Мырзахметова Макпал Шарипбековна
Жамбыл облысы
Сарысу ауданы
Игілік ауылындағы
«Балбөбек» бөбекжай-бақшасының тәрбиешісі
Ақын, композитор, кемеңгер философ Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл. Иә, бас ақынның мерейтойына орай 2019-2020 ж.ж. жүздеген, мыңдаған шығармашылық жұмыстар жазылып, түрлі іс-шаралар өткізілді. Бірақ қазақтың маңдайына біткен осынау ұлы тұлғаның өмірбаяны мен өлеңдері, қара сөздері турасында екінің бірі ой-пікір білдіруі мүмкін емес. Өйткені, Абай жайлы ақ қағазға сыр шерту үшін М.Әуезовтің «Абай жолы» романы мен ақын шығармашылығын оқу аздық етеді. Тіпті «Абай жолын» бірнеше рет оқып, Абай Құнанбайұлы өлеңдері және қара сөздерімен бір сыпыра танысқан соң оны жете түсіне алмағандар да жетерлік. Неге? Міне, бұл көкейде туындаған сауал.
Әлеуметтік желілер дамыған заманда Абай туралы пікір білдірушілердің қатарында ойының саяздығы мен сөздің парқын түсіне бермейтіндерді көріп, іштей қынжылып, данышпан кемеңгерімізді ұлықтау үшін осы мақаланы жаздым. Желідегі көкірек көзі соқырлардың Абайды «орысқұл» дегені жаныма батты. Сондықтан Абай туралы ұлылардың, қоғамның азды-көп пікірлерін назарларыңызға ұсынғалы отырмын.
Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің 1913 жылы «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында: «Қазақтың бас ақыны – Абай (шын аты Ибраһим) Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ. Ақмола, Семей облыстарында Абайды білмейтін адам жоқ. Ақмоламен сыбайлас Торғай облысында Абайды білетін адам кем, құты жоқ деп айтса да боларлық. Олай болуы сөзі басылмағандықтан, Абайдың сөздері кітап болып басылып шыққанша Абайдың аты да, сөзі де Торғай облысында естілмеуші еді. Ақмола, Семей облыстарында Абайдың атын, сөзін естімедім дегенге недәуір таңырқап қалады. Мен ең әуелі Ақмола облысына барғанымда Абайды білмегеніме, сөзін естігенім жоқ дегеніме таңырқап қалушы еді. Қай жерде ақындар жайынан я ақындардың сөздері жайынан әңгіме болса, Абайдың сөзін мақтамайтын адам болмады. Абайдың сөзін көрмей тұрғанда, мақтағандарына сенбей, қазақ үкілеген өз құнанын өзгелердің тұлпарынан артық көретін мінезі болушы еді, мақтап отырған Абайы біздің Әбубәкір, Сейдахмет, Ақмолдаларымыз сықылды біреу ғой деп жүрдім. 1903-ші жылы қолыма Абай сөздері жазылған дәптер түсті. Оқып қарасам, басқа ақындардың сөзіндей емес. Олар сөзінен басқалығы сонша, әуелгі кезде жатырқап, көпке дейін тосаңсып отырасың. Сөзі аз, мағынасы көп, терең. Бұрын естімеген адамға шапшаң оқып шықсаң, азына түсініп, көбінің мағынасына жете алмай қалады. Кей сөздерін, ойланып дағдыланған адамдар болмаса, мың қайтара оқыса да түсіне алмайды. Не мағынада айтылғанын біреу баяндап ұқтырғанда ғана біледі. Сондықтан Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр екені рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан болған кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік. Олай болғанда айып жазушыда емес, оқушыда», — деп, оның қазақтың маңдайына біткен бағы мен бас ақыны екендігін нақты дәлелдермен келтіреді. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы: «Хақиқатты хақиқат қалыбында, тереңді терең қалпында жазған. Хақиқатты тануға, тереңнен сөйлеуге, бойына біткен зеректіктің үстіне, Абай әр түрлі Еуропа білім иесілерінің кітаптарын оқыған. Тәржіма халін, жазушы Ғалихан Бөкейхановтың айтуына қарағанда, Абай Спенсер, Луис, Дрепер деген Еуропаның терең пікірлі адамдарының кітаптарын оқыған. Өлең жазушылардан орыстың Лермонтов деген терең пікірлі ақынының өлеңдерін сүйіп оқыған. Сондықтан Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар, құты, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар», — деп жазады. Яғни Абай бір ғана орыс зиялыларының ғана емес, әуелі шығыс, кейін орыс, бұдан кейін еуропалық кітаптарды да оқыған. Бұдан біз нені түйіндейміз? Абайды «орысқұл» немесе орыстарды ұлықтаған ақын деп фейсбукте жарыса жазған авторларға не дейміз? Ең өкініштісі – авторсымақтардың ішінде ақын, журналистердің де пікір білдіруі. Дегенмен, олардың атын атап, түсін түстеуге қауқарым да жоқ. Осы мақаладан Абай туралы айтқан танымал тұлғалардың ой-пікірлерін оқып, әуелі тілін тартып, кейін санасына берер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Өткен жылы Абайдың шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бастама бірнеше айға ұласты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін», — деп ағынан жарылады. Жазушы Кемел Тоқаевтың ұлы әрі Қазақстан Республикасы Президентінің Абай Құнанбайұлының шығармашылығын ұлықтап, әлем алдында насихаттауы ұлт болашағының айрандай ұйысуына ерекше әсер етеді. Ендеше алашордашылар Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, жазушы Мұхтар Әуезов, абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлы, өзге де ғалымдар мен жазушылар және қазіргі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абайды (Ибраһим) ұлықтап, бас ақын, ағартушы, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, жазба әдебиеті мен қазақ әдеби тілінің негізін салушы, реформатор әрі мінсіз тұлға ретінде мойындауы көпшілікті толғандыруы қажет.
Осы орайда «Шыңғыс хан қазақ немесе мұңғыл деп» әлеуметтік желілерде орынсыз сөз таластырғанша, Абайдай ғылым-білімге ұмтылып, терең білімді малдан жоғары қойып, ар-намысшыл ұлт ретінде ұйысып, техника дамыған тұста кәдеге жарасақ болар еді, кім білсін?! Абай секілді білімнің қадірін ел ағалары мен жастар түсінер ме екен?! «Ғылым таппай мақтанба» деген Абайды терең түсініп, оның жазғандарын іске асырып жүрміз бе? Ақылымыз, жүрегіміз не дейді? Біз толық адамбыз ба? Мұны түйсіну үшін Абайды оқу керек, оқығанда да жүрекке тоқу қажет.
Жалпы, Абай әлемін жете түсіну үшін мына 6 кітапты оқуға кеңес беремін. Олар – Мұхтар Әуезовтің 1995 жылы шыққан «Абай Құнанбаев» атты монографиялық зерттеулері, Қайым Мұхамедхановтың 2009 жылы Алматы қаласынан шыққан «Абай Құнанбаев» атты ғылыми түсініктері, Ханғали Сүйіншәлиевтің 1956 жылы Алматыдан шыққан «Абайдың қара сөздері» әдеби зерттеулері, 2014 жылы елордамызда басылып шыққан Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» зерттеу еңбегі, Бейсенбай Байғалиевтің 1995 жылы жарияланған «Абайдың өмірбаяны архив деректерінде» тақырыбындағы ғылыми еңбегі және Тұрсын Жұртбайдың 2011 жылы жарық көрген «Күйесің, жүрек… Сүйесің… » атты зерттеулері.
Міне, қазақ халқының жазба әдебиетіне, руханиятына түпсіз терең үлес қосқан тұсы – XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басы, яки бұл Абай Құнанбайұлының ғылымды іздеп, ұлт тұрмысының кемшілігін өзгелерден артық көре білгендігі.
Қорытындылай келе, Абайды сынға алу үшін «Абай жолын» және оның шығармашылығымен қатар, жоғарыда атап өткен алты автордың кітаптарын оқып, жадымызға тоқу міндет. Өйткені, Абай – қазақ ұлтының өркениеттік болмысындағы айтып тауыспайтын ұлы құбылыс, Абай – феномен!