Примбет Жанар Беғалықызы
Алматы қаласы, Түрксіб ауданы
КМҚК №187 бөбекжай-балабақшасы”
тәрбиешісі
Ата-ана мен тәрбиешінің бірлестігі маңызды
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, тәрбиесіз берілген білім адамзатқа апат әкеледі», деген ғұлама ғалым Әбу Насыр Әл-Фараби. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесін ұлттың тағдыры, ұлттың болашағымен тығыз байланыстырған. Отбасындағы тәрбие мәселесіне айрықша көңіл бөлген. Тәрбие – тал бесіктен екенін ескерсек, бала тәрбиесінде оның қоғам мүшесі ретінде енді ғана қалыптасып келе жатқан шағында, яғни балабақша қабырғасында тәрбиешілердің, балабақша педагогтерінің де атқаратын рөлі ерекше.
– Шындығын айтқанда, қазіргі қым-қуыт тірлікте көп ата-ананың бала тәрбиесіне жеткілікті көңіл бөлуіне уақыт тапшы болып жатады. Сондықтан балабақшада біз баланың білім алып, ортаны танып, дұрыс таным қалыптастырып жетілуіне үлкен мән береміз. Бала – біздің болашағымыз. Болашақ ұрпақ тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қараған жөн. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруіміз қажет. Отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбиені ұштастыра отырып, әрі қарай дұрыс дамып-жетілуіне себепкер болу балабақша ұжымының да келешек ұрпақ тәрбиесіне қосар үлесі.
Балабақшада баланы еңбексүйгіштікке баулу, адамгершілік, эстетикалық қасиеттерін дамытуға назар аударылады.
Бала – тұлға, оның да жеке ойын, тілегін, пікірін сыйлау маңызды. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, сондықтан жақсы сөздер айтып, оның ойымен де бөлісіп, ой-санасын дамыту керек деп есептейді балабақшадағы тәрбиешілер ұжымы.
Балабақшаның білімді, ізденімпаз педагогтері балалардың шығармашылық қабілеттерін белсенді дамытуда, танымдық қызығушылықтарын қанағаттандыруда және жалпы білім беретін мектептің бастауыш сыныбында оқуға қажетті дағдыларын қалыптастыруда үлкен үлес қосып келеді.
Балабақшалардағы интерактивті коммуникативтік технологиялар — «сөйлейтін» қабырғалар, Реджио шеберханалары, интерактивті еден, белсенділік орталықтары, робототехника зертханалары, аква және гидропоникалық қондырғылар, Кванториумдар және т.б. балалардың бойындағы түрлі қабілеттерді шыңдап, толықтай дамытуға ықпал етеді. Қалыптасқан білім, икемділіктер мен дағдылар балабақша тәрбиеленушілеріне әртүрлі деңгейдегі конкурстар мен жарыстарға нәтижелі қатысуға мүмкіндік береді. Бұндай шараларда ата-аналардың көрсетіп жатқан қолдауын ерекше атап кеткен жөн.
Сонымен бірге баланы тәрбиелеуде ата-анамен өзара әрекеттесу «Мейірбан ата-аналар клубы», спорттық, шығармашылық, қайырымдылық және т.б. іс-шаралар арқылы жүзеге асырылады.
Осылайша, ата-анамен бірлесе отырып, балаларды тәрбиеге баулуда тығыз байланыста жұмыстар атқарылады.
Бала тәрбиесінде ата – анамен мен тәрбиешілердің жауапкершілігі үлкен орын алады. Себебі ата – ана мен тәрбиешілер баланың мінез құлқын, өмірге көзқарасын қалыптастырады. Балалар үйде көрген тәрбиесін толықтырады. Тәрбие ешқандай үзіліс, демалыс күндер дегенді білмейді. Жас ұрпақты қоғамымыздың саналы азаматы етіп тәрбиелеу – бала тәрбиесінде ат салушы тәрбиешілер мен отбасының негізгі міндеті.
Қазақтың «Баланың бас ұстазы – ата-ана», «Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөздері бар, отбасында әдемі таным, түсінік қалай қалыптасса, өскенде сол қасиет бойынан табылады. «Болса тәртіп бала өседі сомдалып, қатал ұста бос жүрмесін сандалып» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, есі кіріп, тілі шыға бастасымен-ақ баланы шектен тыс шолжаңдатпай, байсалды, ұғымпаз, тілалғыш етіп баулыған жөн. Қай халық болмасын үмітін ең алдымен ұрпағымен байланыстырады. Міне, сондықтан да: «Ана – үйдің берекесі, бала –үйдің мерекесі», «Бала болсаң болғандай бол, айналаңа қорғандай бол» деген қағиданы берік ұстанған ата-бабаларымыз өз ұрпағын «адам, азамат» деген атқа лайық етіп өсіруді мақсат еткен. Сондықтан отбасындағы тәрбие мен балабақшадағы тәрбие өзара тығыз бірлікте. Халықтық педагогикадан бастау алып, ғылымда дәлелденген нәтижелерге сүйене отырып, тәрбие құралдары мен әдістері дұрыс таңдалып жүргізілсе, ізгілікті тәрбиенің негізі қаланбақ. Бала тәрбиесіндегі балабақша ұжымы мен ата-аналар ынтымақтастығының әсері өте зор. Педогогикалық ұжым мен ата – аналар күшімен балаларды еңбек сүйгіштікке, үлкендердің еңбегін құрметтеуге, тапсырылған жұмысқа жауапты қарауға, кемшілік пен қиындыққа төтеп бере алатын, адамгершілік әдеттер мен ізеттілікті меңгерген, әлеуметтік жағынан да бейімделген баланы тәрбиелеуді көздеген жөн.
Егер жақын адамдары балаға барлық жағдайда бірдей қарайтын болса, ол өзінен не талап етілетіндігі, нені істеуге болады, ал қандай нәрсеге рұхсат етілмейтіндігін анық түсінетін халге жетеді. Жалпы бала тәрбиесінде бірізділік сақталған жағдайда баланың өз іс – әрекетіне, тәртібі мен мінез – құлқына жауапкершілігі арта түседі.