Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
Батыр елді мекені
№ 10 жалпы орта мектебі
Бастауыш сынып мұғалімі
Алияева Айнур Кошкарбаевна
Көздің жасы, маңдайдың тері, аққан қанның арқасында жеткен Ұлы жеңіске, міне, биыл 75 жыл толып отыр. Біз, тіпті біздің ата-анамыз куә болмаған бұл Жеңіс біздің бойымызға қуат беріп, Отан деген ананың қадірін асқақтата түседі. Себебі осы соғысқа аттанған әр азамат «Анамды қорғаймын, жау қолына бермеймін!» деп аттанып едіғой. Майдан кешіп, жырақта жүріп, өлімнің өткір жүзінде етігімен су кешкен ата — бабаларымыз көздің қарашығындай аманат етіп тапсырған құдіретті һәм мәртебелі Ұлы Жеңістің Туы ешқашан еңкеймек, ешқашан жығылмақ.
Екінші дүниежүзілік соғыстың шешуші ірі бөлігі болып табылатын Ұлы Отан соғысы бас сұқпаған ошақ — шаңырақ жоқтың қасы. Арам пиғылды фашистерді шыққан індеріне қайта тығуға өз еркімен аттанған жауынгерлер қатарында біреудің әкесі, біреудің аға — бауыры, біреудің атасы, біреудің жұбайы, біреудің қызы, біреудің келіні, біреудің анасы, біреудің баласы болды. Тылда қалған туған — туысқандардың, отандас — ағайындардың тыныш өмірі үшін, жау қолында қалып, азаттықты аңсаған елді мекендерді азат ету үшін жанын пида еткен сұрапыл соғыстың құрбандары да аз емес қой. Сол азаматтар мен азаматшалардың бүгінгі күні ортасы сиреп барады. Әрине бұл өте өкінішті.
Бұл Жеңісті көзіміз көрмесе де, жүрегімізде үлкен орын алады. Осындай азат, әрі еркіндікті ту еткен елде өмір сүріп жатқаным үшін Ұлы Отан соғысында жер құшқан азаматтарға, Жеңісті алып келген ата-әжелерімізге алғысымыз шексіз. Бізде қалыс қалмаспыз, еліміз үшін соғысқа аттанбасақта, еліміздің дамуы үшін, өркендеуі жолында терімізді төксек – бұл біздің Жеңісіміз болмақ. Ұлы Жеңістің мерейлі жетпіс бесінші көктемі қандай шуақты десеңізші! Жыл сайын майда мамырмен келетін осынау мереке — мейрам әрбіріміз үшін сондай маңызды, сондай сағынышты ғой қашанда. Ұлы Жеңістің маңызын сары майдай сақтап, өкшелеп келе жатқан өскелең ұрпаққа асыл мұра, қымбат қазынадай қалдыруда еш аянып қалмайық. Ұлы Жеңістің Туы желбірей берсін!