Дадашева Гүлстан Рысбекқызы
Түркістан облысы
Созақ ауданы
Шолаққорған ауылы
Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта
Мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі, педагог-зерттеуші
Мақсаты: Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл-мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін мәнерлеп айтуға тарту. Көркем сөйлеуге, шығармашылыққа баулу.
Көрнекіліктер: «Абай 175 жыл» баннері, слайдтар мен бейнебаяндар, шар, эпиграф жазылған плакаттар, кітап көрмесі.
Ең бірінші сахналық қойылым көрсетіледі.
Көрініс (Адамзаттың Абайы)
1-көрініс: Абайдың дүниеге келуі;
2-көрініс: Құнанбайдың Абайдан үміт етуі;
3-көрініс: Бала Абайдың Бөжей ақсақалға жолығуы;
4-көрініс: Ескі бидің халық өмірімен әдет-ғұрпын жетік білетін, оның үстіне шығыс пен батыс ілімінен мол хабары бар Абайдың дау-шарларда сөзден тосылуы;
5-көрініс: Абайдың әкесі таққан үш мінге ұтымды жауап беруі;
6-көрініс: Ел тентектерінің Абай алдына ұрлықпен барып көп сабақ алған кездерін әңгімелеуі;
7-көрініс: Болыс Абайдың үстінен арыздар жазылып, Осы арыздар бойынша Абай Семей қаласында 12 іс бойынша тергеуге түсіп қамауға алынуы ( қойылым соңында Абай «Қалың елім қазағым қайран жұртым» өлеңін тебірене оқиды.)
8-көрініс: Абайға қаскөйлік ұйымдастырушылардың Абай тілеулесі Әлімхан ақсақалдың алдында әңгіме құруы;
9-көрініс: Атастырған жеріне риза болмай Олжабай деген жігітпен қашып кетпекші болып қолға түскен Қадиша деген қызға араша түсуі;
10-көрініс: Көшбике жайлауындағы болыс сайлауы кезіндегі орын алған Абайға қол көтеру оқиғасын естіп, Абайға сермелген таяқты, көтерілген қолды өзіне тиген соққыдай қабылдаған Найман руының жігіттерінің Абайдан бұйрық сұрау сәті;
11-көрініс: 1903 жылы отарлаушылар ақынның Жидебайдағы үйіне тінту жасау сәті және 1904 жылы балашақбақ жайлауында Абай ауыр науқастан төсек тартып жатқанда ағасы Тәкежан келіп бақұл айтқан сәті;
13-көрініс: Абайдың дүние салуы.
Автор: Абай Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы ашық майданға шыға алмады. Дегенмен ақын өзінің жүрек қанымен жазған өлеңдері мен қарасөздері арқылы қазақ халқының ел болуына ұлт болып ұйысуына тәуелсіз мемлекет құруына оның болашақта өркендеуіне дамуына гүлденуіне мәңгілік қызметететін өміршең бағдарлама жасады. Данышпан ойшылдың осынау арманы мен мақсатты мұратын ел бағына туған Алаш орда көсемдері өздерінің қоғамдық саяси рухани әлеуметтік күресіне жолбасшы етіп, тәуелсіздікке бастайтын нысана етті.
Фанфар беріледі, сахнаға жүргізушілер шығады.
1-жүргізуші: Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,
Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!
Ол өткен заманның, кешегі түркі дүниесінің соққан тынысы болса да бізге түсінікті, жүрегімізге қонымды Абай – лебі, Абай – үні, ана тынысы – заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді.
2-жүргізуші: Құрметті қонақтар, ұстаздар, оқушылар! Қазақтың бір туар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік, адамзаттың өркениет дамуындағы ірі тұлғасы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына арналған «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты әдеби сазды кешімізге қош келдіңіздер!
1-жүргізуші: Жүрегін шырақ етіп жандырған,
Жырымен жан сусынын қандырған.
Өзіне – өзі орнатып ескерткішті,
Мұра қып, кейінгіге қалдырған.
2-жүргізуші:Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өскен,
Үнінен әділдіктің лебі ескен
Досқа адам, дұшпанға тас түйіліп,
Білім үшін қам жеумен өліп-өшкен. Ия Абай атамыз болашақ жастардың өнер-білім үйренуіне көп күш жұмсаған жан. Ендеше Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған презентациялық таныстырылымға кезек берелік. Ортаға 10-сынып оқушысы Жұмаділда Айдананы және жас ізденімпаз оқушымыз 2-сынып оқушысы Нұржан Ерасыл Дарханұлын шақырамыз.
1-жүргізуші: Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы.
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп.
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы – деп Абай атамыздың өзі айтқандай, кезекті көркемсөз шеберлеріне берейік. Ортаға 5-сынып оқушыларын шақырайық. Имамусаина Інжу, Абулакимова Аяна, Рахаш Гүлсезім, Жексенбек Нұрай
2-жүргізуші: Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй- дейді Абай атамыз. Ендеше кезекті әсем әнге берейік. Ортаға 9-сынып оқушысы Беласар Сұңғатты шақырамыз. Абайдың әні «Көзімнің қарасы»
1-жүргізуші: Абай өлеңдері әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Ендеше өзге тілге аударылған Абай өлеңдеріне кезек берелік. Ортаға Жексенбек Нұрай мен Алтынбекова Муминаны шақырамыз.
Абайдың әні «Сегізаяқ» орындайтын Шәмшатұлы Бейбарыс
2-жүргізуші: Абайдың табиғат лирикасы кең көлемді мол қазына; биігі бітпес, тереңі таусылмас сырлы мұра. Ендеше, Абайдың табиғат лирикасына кезек берелік. Ортаға 6-сынып оқушыларын шақырамыз. Ізбасар Аманбала, Есен Айдана, Әбдіқұл Ғажап, Жаңабек Динара
Абайдың күйі «Торжорға» орындайтын Ергешбай Іңкәр
1-жүргізуші: Ұлы ақын, ағартушы Абай музыка саласында да үлкен мұра қалдырды. Өзінің асыл өлеңдерін, қара сөздерін қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат етіп жазып қалдырды. Абай қарасөздері ғибратқа толы мол қазына. Ендеше Абайдың қарасөздеріне кезек берелік. Ортаға Ұласбек Фараби мен Паридинов Ерланды шақырайық.
2-жүргізуші: Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірде бар қызығың өлеңменен,
Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең- деп Абай атамыз айтқандай келесі кезекті тағы да қара өлеңге берсек. Ортаға 9-8-сынып оқушыларын шақырайық. Өміртай Аружан, Қожатай Жазира, Ердебай Тоғжан, Есенгелді Дильназ, Ілияс Аружан, Тиышбай Мерей
1-жүргізуші: Ақын да, ғұлама Абай аталарына жыр арнамаған ақын кемде кем шығар. Біздің мектептің жас ақындары да ақын аталарының ізін жалғап Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнау арнаған екен. Ендеше ортаға өз шығармашылығымен Әли Мерей мен Құлмахамбет Зейнепті, Төлеген Аяулым мен мектебіміздің жас ақыны Амангелді Аяулымды шақырайық.
2-жүргізуші: Абай Құнанбайұлы өз шығармаларына батыс ойшылдарымен қоса, орыстың ұлы ақыны Пушкиннің де шығармаларын арқау етті, Пушкин шығармаларынан да нәр алды. Бірақ екі ұлттың жүрегіндей болған ұлы тұлғалары екеуі екі бөлек ғасырда ғұмыр кешкен еді. Егер екі ұлы тұлға бір-бірімен кездесе қалса не жайында сөйлесер еді. Елестетейік. Абай мен Пушкиннің кездесуі.
1-жүргізуші: Ортаға мектебіміздің шығармашыл ұстазы Раиса Әлиқызын өз шәкірттерімен ортаға шақырамыз. Мырзахан Есімхан, Абдіқадір Абжан, Досымбек Сабина, Сейітахмет Аян, Шамиль Дария. Ізбасар Аяулым
2-жүргізуші: Біз Абайды тек ақын, аудармашы ғана емес, сазгер ретінде де танимыз. Абай әндері қазақтың басқа да ән-күйлері сияқты, ауыздан-ауызға, заманнан-заманға ауыса отырып жетті. Музыка саласында жазба мәдениеттің болмауына қарамастан, Абай әндерінің бізге толық жеткен себебі – олардың халықтың жүрегінде сақталуға сапасы сай келетін шығармалар болғандығында, халық санасынан өшпес орын алғандығында. Абай әндерінің өзгешелігі – мелодиялық, ырғақтық жақтарындағы жаңалықтарында, идеялық мазмұнының ашықтығында болды.
Ендеше Абайдың әсем әніне құлақ түрелік. Ортаға «Маржан» хор ұжымын шақырамыз. Абайдың әні «Желсіз түнде жарық ай»
1-жүргізуші: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз. Абай әрқашан біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс», – дейді Еліміздің алғаш президенті Н. Ә. Назарбаев.
– Орыстар үшін – Пушкин, ағылшындар үшін – Шекспир, грузиндер үшін – Руставели қандай ұлы құбылыс болса, қазақтар үшін Абай да сондай теңдессіз құбылыс (К. Кулиев).
2-жүргізуші: Абай Құнанбаев қазақ әдебиеті поэзиясындағы шоқтығы биік, дара да, дана тұлға. Абай қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа сапаға жетуіне орасан зор еңбек етті. Ақын жас ұрпаққа терең ойға толы алуан өлеңдер үлгісін қалдырды. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай дайындалған «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған» атты әдеби сазды кешті көріп тамашалағандарыңызға алғысымыз мол. Қатысушыларға үлкен рахмет айта отырып, кешімізді қорытындылау үшін мектеп директоры Мәлікайдаров Серғали Өмірзақұлына сөз кезегін ұсынамыз.