Home » Жаңалықтар » Бала жан-дүниесінің тәрбиесі – оның мінезіне айналады

Бала жан-дүниесінің тәрбиесі – оның мінезіне айналады

Қазіргі кезде бала тәрбиесі өзекті мәселеге айналды. Оның шешу жолдарын педагог-психологтер де зерттеуде. Осы мәселе төңірегінде Астана қаласы Білім басқармасының ұйытқы болуымен «Әдістемелік орталық» мамандары ата-аналармен, педагог-психологтермен және мектеп директорының тәрбие жұмысы  жөніндегі орынбасарларымен, сынып жетекшілерінің басын қосып «Бала психологиясы» атты тәжірибелік ой-пікір алмасу семинарын өткізді.

   

 

Семинарға келген ғалымдар мен тәжірибелі психолог-психотерапевтер бала тәрбиелеу ісіне шарана жөргекте жатқаннан және 1-3 жас аралығынан назар аудару керектігін айтты. Әсіресе, Астана қаласындағы Қазақ ұлттық хореография академиясының доценті, PҺD докторы Сақтағанов Балабек Кеніштайұлының тәлімі ұлттығымызға жақын болды. Көпшіліктің көкейінен шықты. Ол бала тәрбиесін ананың құрсағына біткеннен бастау керек деді.  Жаңа туылған шақалақты жұбатамын деп қолға алып көтере беру дұрыс емес дейді ол. Мысалы, бала жылаған сайын қолға алып жұбатса, ол бейсаналы түрде қолға үйреніп кетеді де, сосын тек көтеріп жүр дейтін болады. Ал, жатқызып үйретсең жыламай жата беретін болады дейді. Өкінішке қарай, қазіргі кезде отбасын құратын жас қыздарды ең әуелі ертеңгі ұрпағының тәрбиесі емес, оның ең қымбат көйлек киуі, ең қымбат лимузинмен шерулетіп өтуі сияқты өткінші салтанатты той өткізу екен қызықтыратын. Бар арманы оны құрбыларының арасында мақтан қылу екен. Тұрмыс құрғалы отырған бойжеткен аруларымыздың отбасын құруда ана сүтімен берілетін қасиеттен, тәрбиеден жұрдайлығы қабырғамызға аяздай батады, -дейді Балабек Кеніштайұлы. Ол бұған  кең көлемде жүргізген ғылыми зерттеуінде көз жеткізген екен. Ия, салт-санамызда жас қыздарымыздың күйеуге шыққанан кейінгі армандары ең бірінші кезекте өмірге әкелетін ұрпағының дені сау болып туылуы еді. Ертеңгі ұрпағының қандай боларын ойлап, өнегелі немере сүйуді тілеген ұлтымыз «Көргенді жердің қызын ал» деген. Сол үшін қазақтың қалыптасқан дәстүрлі отбасылық өмір салтында әжесі мен анасы қызды отбасынан келін болуға, ана болуға үйретіп тәрбиелеген. Ал, ұлдың санасына отбасыңа, әулетіңе, ел мен жердің иесісің, қорғанысың деп бала кезінен жауапкершілік ұялатқан. Шаңыраққа келін түскен күннен бастап бала көтеріп босанғанға дейін қазақ әулетіндегі әжелер келіннің суық су ұстамауына, ауыр жұмыс істемеуіне мән берген. Себебі, бала көтерген кезде әйелге суық тиіп қалса ол іште жатқан баланың дамуына кері әсер етеді деген. Іште жатып суық тигізіп туылған бала аурушаң болып, белсенділігі нашар, өсе келе өмірге құштарлығы төмен болатынын біліп оның алдын алған. Аяғы ауыр ананың ешнәрсеге мұқтаж қылмай, жүйке жүйесінің тыныштықта болуын, ішіп-жемін қамтамасыз еткен. Ақылды көпті көрген көреген қазақ әжелері мен енелері келінді ұрыс-керіс, дау-дамайдан аулақ ұстаған. Ондағысы өмірге дені-қаны сау, жүйкесі жетілген ұрпақ әкелсін деген ақ ниет еді.

Психоаналитик «Bilim Foundation» мекемесінің маманы Жанат Досжанованың айтқан ойлары осы оймен сабақтасып жатты. Ол қазақтың бала тәрбиесіндегі балаңды беске дейін хандай күт, бестен он беске дейін құлыңдай жұмса, он үш жастан кейін досыңдай сырлас деген қағидасын тәптіштеп түсіндірді. Баланы бір жастан беске дейін хандай күт дегені, мысалы екідегі бала дәретке отырып қойса, оған ұрыспай оны қалай істеу керегін асықпай түсіндіру керек дейді ол. Бала сізді ақылмен ұқпаса да бейсаналы түрде түсінетін болады. Баланы кінәлап «Сен не істеп қойдың, бүлдірдің» деп дауыс көтерсеңіз, баланың қорқыныштан  жүйкесі тітіркенеді де, санадағы өзін кінәлі сезіну үдерісі өсе келе баланы кекештікке, жасықтыққа, сараң болуына ұрындыруы мүмкін екен. Ал, енді бес жастан он үшке дейін құлыңдай жұмса дегенімен психологтер де келіседі екен. Бұл жаста баланы тәрбиелеу керек. Уақытылы ұйықтау, сабағына бару, ойыншықтарын реттеп жинау, сөздерді дұрыс айту, әдеб сақтау сияқты өмірлік маңызды салттарға тәрбиелей беру керек дейді маман. Он үш-он төрт жасқа келгенде балада жыныстық гормондары қалыптасып жетіле бастайды. Осы кезде баламен досыңдай сырласу керек. Себебі, бала өз бойындағы, жүйке жүйесіндегі өзгерістерді өз бетінше түсіне алмайды. Бала өздігінен адам болмайды. Оған ата-аналар біраз еңбектенуі керек дейді,-психоаналитик Жанат Досжанова.

Баланың биологиялық дамуына әсер ететін жайттарды «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атты мемлекеттік жобасының жеңімпазы, жас оқымысты биотехнолог Қуат Әмір де айтып берді. Ол – психология, биотехнология, медицина – биологиядан бастау алады деді. Баланың уақытылы ұйықтауы, сергектігі, метаболизм, гормондық өзгерістер биологиямен байланысып жатыр. Осы биологиялық қалыптарды баланың жас кезінен сақтамаса ол есейгенде тәрбиесіне әсер етеді екен. Бала өмірінде ештеңе бекер өтіп кетпейді. Ол уақыты келгенде өз алдыңнан шығады дейді ол. Мысалы, бала 2-3 жасында ата-ансына келіп «Анашым, жүр, ойнаймыз, далаға шыққым келеді» дегенде «Қазір, тұра тұр шығамыз» деп ұмытып кетіп жатамыз. Бірақ, балаңыз есейгенде қоқыс төгіп кел, не дүкенге барып кел деп жұмсағанда «Қазір барамын» деп отыра береді. Сосын, сіз «Мынау бала қайдан шыққан? Неге айтқанды істей қоймайды?» деп ашуланасыз. Бірақ, бала кезінен осылай тәрбиелеген өзіңіз екенін мойындағыңыз келмейді. Бұл, «Не ексең соны орасың» деген бала тәрбиесіндегі қағида» дейді ол. Және, ата-анасы баланың «Ананы істегім келеді, мынаны ойнағым келеді» дегеніне оның ынтасын қайтару арқылы,  ол келешектегі баланың өз бетімен бір іске шешім қабылдап істеу қабілетінен айырып жатқанын білмейді. Осы жерде ең әуелі баланың еңбектенуге, еңбекке деген ынтасын жойып алмау керек. Еңбексүйгіш бала өмірде кез келген қиындықты жеңіп шығады. Қуат Әмір бала тәрбиесінің қатып қалған әдістемесі жоқ. Бала ата-анасынан көргенін істейді-дейді.

Қазір жан-жақтан ақпараттар тасқыны толастамай тұр. Әлеуметтік желілер арқылы бала санасын жаралайтын түрлі бейәдеп жәйттар көп таралуда. Олар баланың тәрбиесін бұзып, тіпті түрлі жағымсыздықтарға ұшыратуда. Жұмысбасты ата-аналар өз балаларының жүріс-тұрысына ие бола алмай қалуда. Осындай жағдайларды ескерген Астана қалалық Білім басқармасы ата-аналар мен балаларға, педагогтерге психологиялық қолдау көрсететін бес  бөлме ашқан. «Бала психологиясы» атты іс-шараны ұйымдастырушы «Әдістемелік орталықтың» әдіскер-психолог маманы Айжамал Керімбекқызының айтуынша психологиялық көмек беру бөлмесінде мықты психологтер тегін қызмет көрсетуде. Психологиялық көмек сұраған баланың ата-анасымен орталық мамандары бала сауығып кеткенше бақылауында ұстап, байланыста болады екен. Ал, бүгінгі өтіп жатқан іс-шарада қазіргі баланың психологиясын толығымен түсінуге ғылыми-практикалық тұрғыдан әр маман өз тәжірибесімен бөлісіп, ақпарат беріп жатыр. Осында алған білімін ата-аналар, психологтер, педагогтер бала тәрбиесінде қолданып жатса біз үшін, ол жақсы нәтиже болар еді,-деді Айжамал Керімбекқызы.

Назар аударарлығы осы жиында психологтердің тәлімі қазақы салт-санаға жақын өтті. Адам баласының бір-біріне қайырымды, мейірімді, еңбексүйгіш, адамсүйгіш болып өсуі – қазақы тәрбиге тән. Ғұлама әл Фараби де «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деді емес пе?

«BILIM AINASY»,
Зүбәйра Әкім,
Астана

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.