Ақтау қаласы
«№13 гимназиясы» КММ
бастауыш сынып мұғалімі
Айтжанова Шынар Қуатбайқызы
Кез-келген салаға жаңашылдық енсе, үрке қарайтын әдетіміз. Қашықтықтан оқыту жүйесі бастапқыда мұғалімнің, ата-ананың, оқушының бойында қорқыныш тудырғаны анық.«Көз қорқақ, қол батыр» демекші, әрбір жаңа істі бастарда адамға тәуекел, өзіне деген сенімділік керек. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.Сондықтан да осы жаңа форматтағы оқу жүйесіне нық сеніммен кірісіп кеттік.
Бұл алғашқы тәжірибе болғандықтан, технологияны көбірек қолдануды қажет етті. Өзімнің дәстүрлі білім беру тәжірибемде Bilimland.kz iMektep.kz платформаларын күнделікті қолданып жүргендіктен, маған қосымша ресурстармен жұмыс жасау аса қиындық тудырған жоқ. Қашықтықтан оқыту жүйесінде де қазақ тілі, әдебиеттік оқу, дүниетану, жаратылыстану, математика пәндері бойынша Bilimland.kz iMektep.kz платформаларындағы материалдарды сабақтарыма күнделікті пайдаланып отырмын.
Бұл оқу жүйесі оқушылардың бойында білімге деген үлкен қызығушылығын арттырды. Күн өткен сайын оқушылардың сабаққа деген құлшынысы артып, орындаған тапсырмалары қызықты, сан алуан ерекше біріне бірі ұқсамайтын жұмыстар толассыз келіп жатты. Бұл орындалған тапсырмаларды көріп, өзімнің жасап отырған жұмысымның еш кетпегенін білдім.Әсіресе жаратылыстану, дүниетану пәндерінен жүргізілген зерттеу жұмыстарынан көруге болады.Жаратылыстану пәнінен «Көлеңке театрын қалай жасайды?», «Дыбыс қалай пайда болады?» тақырыбынан берілген зерттеу жұмыстарында тек қана оқушы емес,солармен бірге бүкіл отбасы зерттеуге қатысқандығы көрініп тұр.Осындай тапсырмаларды оқушылармен бірге ата-аналардың да күтетіндігін айтып, кері байланыстар беріп отырады. Оқушылардың тілдік қорын байыту мақсатында жүргізілген іздену жұмыстарының арқасында балалардың қоржынында ертегілердің саны артты. Балалардың актерлік шеберлігі ояна бастады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде 2016,2019 жылдары үш оқушым ғылыми зерттеу жобасынан республика көлемінде жүлделі орындарды алған болатын. Оқушыларымның дәл қазіргі жасалып жатқан жұмыстарының арқасында алдағы уақытта осындай үлкен жетістікке жететініне сенімдімін.
Математика сабағынан «Ақша.Теңге», «Монеталар», «Баға», «Ақшаны ұсақтау» сабақтарын қорытындылау мақсатында өткізілген практикалық сабақтың өзі балалар үшін қызықты өткендігі, олардың өз бетінше жұмыс жасау белсенділігінің артқанын байқауға болады. Практикалық жұмыстар біріншіден, олардың ақыл-ойын таным белсенділігін, екіншіден сабаққа ынталарын, қызығушылығын, үшіншіден ешкімнің көмегінсіз өздігінен жұмыс істеу қабілеттерін дамытады. Оқушылар оңай қорытындылар жасай алады.
Оқушылардың білім алуға деген қызығушылығының артуы, жаңа форматты оқытуды меңгеруге көмектесіп жатқан ата-аналарымның арқасы деп білемін. Балалардың күнделікті тапсырмасының 100% орындалуын қадағалап, оны мектеп едуге, ватсап, телеграм желілеріне уақытылы жүктелуі ата-аналардың арқасында жүзеге асып жатыр.Балалардың шығармашылығына жол сілтеп,қабілеттерін шыңдауға көмектескен, осындай қиын сәтте қолдау көрсеткен барлық ата-аналарыма алғысым шексіз. Ата-ана-оқушы-мұғалім үштік одағының әдемі үйлесімділігінің арқасында кез-келген қиындықты жеңетінімізге кәміл сенімдімін.