Home » "Абай 175 жыл" - мектептер » Абайды білмек парыз ойлы жасқа

Абайды білмек парыз ойлы жасқа

Багзи Гулбазар
Нұр-Сұлтан қаласы
№78 мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің
мұғалімі

 

Мақсаты: Абай шығармашылығын дамыту, эстетикалық тәрбие беру, өнерге баулу, ата-баба мұраларын қастерлеуге тәрбиелеу, оны зерттеу.

Ресурстар: Абай әндері, Абай әндеріне жазылған суреттер, Абайдың музыкалық шығармашылығын зерттеп жүрген ғалымдар, жазушылардың суреттері, Абай әндерінің тізімі.

ИНТЕРТАҚТАДА АБАЙДЫҢ:

  1. «Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең»,- деген өлең жолдары және өнертану ғылымның докторы, профессор В.П.Дернованың «Абай әндері қазақ халқының мәдени даму жолында зор прогрессивтік рөл атқарады» деген сөздері жазылған көрнекілік.

2.Абайдың, Шәкәрімнің, Ақылбайдың, Әбіштің (Әбдірахманның), М.Әуезовтың суреттері.

3.Домбыра, Абайдың ән шығармашылығы жөнінде жазылған еңбектері.

Сабақтың түрі: дөңгелек үстел басындағы кездесу.

Қатысушылар: сазгер, өнертанушы, әдеби сыншы, абайтанушы, әншілер, ақын, жетекші.

Сабақтың әдісі: Сұрақ-жауап, пікір алмасу, әңгімелесу.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым -Жомарт Тоқаев Кемелұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық  мерейтойын мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын. Аталған құжатқа сәйкес, қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы тойланады.

   «Абай даналығы» атты композициялық қойылым.

     Абайдың «Желдірме» күйінің фонында қолында кітабы бар Абай шығады. Сахнаға Білімге ұмтылған бес- алты көзі қара лентамен байланған оқушылар шығып, шеңбер  құрып тұрады.  Абай сөйлеп жүріп, шәкірттерінің байланған көздерін аша  бастайды.

Абай: Адам ата-анадан туылғанда есті болмайды. Естіп, көріп, ұстап, танып ескерсе, дүниедегі жақсы жаманды таниды, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады.

Білім-ғылым үйренбекке, талап қылушыларға әуелі  білмек керек.Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білу керек, білмей іздегенмен табылмас…..

1.Оқушы:Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

2.Оқушы:Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,

Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.

Жақсы менен жаманды айырмадың,

Бірі қан, бірі май боп, енді екі ұртың.

3.Оқушы:Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба.

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге.

Бес нәрседен қашық бол,

Бес нәрсеге асық бол,

Адам болам десеңіз.

4.Оқушы:Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз.

  1. Оқушы: Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтіп келіп, ойнап күлмес.

Өлді деуге сияма қараңдаршы,

Өлмейтұғын артында сөз қалдырған.

(оқушылар  сахнадан шығып кетіп, киімдерін ауыстырып қайта шығады.)                                                                                                                                      

1-оқушы:-Адамзат қауымының бойындағы  «адамшылық» деп аталатын басты  қасиетті, сақтап тұратын басты құрал: —  ол, рухани тәрбие. Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес деді- Елбасы.

2-оқушы:-Бұл мақсаттың орындалуы үшін формуланы алыстан іздеудің қажеті жоқ. Абайды ашыңыз… муз.пауза (Желсіз түнде жарық ай әнінің бір шумағы) Бәрі тайға таңба басқандай жазулы., Адамзат шетсіз, шексіз ұланғайыр әлемнің кішкентай бір бөлігін құраса, жан иесі «түп иеге» қайту жолында,  адам бірнеше белестерден өтеді. Бұл белестерді Абай  ислам ғұламалары тәрізді үш сатыға бөледі: —

3-оқушы: —Ең төменгі саты: — бұл сатыдағылар өмірдің күнделікті қызығына ғана жүргендер.  Адал еңбекпен білім, ғылыммен шұғылданбайтын, қайырымсыз, өтірік, өсек аяңды күйттейтін жандар. Оларды Абай өзінің 38-ші қара сөзінде «Жарым адам» деп атаған.« Желсіз түнде жарық ай» әнінің екінші шумағы орындалады.

4-Оқушы:-Орта Сатылардың мақсаты: — Өзін-өзі толық танып адамдықтың шыңына жету. Өзінің болмысын тану: — Абай «Әділеттілік, адамға адалдылық, мейірімділік, қамқорлық, достық» тәрізді гуманизм шарттарын молынан береді.

5-Оқушы: Жоғарғы саты. Рухани жетілу.—Бұлардың мақсаты: — өздерінің санасын рухани деңгейге жетілдіру. Абай көрсеткен өмірдің негізгі мақсатына «ТҮП ИЕГЕ ҚАЙТУ». Бұл сатыға өте сирек адамдар Абайша айтқанда «Толық адамдар» ғана көтеріле алады.

 «Көзімнің қарасы» әні орындалады.

6-Оқушы: — Абай түп иені сипаттай  келіп, біздің оны көксеуіміз, оған талаптануымыз керек екенін айтып, оның себебін түсіндіреді, себебі ТҮП ИЕ мекен берген, халық қылған, яғни адам өміріне қажеттіліктің  барлығын берген ЖАРЫЛҚАУШЫ. Абай 17-ші қара сөзі…Үш-ақ нәрсе адамдықтың қасиеті деді.

Олар: — Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, нұрлы жүрек…

Сабақтың барысы:

Жетекші: Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толу қарсаңында ұйымдастырылған жас сазгерлердің, өнертанушылардың, абайтанушылардың, әншілер мен тілшілердің, әдеби сыншының, ақынның дөңгелек үстел басында жиналып, бас қосқан кездесуін ашық деп жариялауға рұқсат етіңіздер!

Кездесуіміздің мақсаты- Абайдың сазгерлік шығармашылығы жайлы ой-пікірлерімізді ортаға салып, ән-музыка жайлы өзімізді толғандырып жүрген мәселелерді қозғап, көпшілікке ой тастау. Алғашқы сөзді Абай музыкасын зерттеп жүрген өнер зерттеуші ғалымға береміз.

Өнертанушы: Абай атамыздың туғанына 175 жыл толу мерекесі қарсаңында өткізіліп отырылған бұл кездесуіміз осы отырған бәрімізге көп пайдасын тигізеді деп ойлаймыз. Өйткені, Абай поэзиясы-қазақ поэзиясының шыңы, «Абай» эпопеясы-қазақ прозасының зәулім шоқтығы, «Абай» операсы-музыкалық жанрымыздың асқары, «Абай» трагедиясы-драмалық шығармаларымыздың заңғар биігі.  Ендеше, Абай шығарған әндердің де осал еместігін ол жөнінде зерттеліп жазылған жүзге тарта ғылыми мақалалардың, еңбектердің бар екенін айтсақ та жеткілікті. Абайдың бізге қалдырған музыкалық мұрасы жайлы әңгіме, пікір алмасу бүгінгі бас қосуымызбен бітпесе керек. Абай мұрасын жинау жолында қазақ өнерінің досы Затаевичтен бастап, өнертану ғылымдарының доктарлары, академик-профессорлар А.Жұбанов, В.Г.Ерзакович, сазгер Л.Хамиди, Е.Брусилоский, өнер зерттеушілер П.Момонов, Ғ.Бисенова еңбектерін атап өткеніміз орынды.

Жетекші: Ал, енді, жиналған қауым сұрақтарыңыз болса қойыңыздар.

1-сұрақ:Абай әндерінің жиналуы жайлы не айтар едіңіздер? Әзірге Абайдың қанша әні белгілі?

Жетекші: Бұл сұраққа өнертанушы ғалымымыздың жауап бергені жөн болар?

Өнертанушы: Қолда бар мәліметтерге қарағанда, Абайдың 70-ке жуық әні, 3-4 күйі бар. Әндерінің көбі 2-ден, ал «Сегізаяқ» әнінің 5 түрлі нұсқасы бар. Жоғарыдағы 70-ке жуық әннің ішіне осы нұсқалар да кіреді.

2-сұрақ: -Абайдың  «Айттым сәлем, Қаламқас» әні орыс әнінің сарынында жазылды деген пікір бар, оған не айтар едіңіздер?

Әдеби сыншы: Иә, ол жайындағы алғашқы деректерді бізге атақты жазушымыз, қазақ өнерінің үлкен жанашыры Тәкен Әлімқұловтың  «Жемісті жолда» деген әдеби сын мақалалар жинағынан кездестіреміз. Ол былай деп жазады: «Абайдың жұртшылыққа түгел тараған «Айттым сәлем, Қаламқас» әні орыстың «Карие глазки» деп аталатын ежелгі халық әніне ұқсас болып шықты. Мен Анна Степановна Ареншихина деген кемпірден естіп қайран болып жүргенде, сәті түсіп, Сант-Петербургте ерте кезде шыққан альбомнан нотасын көшіріп алдым. Әннің ырғағында біраз айырма бар. Бұл өлеңнің кейбір шіркеулік-славьяндық сөз нышандарына қарағанда, ән әріден келе жатқан халық әні болса керек. Мұнда ән қыздың атынан айтылса, Абай оны жігітке айтқызады. Бірақ Абайдың орыс әнін сүюі, содан тікелей үйренуі ешқандай күдік туғызбаса керек. Абай әндерін көбінесе өлеңнің уағыздаушысы ретінде шығарып отырған сияқты. Қазақтың хатқа шорқақ жағдайында әннің қадірі зор еді. Оның үстіне Абай- өз халқының музыкашыл жанын да терең ұғынған жан.

Жетекші: Енді, Абай әндерінің бірін тыңдайық. «Айттым сәлем, Қаламқас» әні орындалады.

 3-сұрақ: Ертедегі ұлы адамдардың көбі әрі ақын, әрі философ,  әрі музыкант, әрі математик, әрі астроном болып келеді. Осының сыры неде деп түсінесіздер?

Сазгер: -Оның сыры мынада деп ұғамын. Халықтың жаппай сауатсыздығы  кезінде барлық күш сауатты, оқыған Әбу Насыр әл — Фараби, А.Иассауи сияқты ғұламаларға түсті. Жоғарыда аталған ілімдердің бәрін солардың игеруіне тура келді. Өйткені, халыққа беймәлім нәрселердің бәрін солар түсіндіруге тиіс болды. Тарихта одан басқа жол жоқ еді.

4-сұрақ:  Абайдың махаббат пен табиғатты  баса жырлауының себебі неде деп ұғасыздар? Әндерінің де басым көпшілігі осы тақырыптар екендігін қалай түсінеміз?

Абайтанушы:-Абай бір өлеңінде «Махаббатсыз дүние бос», Хайуанға оны қосыңдар»,- дейді.

Сұрағыңның біріншісінде жауапты осылай Абайдың өзі береді. Екінші, табиғат суретіне келсек, адам табиғаттан тыс өмір сүре алмайды. Табиғат пен адамзат егіз. Бұларды бір-бірінен ажырату қиын. Әнші ақындар үшін мұның мәні зор. Қазақ топырағындағы атақты әнші серілер Біржан, Ақансері, үкілі Ыбырай, Сегізсері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Кенен, Жамбыл, Сүйінбай секілді әнші-ақын сазгерлерін алайықшы. Бәрі де- табиғатты сұлу да көркем Көкшетауда, Баянауылда, Қар-қаралыда, Жетісуде туып-өскендер. Қазақ жерінің пейіші емес пе, бұл өлкелер!

Жетекші: Абайдың  табиғат суретіне толы «Қараңғы түнде тау қалғып» әнін тыңдайық.

5-сұрақ: Абай әндерінің біразы өкінішке, күрсініске, өкпе-налаға толы. Осының себебі неде деп ойлайсыздар?

Ақын: Өнер адамы қайбір ортада өмір сүрмесін, ол сол ортаның айнасы іспетті. Жақсысына қуанады, қайғысына ортақтасады, жаманына ренжиді, ұқпағанына өкінеді. Абай да осыдан аулақ кете алмады. Ол айтайын деген ащы сөзді шегелеп, дәл тауып айта білді. Оған жаңа форма, жаңа ұйқас іздейді. Оны да тапты. Сазды да соған лайықтай білді. Сөйтіп, бір адамның ғана қолынан сомдалып шығып, «айналасы жұп-жұмыр келген» ән боп төгілді Абай жүрегінен. Ол  «Сегіз аяқ» әні еді.

«Қайнайды қаным,

Ашиды жаным

Мінездерін көргенде»-деп ашынған, ширыққан Абай өмір сүрген ортаның бұзық, дертті кескіні дөп басқан. Халықтан бірлік кеткенін, ел іргесі тозып бара жатқанын ащы өкінішпен айта келіп, осының себебін іздейді. Себебін де дәл тапты: Ол:

«Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным

Қаңғыртты, қысты басымды»- деп іштегі запыранын өлеңмен, әнмен төгіп-төгіп алады.

«Желсіз түнде жарық ай», «Қараңғы түнде тау қалғып» тағы басқа әндері адамның оңаша бір сәттегі табиғатпен тілдескен, содан медет алған жан толқынын, жаңа күйзелісін дөп басып бере біледі. Мұнда да өлең мен саз астасып, жымдасып жатыр. Міне, ақын құдіреті, сазгер құдіреті осылай болса керек. Бұл жағынан қазіргі ақындарымыз бен сазгерлеріміздің Абайдан алатын үлгі-өнеге ұшан-теңіз. Өкінішке орай, қазір ойсыз, сезімсіз айтылатын, гитараның, барабанның даңғыры астында тұншығып қалған жылауық әндер көбейіп кетті.

Жетекші: Сөзің аузыңда, осы мәселе жөнінде де шындап ойланатын кез-келген секілді. Ойсыз әуен адамды ойсыздыққа, жеңіл, селкілдек әуен адамды сезімсіздікке тәрбиелейтінін ескерсек, музыканың адам тәрбиесіндегі атқаратын рөлін сонда ғана бағалайтынын боламыз. Енді Абайдың сезімге, ойға, жан сұлулығына толы «Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдап көрейік. Ән орындалады.

Жетекші: Ән, әсіресе, халық әндері – халық мұрасы. Осынау баға да, байлық та жетпес асыл мұрамызды сонау ата-бабаларымыз секіріп, жұлқына билеп жүріп туғызбаған, кейінгі ұрпағымыз ойына келгенін істесін деп бізге мирас етпеген болар. Халық мұрасын сол халықтың өзі жасаған қалпынан айнымаған күйінде сақтап, жалғастыра бергенге не жетсін. Осы ақиқатты өзіміз ғана біліп қоймай, өсіп келе жатқан жас ұрпағымыз да біліп құрметтейтін болса, ешқандай асыл мұрамыздан айырылған жоқпыз, айырылмаймыз да!  –  деп сеніммен айта алар едік.

6-сұрақ: Абай әндеріне ән шығару мәселесі қазір қай деңгейде деп ойлайсыздар?

Сазгер: Абай өлеңдеріне ән шығару оңай іс емес. Ол үшін Абайша толғанып, Абайша мұңданып, Абайша егіле білу керек. Ақыл, парасат та Абай деңгейінде болуы тиіс. Абай әндерін ең бірінші нотаға түсірген Бимбоэс Альвин Эрнестович (1878-1942), музыкант, этнограф. ХХ ғасырдың 2 жылдары қазақ ауылдарын аралап  100-ге тарта халық әндерін жазып алған. Солардың ішінде Абайдың «Сегіз аяқ», «Татьянаның хаты» әндері бар. «Татьянаның хаты» әнінің 2 түрін Нәзипа Құлжанованың айтуынан жазып алынған. Осы әндерді 1925 жылы Санкт-Петербургте  Н.Ф.Финзейденнің редакторлығымен жарық көрген «Музыкалық этнография» жинаққа енгізді. Абай өлеңдеріне ән жазған Қазақстан композиторлары: С.Мұхаметжанов, Ғ.Жұбанова, Н.Тілендиев, Қ.Мусин, М.Қойшыбаев, Е.Рахмадиев, Ғ.Құрманғалиев, Ә.Еспаев, Е.Есетов, Т.Базарбаев, С.Кәрімбаев, К.Күмісбеков, М.Маңғытаев және т.б.

Жетекші: Абай атамыздың ән-мұрасы жөнінде пікірлестік, ой бөлістік. Абай тақырыбы-мәңгі өлмейтін тақырып. Бүгінгі сабақтан аз да болса, бір түйін түйіп алсаңыздар, біздің мақсатымыздың орындалғандығы.!

Асыл сөзді іздесең,

Абайды оқы, ерінбе.

Адамдықты көздесең,

Жаттап, тоқы көңілге, -деп Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайды ұстаз тұтты.  Абай-қазақтың даналығының әлемдік символы.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.