Home » Айтарым бар » АБАЙ –ТҰТАС БІР ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

АБАЙ –ТҰТАС БІР ХАЛЫҚТЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

Таттыбаева Айжан Боранбаевна
Ақмола облысы
Көкшетау қаласындағы
Жоғары техникалық колледждің жоғары санатты
қазақ тілі мен әдебиеті оқытушысы

 

Бірде жыр алыбы Жамбылдан  «Абайдың ақындығына байланысты қандай  пікір айтасыз?» деп сұрағанда 20-ғасырдың Гомері атанған ұлы жырау:

-Абай ақын емес, ол – ғұлама,- депті. Иә, Абай өзіне теңдесі жоқ ғұлама екенін уақыт дәлелдеп отыр.

Абай –тұтас бір халықтың рухани әлемі. Кемеңгер, ойшыл, данышпан Абайдың артында қалдырған мұрасы – ұрпақтан-ұрпаққа жетер, мәңгілікпен ұласар асыл қазына. Қаншама заман ауысып, қаншама буын, ұрпақ жаңарса да, ұлы ақын айтқан «қуаты күшті нұрлы сөздің» сыры кетпей, сыны бұзылмай, жаңа қырынан ашылып, жаңғырып келеді.

Абайдың ойшылдығы да, даналығы да, данышпандылығы да, азаматтығы да, сыршылдығы мен сыншылдығы да, таным мен тағылымы да, өсиеті мен үлгісі, қуанышы мен қайғысы, үміті мен мұңы, сүюі мен күюі бәрі-бәрі өлең арқылы, міне бүгін бізге жетті, тіпті бізден кейінгі келешекке де жетері даусыз. Себебі ақын өлеңдері өміршең, әлі күнге өз мәнін жоғалтқан жоқ. Бізге Абай ақынның мойындатары көп. Абайды тану, Абайды оқу, Абайды түсіну – адамдық іс. Адам болам десек, Абаймен ақылдасып, онымен кеңесуіміз керек.

Абай – халқымыздың Ұлы Ұстазы, тәлімгер педагогы. Оның өлеңдері мен қара сөздерінің ең басты объектісі – Адам, басты мақсаты- адам тәрбиесі. Адам болғанда «өзі үшін оттаған хайуанның бірі емес, адамдар үшін еңбек ететін, ақыл, қайрат, нұрлы жүректі тең ұстайтын» жан-жақты жетілген адам. Абайша , «толық адам». Ал «толық адам», «жетілген адам» дегендер мағынасы терең  ұғымдар. Абайдың мұраты – адамды адамгершілік, кісілік жағынан жетілдіру арқылы қоғамды жетілдіру, қазақ қоғамын ілгері, мәдениетті елдер қатарына қосу. Оның өлеңдері мен қара сөздері осыны дәлелдейді.

Абайдың қай өлеңін қай сөзін алсақ та, үлкен-кіші,  кәрі-жас, «қалың елі қазағын» — барша қауымды, әсіресе баларларды ақыл-парасатты болуға, өнер-білімге, ізгілікке уағыздайды. Бұл жағдайды өзі де айтып кеткен:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды,  ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін

немесе

Мақсатым – тіл тартып, өнер шашпақ,

Наданның көңілін қойып, көзін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ

Сонымен Абайдың ойшыл, дана ретіндегі негізгі эстетикалық принципі – «Адам бол». Бұл ретте Абай еңбектің рөлін жоғары қояды. Абайдың түсінігінше, еңбек – адамның ақыл-ойының тереңдігін, сезім дүниесінің сұлулығын, ерік-жігердің тәртіптілігін реттейтін, бойдағы енжарлықты, бойкүйездікті, еріншектікті, тіпті қайғы-қасіретті жоятын, адамды жігерлендіретін теңдесі жоқ шипа. Еңбекке баулу — Абайдың ең сүйікті тақырыптарының бірі. Бұл тақырыпта жазған өлеңдері насихатқа толы.

Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас,

Қардың суы секілді тез суалар.

Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек.

Үш-ақ нәрсе – адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек.

 

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегіңмен ақылың екі жақтап», —

дегенді құрғақ ақыл есебінде қабылдай алмаймыз. Жетілген, қайраты, жігері шыңдалған, намысын оясын, еңбекті дәріптеу, адамды адам қылған ақылды мойындау деп түсінеміз.

Абайдың адамгершілік тақырыбында айтылған нақыл сөздерінің рухани дүниесін тәрбиелеуде ерекше маңызы бар.

«Адамшылықтың алды – махаббат, әділет, сезім». Абайда бұл үшеуі бірлікте сипатталады, олар жеке-жеке күйінде жарамсыз. «Әділет – ізгіліктің анасы», «Кімде әділет жоқ болса, оның ұяты да жоқ». Ал ұят жоқ жерде, туыстық, бауырмалдылыққа, махаббатқа орын жоқ. Себебі – ұят тоқтық барша адамгершілік қарыздарлық нормаларына сенімді жоғалтады: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ».

Адамды ұят келтіретін жаман істерден сырт ұстайтын, оған жібермейтін күш – адамның бойындағы ұстамдылық. Бұл болмаса, ақыл қанша сезініп тұрғанымен, адам баласы ұят келтіретін қылықтан құр болмайды. Әрине, ұятты сезінуге ақыл керек, егер ақылдың көзін қайратсыздық, әділетсіздік, жігерсіздік, байлаусыздық бүркесе, ақылды кісінің де адамшылдығы бұзылады.

Сол үшін де Абай: «Адам баласының көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан азады», -дейді.

Адамгершіліктің бір сипаты – достық. «Кімге достығың болса, достық – достыққа шақырады», «Тіршілікте, өсіп-өну жолында адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – дос көбейтпек». Ал бұл үшін адам баласының жүрегінде адамға деген ізгі тілек жатуы керек: «Жүрегі жұмсақ білген құл шын дос таппай тыншымас». Өмірде бірінші керекті нәрсе осы болмақ.

Балалар мен жастардың ұлттық патриотизмін қалыптастыруда Абай өлеңдерінің рөлі ерекше. Оның «Жаз», «Күз», «Қыс», «Жазғытұрым», «Желсіз түнде жарық ай» т.б. өлеңдеріндегі туған жер табиғатының әсем көріністері, адамдардың күнделікті тыныс-тіршілігі, іс-әрекеттер, балалардың отанға, елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырады, патриоттық сана-сезімнің оянуына әсер етеді.

«Сәулең болса кеудеңде,

Мына сөзге көңіл бөл

–,деп ақын айтқандай, Абай сөздерін түсініп оқу да өнер. Абай бар өмірін халқының болашағына арнап, қанша қайғыға салынғанымен, болашақтан жылт еткен сәуле көріп, сол сәуленің жарқырап төңірегіне нұр шашатынына кәміл сенді. Сондықтан да ол қажымай, талмай күресе білді. Абайдың қай өлеңін оқымаңыз, бәрі де бүгінгі күннің өзекті мәселесіне жазылғандай.  Көркем шығарманың құндылығы  — оның өміршеңдігі болса, Абай мұралары оны дәлелдей түседі. Абайды білдік, таныдық, ұқтық дейтініміздің бәрі – бекершілік. Адамдыққа, еңбекке, білімге, қайырымдылыққа, халқының мүддесі жолындағы адалдыққа Абай тағылымы ауадай қажет екеніне дау жоқ. Халқының қасіретін, мұңын, арманын, Абайша ұқпаған қазақтың қайраткерлік, күрескерлік, имандылық қасиет шықпайтыны да ақиқат. Абай бүгінгі мынау аласапыран заманда да биіктен қол бұлғап тұрғандай. Қазіргі мынау күйкі тірлігімізге жаны ауыратын секілді. Абай заманында ел билеуден аулақтаған. Бірақ ол адамдардың жан-дүниесіне жол ашқан. Сол арқылы арманы мен үмітін жүзеге асырмақ болды. Оның шығармалары – тыңдаған, ұққан, түсінге адамға дос, серік.

Кемеңгер бабамыздың  арман-мұңы – бүгінге, болашаққа аманат.

Қорыта келгенде, кемеңгер Абай халқымыздың өмірін терең зерттеген. Төл педагогикамыздың практикалық жағын мүлтіксіз игерген ғұламалығын байқатты. Ұлы ұстаз ұлағатын шәкірт жүрегімізде шырақ етіп жағу — әрбіреуіміздің абыройлы міндеті. Абай өлеңдерінің қуаты халқына мейірманды, ойлы, парасатты адамдарды тәрбиелеуге құдірет күші жетеді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.