Баланың шыр етіп өмірге келуі-зор қуаныш. Өйткені, бала өмірдің сәні, отбасының шаттығы. Дана қазақ тоғыз ай құрсақта жатқан сәбиді шілдеханамен қарсы алып, тербелген тал бесікке салған. Бесік жырымен әлдилеген, алақанға салып аялаған. Тәрбиесіне жауаптылықпен қарап, бойына жақсы қасиеттер сіңіруге тырысқан.
Халқымыздың сан ғасырдан бергі даналығына құлақ ассақ, «Адамның бақыты — балада» деген екен. Біреу бақытын байлықтан тапқысы келсе, екінші біреуі даңқ пен атақтан, мансап пен қызметтен іздестіреді. Мұның бәрі түсінген адамға қолдың кірі сияқты нәрсе. Адамға нағыз бақытты — тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген сөз тегін айтылмаса керек. Олай болса адам өмірінің мәні — өз ұрпағы.
Отбасында басты мәселелердің бірі – баланың тіршілік іс — әрекетін дұрыс ұйымдастыру. Ол үшін баланың күн тәртібі, жеке басына қойылған талаптар, міндеттер, үй еңбегіне араласуы, білімі, қызығушылықтары, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруына көмектесіп ықпалын тигізу. Баланың бойына барлық жақсы қасиеттерді дарыту, тіпті жанында жүрген достарына дейін мән беру, табиғат сыйлаған дарыны болса дамыту, дұрыс білім алуына жағдай жасау — ата-ананың басты парызы.
Мектеп партасында отырған баланың жан – жақты тәрбие алуына ең бірінші ықпал ететін ұстаз болса, оның сүйеушісі – ата-ана. Сондықтан ата-ана өз баласының білім алуына барынша жағдай жасауы тиіс, оқу үлгеріміне күнделікті назар аударып, қадағалап отыру керек. Өкінішке орай, кейбір ата-аналар бұған жеткілікті мән бермейді. Бала тәрбиесі — өте күрделі үрдіс және ешқандай үзіліс, демалыс дегенді білмейді. Баланың жақсысы әке мен шешенің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, бақытсыздығы, азабы», — дейді халқымыз. Бала мектепте 6,7 сағат болса,18 сағат үйде болады, сол себепті ата-ана баласының оқуын, жүріс-тұрысын, жолдастарын сонымен қатар киетін киімін де қадағалап, аптаның соңғы күндері сынып жетекшісімен, пән мұғалімдерімен байланыс жасап сабақ үлгерімі, тәртібі жайлы мәлімет алып отыруы қажет.
МЕРЕКЕ УТАРБАЕВА,
«Құрық орта мектеп-гимназиясы» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі.