Home » Мақалалар » МЕН ТАҢДАҒАН МАМАНДЫҚ

МЕН ТАҢДАҒАН МАМАНДЫҚ

Қызылорда қаласы,
№5 И.В.Панфилов атындағы мектеп-лицейі
11-сынып оқушысы
Нұрмағанбет Арайлым Бекмұратқызы.

Арман мен мақсат қатар келіп, бір-бірімен жарасым тапқан жағдайда ғана олардың орындалатыны анық. Мен бала күнімнен тілшілік тіршілігі туралы ізденіп, журналист ағаларым мен әпкелеріме қызығып өстім. Қазіргі таңда мектеп қабырғасын тәмамдап, сол салаға қарай алғашқы қадамдарымды баспақпын. Қалай болары белгісіз… Дегенмен, бір білетінім, шындықтың шылбырын, турашылдықтың тізгінін ұстайтын елдің қамын ойлайтын, халықтың жайын билікке жеткізер журналист боламын деген мақсатым бар.
Шерхан Мұртаза атамыз айтқандай, «Журналисттің жегені жантақ, арқалағаны алтын». Осы тіркес әсте есімнен шықпайды. Қай саланың болсын өзіндік қиындығы бар. Бірақ адамдардың өзінің мамандығына деген сүйіспеншілігі жоғары болса, алдына келген қандай қиындық болса да еңсереді деп сенемін. Зерттеулерге сүйенсек, әлемдегі 80 пайыз адам, өзінің нәпақасын тауып жүрген жұмысына деген «махаббаты» аз екен. Ол өздерінің жұмысын жақсы көрмейді деген сөз деп білемін. Сондықтан өзімнің таңдағаныма, жүрек қалауымның үніне құлақ түрдім. Ол – журналистика.        Журналистика саласының қызығы мен қиындығы мол мамандықтар қатарында екенінен хабарым бар. Интернет ресурстары арқылы  көптеген бейнекөріністер мен басылым беттеріндегі мақалаларға көз жүгірткенім бар еді. Солардан түйгендерімді тізбектеп бермекпін.     Журналистің қоғамдағы рөлі орасан зор деп айта аламын. Билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Сонымен қатар аса қауіпті мамандықтар қатарында.
Журналист болу үшін адам бойында мынадай қасиеттер болу керек:

  • әрбір жазғаның оқырманның жүрегіне жетуі тиіс;
  • шындықты шырылдап, бұқараның базынасын билікке жеткізу керек;
  • ол барлық саладан хабардар болуы керек;
  • адалдықты ұран етуі тиіс;
  • сөз құдіреттілін ұғыну керек.

Осы секілді тізбектеліп кете беретін жолдар бар.
Адам өмірде екі нәрседен қателеспеуі керек. Бірі – мамандық, екіншісі, жар таңдаудан. Сол секілді мен де журналист болғым келеді. Журналистика саласының өзіндік қызығы бар деген болатынмын. Тіпті, бейнесабақтарды да көріп жүрмін. Телеарна тарландары мен  баспасөз білімділерінен алар ақылым мен білімім көп. Кейде аға буынның сөзіне еліктеп, айнаға қарап өзімнің журналист болып тұрғанымды елестетемін. Ата-анамның үмітін ақтап, жүрек қалауыммен тілші болсам деген арманымның алғашқы баспалдағына өтпекпін.
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап…» деп талмай еңбек етіп, қажырлы болып, өз мамандығымның биігіне шыққым келеді.
Арманым асқақ, мақсатым айқын.

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.