Ешманова Жұлдыз Жұмабекқызы
Маңғыстау облысы
Түпқараған ауданы
Ақшұқыр мектеп лицейінің бастауыш сынып мұғалімі
Жұқпалы дерттің таралуына жол бермеу мақсатында елімізде енгізілген төтенше жағдайларға байланысты жалпы білім беретін мектептер қашықтан оқуға көшкен еді. Қандай жаңалықты да жұртшылықтың алғашқы кезде тосырқай қабылдайтыны белгілі. Қашықтан оқуды да мұғалімдер мен оқушылар алғашында «қалай болар екен» деп қорқыңқырай қабылдағанмен, уақыт өте келе жаңа тәсілге тез бейімделіп, тіпті оның артықшылықтарын сезініп үлгірді.
Қашықтықтан оқыту – білім берудің ақпараттық және телекоммуни кациялық технологиялардың көмегімен жүзеге асырылатын арнайы түрі. Әдеттегі өзіміз үйренген дәстүрлі оқу түрінен айырмашылығы және артықшылықтары өте көп бұл оқу түрі – білім беруші мен алушының өз-ара қарым-қатынасының, оқу құралдары мен әдістемелердің және оқытуды ұйымдастырудың өзгеше түрімен ерекшеленеді.
Қазіргі кезде оқушылар да, ұстаздар да жаңа заманның ақпараттық озық технологиясы – компьютермен жұмысты жақсы біледі және жоғары деңгейде меңгерген. Содан болар, қашықтан оқу ұстаздар мен оқушыларға еш қиындық әкелген жоқ. «Балапан», «Еларна» телеарналарынан берілген бейнесабақтарды қараған оқушылар үй тапсырмаларын орындап, мұғалім күнделікті берілген тапсырмаларды тексеріп және қосымша сұрақтар қойып, оқушылардың білімдерін нығайтуға, күнтізбелік кестеге сай сабақтарды меңгерулеріне жағдай жасады.
Қашықтан оқудың алғашқы кезде бірқатар қиындықтары да болды. Ол интернет байланысының баяулығы, алғашқы кезде жұмыс істеген ZOOM сияқты бағдарламалардың көңілдегідей қызмет көрсетпеуі сияқты кедергілер еді. Дегенмен, уақыт өте келе қашықтан оқу үдерісі жолға қойылып, мұғалім-оқушы-ата-ана байланысы нығая түсті. Мен өз сабақтарымда әрдайым түрлі платформадағы аудио-видео сабақтарды көбірек пайдалануға тырысамын. Өйткені, қызықты нақты мәліметтермен өткізілген сабақтарды балалар тез және жақсы қабылдайды. Осы орайда, қашықтан оқудың бірқатар артықшылықтары бар екен. PowerPoint бағдарламасы арқылы өтетін тақырыпқа орай слайдсабақтар дайындаймын. Онда слайдсабақ суреттермен, кескіндемелермен, тақырыпты ашатын жазбалармен безендіріп беріледі. Сабақтарда тақырыпты ашатын сауалнамалар, тапсырмалар, ойындар да қамтылады. Бұлардың бәрі оқу сапасын, балалардың сабаққа деген ынтасы мен белсенділігін арттырады. Әр мұғалім тек қана оқушы алдында емес, ата-анамен тығыз байланыста тұрғанын ескерсек, берілетін әр тапсырманы дұрыс, нақты, оқушыға жеңіл болуы басты назарда болды. Себебі, білім алушы берілген тапсырманы туыстарымен талқылау арқылы ата-анасының қолдауымен орындауды дағдыға айналдырды. Бұл ата-анамен ынтымақтастықта жүйелі жұмыстануға жетеледі. Олар берілетін білімді баласының қолайлы ортада дұрыс меңгеруі үшін бар мүмкіндігін жасап бағуда. Кейбірі баласына күрделірек тапсырмаларды қосымша берілуіне өтініш жасаса, енді бірі түрлі білім көздері арқылы берілетін қызықты материалдарды бірге көріп ризалықтарын білдіруде.
Қашықтан оқуда кері байланыс жақсы жолға қойылған. «Мектеп еду» сервисі арқылы балалар мұғалімнің дайындаған үй тапсырмаларын алып, оның жауабын сонда салып отырады. Үй тапсырмаларын балалар қалаған уақытында орындауларына мүмкіндіктері бар. Әрине мынадай уақыт аралығында орындау қажет деген шектеулер қойылмады, десе де оқушылар мектепте ұстаз алдында отырғандай емес, біршама еркін және өз бетінше жұмыс істеуге дағдыланады. Керек кезінде ватсап желісі арқылы көмек алып отырды.
Қашықтан оқуға көшкелі бір айдан сәл асатын уақыт өтті. Осы қысқа мерзім ішінде әрі ауыр, әрі жауапты міндетті сезінген ұстаздар да, оқушылар да заман талабына сай компьютерлік технологияға негізделген қашықтан оқудың қыр-сырын біршама меңгеріп, оған бейімделіп қалды. Анығын айтқанда қашықтықтан оқыту мәселесі –кез келген білім алушының білім алуға және белгілі бір ақпарат алуға деген құқықтарын іске асыруға мүмкіндік беретін жаңа жүйе болып табылады.