Алматы қаласы, Алатау ауданы,
№171 жалпы білім беретін мектеп
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Даберова Гулзат Затыхановна
Жеңіс! Жеңіс! Жеңіс! Осы ұлы сөзді есту үшін сонау қырғын ,алапат соғыста ата-бабаларымыз қайсар күш жігермен 5 жылға уақыт мерзім ішінде күресті. Ұлы, киелі «Жеңіс!» сөзі 1945 жылдың 9 мамыр күні халыққа жол тартып «Алақайлаған» дүниежүзі халықтарының қуанышында шек болмады. Міне, осы сөздің ел құлағында сақталып, жатталып, жаңғырғанына биыл 75 жыл толып отыр. «Отан үшін алға , шегінуге жол жоқ !» деген ұранмен жауынгерлер қыстың қаһарлы , ызғарлы суығында ,жаз мезгілінің аптап ыстығында қиындыққа мойымай ерлік көрсетті. Бұл күн — 9 мамыр соғыстың бар ауыртпалығын өз мойнымен көтеріп, Отан үшін от кешкен , соғыстың қанға бөккен даласында ерлікпен , қайсарлықпен шайқасқан, Жеңістің туын желбіреткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері үшін ерекше атап өтерлік күн. Жеңіс күні –әр адамды толқытатын ерекше, аса қастерлі де айтулы күн . 9 мамыр көптеген ел , халық тағдыры үшін киелі , қастерлі , қасиетті күн деп айтуға болады. Олай дейтінім ,сұрапыл соғысқа қазақ жерінен 1 миллион 200 мың адам аттанған екен.Соның ішінде тек жартысына жуығы ғана елге оралып, 500 адам батыр атағына ие болған дейді тарих беттері. Сұрапыл соғыста қан төккен ардагерлеріміздің арқасында Қазақстанда бейбітшілік, тыныштық орнады. Сол соғыста ерен ерлік , көзсіз батырлық көрсеткен Б.Момышұлы,Т.Бигелдинов, Б.Бұлқышев , Н.Әбдіров , Рейхстагқа ту тіккен Р.Қошқарбаев , мерген,батыр қыздар-апаларымыз Әлия мен Мәншүк, қанатты қыз атанған Хиуаз Доспанова сынды батырларымызды атап өтпесек болмас . Осындай жүрек жұтқан батырларымыздың арқасында жойқын күнді артқа тастап, бейбіт күнді бастан кешіп отырмыз. Сонымен қатар партизан жауынгерлеріміз Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ж.Саин, Ғ.Омаров секілді батырларымыздың да белсене араласқанын айта кеткен жөн деп ойлаймын.
Қан майданда тылдағы азаматтардың да елі,халқы,жері үшін жасаған еңбегі де ерекше атап өтерлік жағдай. Қазақстанның ауыл шаруашылығы майданды азық-түлікпен , киім-кешекпен қамтыды. Республика соғыс жылдарында майданды 5829 мың тонна астықпен, 734 мың тонна етпен жабдықтаған екен. Осының өзі ел , ұлт тарихында Ұлы Отан соғысының қасіретінің тарихы ерекше екенін парақтайды. Сондықтан да ,халқымыз үшін 9 мамыр мерекесінің орны ерекше. Себебі, Қазақстан тарихында Жеңіс күні 9 мамыр –батырлық пен ерліктің даңқы жарған күн. Отан үшін от кешкен қаһармандарымыздың ерлігін естен шығаруға болмас. «Жеңіс күні !» деп алтын әріппен жазылған бұл күн тарихта қайсарлық рух пен жалынды жігердің хас үлгісі іспетті.Сол үшін соғыс және тыл ардагерлерінің алдында 9 мамыр күні бас иіп , тағзым етуге тиіспіз.
Еліміздің тарихында, жалпы адамзат тарихында Ұлы Отан соғысының батырларының ерлігі алтын әріптермен жазылып, жадымызда мәңгі сақталмақ.