Менің әкем Тұрмантай Досманов 1919 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бестам ауылдық кеңесінің қарамағындағы ауылда дүниеге келген. 1927 жылы сегіз жасқа қараған шағында ауылдағы Әуез деген молдадан ескіше хат таныған. 1932 жылдың басында әкесі қайтыс болады. Ашаршылық басталып күн көрулері қиындаған соң, оны шешесі бригаданың қарамағына мақта теруге жібереді. 1933 жылдың көктеміне дейін колхоздың күш көлігін, өгіз және аттарын бағып шыққан. Шөп,су,құдық қораның ішінде болған.
1933 жылы колхозда қалған және қайтып оралған колхозшылар егіс егуге шыққанда олармен бірге әкем де жұмысқа шығады. Кейін қой бағады. Мұғалім де болады. 1937 жылдан бастап колхоз басқармасының хатшысы болып 1938 жылдың қыркүйек айына дейін істейді. Осы жылы Шиелідегі жер бөлімінің жанынан есепшілер дайындайтын үш айлық курс ашылып, колхоз басқармасы оны сол курсқа оқуға жібереді. Оқуды бітіріп келген соң есепші болып 1939 жылдың қыркүйек айына дейін жұмыс істейді. 1939 жылдың қыркүйек айында Кеңес армиясының қатарына шақырылады. Шиелі ауданынан 68 жігіт сол жылы қазан айында Ярославль облысының Буй деген қаласында, 18-жеке атқыштар батальонында әскери міндеттерін атқарып, 1941 жылдың күзінде елге қайтамыз деп жүргенде, Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Осы 68 жігіттің ішінде «Алғабас» колхозынан Бекмырза Құлмырзаев, Өтеу Нұғыманов, Сейітбек Құтышев, Қордабай Әуенесов және менің әкем Тұрмантай Досманов болады.
1941 жылдың маусым айынан бастап соғысқа қатысады. Бригадасына «3-гвардиялық ауыр танк бригадасы» деген атақ беріледі. Калинин облысының Ржев қаласын азат етуде оң жақ аяғына оқ тиіп, жарақат алып,Калинин қаласындағы госпитальде емделді. Сол кездегі Сталиннің бұйрығы бойынша госпитальде емделіп, соғысқа жарамды болып шыққан гвардия солдаты бұрынғы өз бөліміне қайтарылатын болған. Сол бұйрық бойынша госпитальдің бастығы оған «Осы қаланың шетінде 22-армияның штабы бар, соған барсаң бригаданың қайда екенін айтады» дейді. Штабқа барса бригада командирі полковник П.Ротмистров күтпеген жерден кездесе кетеді.Әкем ол кісіге госпитальден шыққанын, мотоатқыштар батальонында автоматшы екенін айтады. Ол кісі оны машинасына мінгізіп,өз батальонына әкеліп табыс етеді. 1942 жылы тамыз айынан бастап Сталинград қаласын қорғауға қатысады. Сталинград жаудан азат етілген соң, оның ротасында қалған солдаттардың барлығы «Ерлігі үшін» және «Сталинградты қорғағаны үшін» медальдарымен марапатталады. 1942 жылы Сталинград майданындағы «Донский Фронт» газетінде суретімен «Жауынгер коммунист, гвардия аға сержанты Досманов» деген саяси жетекші, капитан Никитиннің мақаласы шыққан. Сталинградтан кейін Дон өзенінің бойындағы бір елді мекенде болған ұрыста бес жерден жеңіл жарақат алып,Саратов қаласындағы дала госпиталында емделеді.Жазылып шыққан соң өз бөліміне қайта қосылады.
Украина жерінде болған ұрыстарда бірнеше елді мекендерді және облыс орталығы Житомир қаласын жаудан тазартады.
1944 жылдың бас кезінде Молдавияның елді мекендерін жаудан босатып, Румыния мемлекетінің жеріне өтіп онда бірнеше елді мекендер мен Ботошан, Бухарест қалалары үшін болған ұрыстарға қатысып, ол жерлерді фашистерден азат етеді.
1944 жылы Белорус жеріндегі бірнеше елді мекендерді, қалаларды жаудан азат етіп, Минск қаласына жетеді. Минск қаласы үшін болған ұрыста сол қолынан жарақат алып, Москва облысының Серпухов қаласындағы далалық госпитальде емделеді. Москва облысындағы химзауытқа жұмыс істеуге жібереді. Бұл кәсіпорында 1945 жылдың қазан айына дейін болды.
Содан соң өз колхозы «Алғабасқа» келіп, құрметті демалысқа шыққанға дейін әртүрлі салада жұмыстар атқарды. Оның ішінде мал шаруашылығында 20 жыл фермада есепші және ферма меңгерушісі болып істеді. Бұл жұмыстан денсаулығына байланысты колхоз басқармасына өтініш айтып, өз еркімен босатылды. Мұнан кейін екі жылдай қатардағы колхозшы, 1967 жылдан бастап колхоздағы тексеру комиссиясының төрағасы болды. Осы комиссия жұмысын атқарып жүргенінде 1986 жылы қараша айында Қазақстан колхозшыларының бірінші съезіне делегат болып қатысты.
Әкемнің соғыс жылдарында бірқатар орден және медальдармен марапатталған. Атап айтқанда, «Ерлігі үшін» І-дәрежелі Отан соғысы ордені, «Сталинградты қорғағаны үшін», 1941-1945 жылдардағы Жеңіс медалі, Жуков медалі және т.б. Бұл медальдардың әрқайсысында Ұлы Жеңістің рухы сезіліп тұратыны сөзсіз.
Құралай Досманова,
№87 мектептің мұғалімі
Алматы