Қалмырзаева Таңшолпан Әлімханқызы
Тараз қаласындағы МКҚК
№20 бөбекжай-бақшасының
«Ботақан» тобының тәрбиешісі
Абай Құнанбаев мың сегіз жүз қырық бесінші жылы оныншы тамызда, бүгінгі Шығыс Қазақстан облысының Шыңғыс тауы баурайында дүние есігін ашты. Абай қазақ әдебиетінде қайталанбас дара тұлға, сонымен қатар ол ақын, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор, философ, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы осы сияқты бірнеше қасиетті бойына жинай білген өр мінезді кісі. Абай есімімен қазақ атауы бірге аталады десек артық айтпағанымыз болар. Қазақ халқын тану арқылы Абайды танимыз, Абайды тану арқылы қазақ халқының ұлттық рухын танимыз. Абай текті әкеден тарап, текті әжеден өнеге алып, текті анадан тәрбие көрген дара майталман иесі. Балалық шағын асыл әжесі мен аяулы анасының жанында өткізген. Олар бала жүрегіне барша ізгі қасиеттерді дарыта білген. Оның ақындыққа деген ыстық ықыласыда, осы кезден басталады. Бала жасынан Абай кітапқа құмар болып, араб-парсы және көне түркі әдебиетінің үлгілерімен танысып сусындаған. Ахмет Байтұрсынұлының өзі: «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ», — деп аса жоғары бағалап, өз бағасын беріп кеткен екен. Бұдан не байқаймыз? Абай сияқты тұлғаның кем екенін, оны бағалау, құрметтеу керек екенін, оның шығармаларын оқу арқылы бір немесе бірнеше жаман адамды түзеуге болатынын ұқтым. Абай шығармалары осы қазіргі біздің заманымызға керек. Біз өмір сүріп жатқан қазіргі кезең, қасқыр секілді аяқтан шалып, түлкідей болған қулардың заманы. Абайдың адами қасиеттер жайлы жазылған бір өлеңін талдау арқылы көп мән мағынаны ұғуға болады. «Адам өмірінің мақсаты – кемелдену мен жетілу», — дейді Абай. Біз басқаны емес жай өзімізді алып қарастырайықшы. Жай ғана есеп берейікші, осы жасыма дейін не жасадым, адами қасиеттерге ие бола алдым ба? Немесе ада болдым ба? Белгілі бір деңгейге көтеріле алмасақ та, бойымыздағы адами құндылықтарды жоғалтпасақ болғаны. Сол арқылы біз жетілеміз, кемелденеміз. Халқымыз «Ғалымның хаты өлмейді, жақсының аты өлмейді» дейді. Ал, Абай шығармалары екі ғасырға жуықтасада сиясы өшкен емес. Артынан келе жатқан ұрпағы ақын шығармаларымен сусындап, өз өмірімізге керек тұстарын алып жатырмыз десем артық айтпағаным болар. Оның шығармалары бүгінге дейін өміршеңдігін көрсетіп отыр. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өзі «Адамзаттың Абайы» деп бағасын беріп, Абай тек қазақ халқына емес бүкіл әлемге ортақ жан екенін жеткізген болатын. Абай шығармаларының әрбір сөзінде терең мән мағына жатыр. Оның қара сөздерін, өлеңдерін, аудармаларын, поэмаларын бір күнде немесе бір жылда оқыдым, түсіндім деу меніңше қателік болар еді. Абайдың жай қара сөздерін алып қарастырсақ, күрделі оймен терең иірімге құрылған. Қырық бес қара сөзінің ішінен бір қара сөзін оқып, жүз түрлі ой түюге болады. Қырық бес қара сөзі, қырық бес түрлі тақырыпқа құрылған. Қара сөздері мән-мағынасына, тақырыбына, құрылымына қарай көлемі әртүрлі. Сонымен қатар, Абай өз туындыларында қазақтағы қараңғылықты, надандықты, кертартпалықты жырлап жалындаған жастарды білімге, оқуға, өнерге, еңбекке шақырған. Абайдың қазақ әдебиетіндегі ең негізгі қызметі, елдің шындығын, ақ пен қараны ең бастысы әділдіктің туын көрсете білуі. Ұлы ақындардың, жазушы, публицистердің Абай жайлы өз замандарында бағасын беріп, айтып кеткен пікірлері қаншама. Шет мемлекеттердің ғалымдарының өзі Абайға лайықты бағасын беріп кеткен. Мысалы, қытайлық Гауман есімді ақынның газет бетіне, Абай жайлы жазған өлеңінен қысқаша үзіндісін айтсам:
Әлемге әйдік әділет,
Бырт-бырт үзді матауды.
Көз салшы, Абай,тыңдашы.
Адамзатқа әз болдың,
Әлемді жарған атағы.
Абай шығармалары қазіргі таңда көптеген тілдерге аударылып, шет мемлекетерінде жарық көріп жатыр. Алыстан арбаламай кеше ғана өткен ЭКСПО–2017 көрмесінің өзінде Абай өлеңдері әлемнің төрт тіліне яғни қазақ, орыс, ағылшын, қытай тілдеріне аударылып, келген қонақтарға кәдесый ретінде таратылды. Бұл Абайды әлемге танытқанымыз емес, қазақ атауы мен Абай есімінің егіз ұғым екенін түсіндіру. Абай есімін қорлау қазақи құндылықтармызды қорлау болып табылады. Биыл осынау ұлы, хакім, дана, дара Абайға жүз жетпіс бес жыл толып отыр. Осынау мерейтойды еліміз лайықты деңгейде тойлауға кірісіпте кетті. Абайдың жүз жетпіс бес жылына орай елімізде «Абай» телеарнасы ашылды, Швецарияда «Абай оқулары», Абайдың қара сөздері португал тіліне, жүз өлеңі испан тілдеріне аударылып, Бішкекте Абай атты кітаптың тұсаукесері болды. Абай мұрасына арналған онлайн халықаралық конференциялар өтті. Өзбекстанда «Шайырлар саябағында Абай ескерткіші» бой көтерсе, еліміздегі Павлодар қаласында «Абай трамвайы» жолға шықты. Осынау игі істер бастау алып жатқаны көңіл қуантады. Абай лебі, Абай үні, Абай тынысы – бүгінгі күннің заман тынысы, халық үні. Қазіргі таңда сол кездегі Абай үні бүгінгі күндегі біздің үнмен астарласып, қосылып, жаңғырып жаңа бір өріс беріп тұр. Сұлтанмахмұт Торайғыров:
Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы,ерінбе,
Адалдықты көздесең,
Жаттап тоқы көңілге-деп Абайды өз заманында лайықты деңгейде жырға қосқан. Мың тоғыз жүз төртінші жылы жиырма үшінші маусымда қазақ халқы үшін оңай тимегені анық. Себебі, қазақ халқының ұлы перзенті, әлем ойының алыбы – Абай Құнанбаев Бақанас жайлауында мәңгілік сапарға аттанды. Жидебай қыстауында жерленген. Уақыт талабын заманынан оза шауып, түсіну – Абай даналығының белгісі. Ол шындыққа қызмет етумен өмірін өткізді. Абайды түсіну үшін адам баласына Абайдың ой-ақылы сияқты қасиет қажет деп ойлаймын. Абай жайлы жазуым бұнымен шектелмейді. Артындағы біз сияқты ұрпағы барда Абай өлмейді, ол бізбен бірге мәңгі жасайды. Абайдың біз білетін әрбір шығармасы еңкейген қариямен, еңбектеген бала жүрегінде мәңгілікке сақтала бермек. Сөзімнің соңын өзім шығарған арнау өлең жолдарымен аяқтағым келеді.
Ұлы ақын Абай Құнанбаевқа арнау
Адал елге, бар халыққа жанашыр,
Ұлы ақынға ешкімнің жоқ таласы
Бар бойынан табылатын ұлылық,
Нар тұлғалы Құнанбайдың баласы.
Зере әженің тәрбиесімен бірге өскен,
Ұлжан сынды анасымен тілдескен.
Іс-әрекет өлеңімен сол заман,
Тірек болған өз еліне мұң кешкен.
Ұлы Абайдай ақын болсам жарармын,
Мекен етсем әділдіктің аралын.
Шешендіктің сырын шерткен ақыным
Жарып өткен сөз өнердің қамалын.
Тең келмес жан Ұлы Абайға соны ұқтым.
Қарсы келсін мейлі ғалам кіл мықты,
Бар өмірін арнап білім ғылымға,
Көзін ашып оятам деп халықты.
Қара сөзін қырық бестей арнаған,
Оқып біліп өзгерсін деп соны адам.
Менде сол бір көз жүгіртсем бұл жанға,
Өмірімнің әр сәттерін ойға алам.
Әр кезеңде тура жолға бастаған,
Абай дана, Абай дара мақтанам.
Әкесімен ел басқарып бас болған,
Қарсы келген қиындықтан қашпаған.
Қазаққа тек керек ақыл ой сана!
Айтар едім барша адамға жар сала,
Мына өмірде көзі ашық жан болсаң
Абайды оқы Абай керек баршаңа.
Барлық ғалам таныс болған ақыным!
Ақындардан жаныма ең жақыны,
Мен өзіңді құрметтеймін үлгі етем,
Түсінген соң сөз маржанның бір парқын.