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде;

Адал бол – бай тап.

Адам бол – мал тап,

Қуансаң – қуан сол кезде.

Бұл – артық-кемі жоқ  Абайдың қазаққа салып берген ел болудың, кәсіп игеріп, харекет жасаудың тың жолы.Адамзат қоғамындағы өмірді жаңғыртып, жақсартатын, тұрмысты түрлендіріп мәнді де сәнді қылатын құдіретті күш – кәсіпкерлік екенін Абай жақсы білген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің»Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» аттымақаласында Абайды «өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы» деп сипаттайды: «Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады»деп тұжырымдай келе, әрі адамшылықтың, әрі ақиқаттың жолы – Абай жолы, Абай өнегесі екеніндөп басып айтады.

Қазіргі таңда да Абай қазақ руханиятының сахнасынан түспек емес. Қайта күннен-күнге Абайға деген сұраныс өсіп келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.  Өйткені, өскелең ұрпақты тәрбиелеу — Абай өнегесі мен ілімі арқылы жүзеге асатыны хақ.

Абайдың өзі де халықтың болашағы жастардың қолында деп білді. Өз өлеңдерініңде көбін жас буынға арнады. «Талапты ерге нұр жауар», «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей», «Әуелі өнер ізделік қолдан келсе, ең болмаса еңбекпен мал табалық» деп өнер іздеуге, адал еңбек етуге шақырады.

Абай: «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар. Содан қашпақ керек: әуелі – надандық, екіншісі – еріншектік, үшіншісі- залымдық».

Еріншектік–күллі дүниедегі өнердің дұшпаны. Талапсыздық, жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік – бәрі осыдан шығады. Еңбектің қас жауы, адамды табысқа жеткізбей, желкесінен тартып   жібермейтін рухани кеселдің бірі– Абай  айтқан «күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсенің» ең бастысы -еріншектік немесе жалқаулық.

Кедейліктен құтылудың жолын сілтеген ғұлама кәсіп үйренуге, харекет жасап,  «Жат жерге кет,жалға жүр» деп мал табуға, «Малың болса, сыйламай тұра алмас ел» деп адал еңбек етуге үндейді. Ал, мал табу– адамнан тәуекелді, табандылықты, еңбексүйгіштікті талап етері анық.

Абайдың еңбек турасында айтқан ой толғамдарын Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз мақаласында: «Абай мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған»  деп қорытындылайды.

Өзін-өзі жеңіп, Абайша айтсақ, бойын жеңіп, өзін-өзі ұйымдастырып еңбек ете білген адам ғана толықтыққа, түгелдікке, табысқа жете алады.

Ендеше, «Еңбектің көзін тапқан, Байлықтың өзін табады» деген бабалар өсиетін темірқазық етіп ұстанып, өскелең ұрпақты, тіпті ең алдымен өзімізді тәрбиелесек, еліміздің еңсесі биік, керегесі кең, іргетасы мықты боларына сенімім мол.

Дара да, дана ақынның асыл мұрасынан сусындаған адам жаманнан жиреніп, өтірік, ұрлық, бекер мал шашпақ сияқты ұятты істерден бойын аулақ ұстары сөзсіз.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.