Сарсенғалиева Тамара Темірболатқызы
Батыс Қазақстан облысы,
Теректі ауданы,
Ақжайық ауылы
«Айгөлек» бөбекжайының жоғары санатты тәрбиешісі
(Ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған оқу қызметінің жоспары)
Білім беру салалары: Қатынас. Таным. Әлеуметтік орта. Шығармашылық
Бөлімдері: Көркем әдебиет, тіл дамыту, музыка, сурет
Тақырыбы: Ұлы адамдар ұлағаты
Мақсаты: Балаларға ұлы ақын Абай Құнанбаев туралы түсінік беру, яғни өмірімен және шығармашылығымен таныстыру. Ақынның өлеңдері арқылы туған елге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, ізденімпаздыққа жетелеу, тапқырлыққа, шешендікке, көркем сөйлеуге, сөз астарын түсіне білуге тәрбиелеу, балаға имандылық әліппесін үйрету.
Алдын ала жүргізілетін жұмыстар: Абай өлеңдерін жаттау, суреттерді қарау, Абай әндерін тыңдау
Әдіс-тәсілдер: түсіндіру, сұрақ-жауап, көрініс қою.
Қажетті көрнекті құралдар: Абайдың және басқа да ақын-жазушылардың портреттері, слайдтар, боялған асықтар, сурет құралдары, үнтаспа.
Қостілділік компонент: Зима–қыс, лето–жаз, весна-көктем, осень-күз, писатель–ақын, ворона–қарға, лиса-түлкі, композитор-сазгер.
Себепті қызығушылығын ояту кезеңі
Тәрбиеші: Балалар, Жер Ана, Күн Ана, Аспан Анамен және келген қонақтармен амандасайық «Шаттық шеңбері»
Балалар: Армысың, шапағатты Күн Ана! Армысың қайырымды Жер Ана! Армысың мейірімді Аспан ана! Армысыңдар құрметті қонақтар! Шеңбер бойымен тұрып, бір-біріне тіліктер айтады.
Ұйымдастырушылық ізденіс кезеңі: «Ғажайыпстанға саяхат»
– Балалар, біз бүгін қызықты да қиын әдебиет әлеміне саяхатқа шығамыз.
– Экранға назар аударыңыздар. Бізді Білімпаз ата қарсы алады.
Білімпаз ата көп біледі. Ол кісінің тапсырмаларына дұрыс жауап беруіміз керек.
Дидактикалық ойын «Білесің бе?». Шарты: суретке қарап, кімнің бейнесі, қандай шығармалары бар екенін айту керек.
Тәрбиеші: Білімпаз ата, біз бүгін қай ақынның шығармасына тоқталамыз.
Білімпаз ата: Өзі ақын, өзі жазушы, өзі аудармашы әрі сазгер, бұл кім?
Абай аталарың өзі тақпақтар, өлеңдер жаза білген. Ақынның балалық шағына саяхатқа шыққыларың келе ме?
Тәрбиеші: Абайдың әкесі Құнанбай баласының зеректігін байқаған соң Семейдегі Ахмет Риза медресесіне береді. Онда 3 жыл оқыған, сонымен қатар «Приходская школа» аталған білім ордасында қосымша орысша оқиды.
Ендеше оқудан келген бала Абайдың ауру әжесінің көңілін өзінің тапқырлығы мен ақындығының арқасында көтерген сәтін тамашалаймыз.
Көрініс: «Абайдың тапқырлығы»
Зере: Не дейді? Не деп жатыр, естімедім.
Абай: Әже-ау, былтыр мұндай емес ең… Құлағыңа не болған, не естімейсің бе?
Зере: Балам-ай, қуыс кеуде болмаса, не сымбат қалды?
Абай: Жазыла ма өзі, ендеше не істеу керек?
Зере: Үшкірсе, кейде ашылады. Үшкірген жағады.
Айғыз: Үшкірсе, мына балаң молда болып келді ғой. Үшкірт балаңа.
Абай: Ұшады бозша торғай көдене ықтап,
Басасың аяғыңды нықтап-нықтап.
Кәрі әжем естімейді нана берсін,
Берейін өлеңіммен шын ұшықтап, – деп кеп, тағы да «су-ф-ф» деп қояды.
Абай: Қалай әже, құлағың ашылды ма?
Зере: Е, жақсы боп қалды, өркенің өссін балам!
Тәрбиеші: Бұл Абай атамыздың алғашқы өлеңдерінің бірі, әжесіне арналған.
– Балалар, сіздерге көрініс ұнады ма?
– Қай кейіпкер көбірек ұнады?
– Міне, бала Абайдың алғашқы өлеңі осылай дүниеге келген.
Тәрбиеші: Балалар, саяхатымызды жалғастырайық. Білімпаз атаға назар аударайық.
Білімпаз ата (экраннан): Абай – аудармашы.
Тәрбиеші: Абайды сонымен бірге біздер аудармашы ретінде танимыз. Ол әлемнің көптеген ақындарының өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Бүгін тыңдайтынымыз орыс мысалшысы И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі» («Ворона и лиса») мысалы.
Тәрбиеші: Балалар, біздер қандай мысал тыңдадық. Орыс тілінде қалай аталады?
Тәрбиеші: Мысалда қандай жаман қасиеттер аталған? Бұл жаман қасиеттерге сендер жақын жүресіңдер ме?
Балалар экранға назар аударып, аудиотаспадан мысалды тыңдайды. «Қарға мен түлкі» — «Ворона и лиса»
Осындай адамдар туралы Абайдың қандай өлеңі бар?
Сергіту сәті: «Бойы бұлғаң» өлеңі
Бойы бұлғаң, (дене қозғау, теңселу)
Сөзі жылмаң, (қол жоғарыға, оң жаққа, сол жаққа қозғалу)
Кімді көрсең, мен сонан, (саусақ алға, өзіне нұсқау)
Тұра қаштым, жалма-жан. (бетті басу, қол иықта, бір орында жүгіру)
Өз ойында, тұл бойында, (саусақпен басты нұсқау)
Еш міні жоқ пендесіп, (оң қолды солға, оңға шайқау)
Түзде мырзаң, үйде сырдаң (қолмен айналаны көрсету, тізе бүгу)
Сөзі қылжаң еркесіп. ( бір орында теңселу)
Тәрбиеші: Саяхатымызды жалғастырамыз.
Білімпаз ата (экраннан): Абай – жазушы
Тәрбиеші: Абай атамыз артына ойлы да мәнді сөз қалдырған.
Ақынның «Он тоғызыншы қара сөзі» экранда жазылады.
– Балалар, сіздерге Абайдың қара сөздері таныс қой. Жетінші қара сөзін кім айтып береді.
Білімпаз ата: Абай – сазгер
Тәрбиеші: Балалар, Абай атамыз сазгер (композитор) болған. Көптеген өлеңдеріне әуен жазған. Саз сабағының жетекшісі Абайдың әуендерін қобызбен ойнап береді.
«Желсіз түнде жарық ай» әуені ойналады. Экранда табиғаттың суреттері көрсетіледі.
Тәрбиеші: Балалар, жаңа ғана тыңдаған әуен қалай аталады? Енді сол өлеңді бірге қосылып, сөзімен айтамыз.
Балалар әуенді тыңдайды, табиғатты тамашалайды. «Желсіз түнде жарық ай». Қобызбен өлеңді қосылып айтады.
Ойын: «Ханталапай» (балалар асықтың түсіне сәйкес өнер орталығында суреттермен жұмыстанады.)
Жыл мезгіліне байланысты суреттер салады.
Күз (оргәйнекке саусақ арқылы гуашпен сурет салады)
Жаз, көктем (түрлі-түсті кұммен сурет салады)
Қыс (майшам арқылы сурет салады)
Тәрбиеші: Жыл мезгілдері туралы Абайдың қандай өлеңдері бар?
Экранда жылдың төрт мезгілі көрсетіледі.
– Балалар, Білімпаз атадан Абайдың ақын, сазгер, қара сөз шебері, аудармашы екенін білдік. Енді атамызға рахмет айтып, қоштасайық.
Қорытынды:
Тәрбиеші: бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметі ұнады ма?
– Қай Абай ұнады? Несімен?
Балалар: бала Абай, ақын Абай, жазушы Абай, сазгер Абай, Абай –аудармашы.
Күтілетін нәтиже:
Білім: Абайдың өмірі мен шығармасын біледі.
Білік: Жақсы, жаман қасиеттердің мағынасын түсінді.
Дағды: Үйренген білімдерін қолданады.