БЕГЕЛЬДИЕВА ТОЛКЫНАЙ ОЛЖАБАЕВНА
Қарағанды облысы,
Шет ауданы,
Ақсу-Аюлы ауылы.
«Ж.Ақылбаев атындағы эксперименталдық мектеп-гимназия
базасындағы тірек мектебі (ресурстық орталық)» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-модератор
Ұлы ақын, ағартушы, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, еліміздің тарихына мол мұра қалдырған Абай Құнанбайұлының туғанына- 175 жыл.
Жүрегімізге қонымды Абай –лебі, Абай — үні, ана тынысы — заман тынысы, халық үні. Абайдың жарқын бейнесі, жалынды жыры бізбен бірге мәңгі жасап келеді және мәңгі жасай бермек. Барша қазақ халқы үшін әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, дана, дара тұлға Абай деп айтсақ қателескеніміз емес. Ол өзінің құдіретті талантымен, көреген ойшылдығымен, ой ұшқырлығымен қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін салып қана қоймай, сонымен қатар өзінің қаламгерлік қуатымен бүкіл қазақ қоғамын тәрбиелеген, жақсылыққа жол сілтеуші ұлы қайраткер, адалдықты, шындықты ту етіп көтерген нағыз халық қамқоршысы бола білді және мол мұрасын қалдырды. Абай – қазақ халқының ар-ожданы, ұлттық мақтанышы және намысы. Себебі, қазақтың ұлттық санасын оятқан және оны қалыптастырған дара тұлға.
«Балаларды ата-аналарынан алып, мектепке беру керек, олардың біразын мамандықтың бір түрін, біразын басқа мамандықтарды игеруге бағыттау керек. Мектептерді көбейту қажет, оларда тіпті қыздар да оқитын болсын» деп халықты бақытты болашаққа бастар жолды іздеді. Жастардың бойындағы кеселді кемістіктерді, арсыздық пен ұятсыздықты, дөрекі надандықты тәрбие және білім беру арқылы жоюға үндеді. Ақын ол үшін қазақ балаларын оқытатын мектептерді көптеп салуды жақтады. Әркімді өзінің өткен әр күніне міндетті түрде есеп беріп отыруға, келер ұрпақты парасаттылыққа шақырды.
Абаймен қазақ келбеті қалыптасты, ұлттың ой-санасы жаңа өріске көтеріліп, дамудың даңғыл жолына шықты. Абай өсиеті елдің ұранына айналды десек те болады. Дегенмен, абайтану ілімі қалыптасып қаншама еңбектер жазылғанымен Абай әлемін зерттеп, ақын мұрасына бойлай ену тоқталар емес. Себебі, ұлыдан туған өміршең туындылар бүгінгі жаңа заманда жаңсаша қырынан танылып, ұрпақ игілігіне қызмет етуде. Кешегі аға буынның Абай мұраларына деген көзқарасы бүгінгі жастардың көзқарастарымен салыстырғанда да мүлдем өзгеше деуімізге болады. Абай мұраларының қайсысын алсақ та, қазақ ауыз әдебиетімен астасып жатады. Ал ауыз әдебиет қай халықтың болмасын ұлттық келбеті, таным-түсінігінің, ой-санасының көрінісі. Абайдың оқу-білімге шақырған адамның асыл қасиеттерін әсбеттеуге арналған, қоғам мінін сынға алып, ашы мысқалмен сынаған еңбектерінен бөлек, «Қаптаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңін оқысақ, қазақ қызының келбеті көз алдымызға елестейді. Биязы қыздың келбетін көркем тілмен суреттей отырып, қызға құмартқан жігітке былайша ой салады:
Орынды іске жүріп, ой таппаған,
Ең болмаса жұмыс қып мал бақпаған.
Қасиетті болмайды ондай жігіт
Әншейін құр бекерге бұлғақтаған.
Бұл айтылған Абайдың өсиеті халықтың «Ердің атын еңбек шығарады» мақалымен астарласып жататыны аңғарылады. Әсем қазақ қызының ақын «Білектей арқасында өрген бұрым» атты өлеңінде де ерекше суреттейді. Оқушының көз алдына қазақ қызының көркем келбетін келтіреді. Ал «Ескілік киім» атты өлеңінде қазақ киім үлгісін сөзбен суреттеп береді. Бұл оқушыға қазақ тұрмысынан сыр шертеді. Сонымен қатар жалпы жігіттікті, бозбалалықты сынға алғанда Абай сөзі әркезде ұлттық салт-санамен астарласып жататынын аңғарамыз. Ал мына өлеңінде:
«Айттым сәлем Қаламқас
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзден ыстық жас» — деп сырлы сұлу қыз бен жігіт арасындағы сезімді суреттей отырып, адалдықты, сөзге беріктікті жеткізетін. Бұны Абайдың «Қиыстырып мақтайсыз», «Қызарып, сұрланып», «Көзімнің қарасы» т.б. өлеңдерінен де көруімізге болады. Ауыз әдебиетіміздегі лиро-эпостық жырларда айтылатын адал махаббаттың айшықты көрінісі ісбеттес болып келеді. Сонымен қатар бұл өлеңдерден ұрпақты адалдыққа, сұлулыққа, тазалыққа тәрбиелеген ұлт ұлағатымен сабақтасып жататынын аңғарамыз. Әлемдік озық ой әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған Абай ақынының асыл мұрасы осылайша тұнып тұрған тәрбиенің, білімнің, адамгершілікке, адалдыққа баулудың кәусар бұлағы екенін аңғарамыз. Әлем таныған Абайдың мұрасын бүгінгі ұрпақ бойына сіңірсе, еліміз өркендеудің көшінде алдыңғы қатардан танылатыны сөзсіз.
Ұлы ақынның қара сөздерінің өзі керемет туынды. Ерекше мәні мен мазмұны зор. Бірінші қара сөзінде алдағы өмірінде нені кәсіп қылып, қайтіп өткізетіні жайлы талқылап, жазған. Ел бағу, мал бағу, ғылым бағу, софылық қылып дін бағу, балаларды бағу — қажып, жер ортасы жасқа келгенде бұлардың ешбірін кәсіп қылғысы келмеді. Осы уақытқа дейін қылып жүрген істерінің байлаусызын, баянсызын, барлығының қоршылық екенін атап көрсетеді. Сонымен қатар ойына келген нәрселерді қағазға жазып, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылуды жөн көреді: «Кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ»,- деп ойын түйіндейді. Барлық қара сөздерін алып қарасақ та, жаман қасиеттерден арылып, жақсылыққа, игі істерге шақырады. Ақыл жүрек қайрат үшеуін бірге ұстап Абай атамыздың нұсқауымен жүрсек келешегіміз жарқын, болшағымыз баянды болары сөзсіз!