Б.А.Скакова,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Жамбыл облысы
Тараз қаласы
бойынша ПҚБАИ
білім беру процесін психологиялық-педагогикалық
сүйемелдеу кафедрасының аға оқытушысы
Сан-алуан мамандықтардың ішінде мұғалім мамаңдығы «адам – адам» жүйесіне негізделген. Бірақ осы жерде мұндай жүйеде адаммен тығыз жұмыс істейтін басқа да дәрігер, юрист, артист, сатушы т.с. секілді мамандар жеткілікті емес пе? деген ой туындауы мүмкін. Сондықтан да, осы жерде мұғалім мамандығының маңыздылығы оның қоғам дамуындағы рөлімен анықталатындығын айта кету керек. Ал, кез келген мемлекеттің өркендеуі оның білім беру саласының жағдайына негізделеді, ал білім беру процесіндегі маңызды тетік – ұстаз тұлғасы.
ХХІ ғасырда білім беру ұғымына деген көзқарас әлемдік деңгейде де өзгере бастады, себебі білім мен білімді ұрпақ мәселесі дамыған мемлекеттердің өркендеуінің негізгі қозғаушы күшіне айналды. Бүгінде ғылым мен білімге қояр талап артып, оқу жүйесі де күрделенген шақта жаңа қоғам мұғаліміне жүктелер жүк те еселене түсуде. Ұстаз қауымының алдында жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшіне жол бастайтын, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндеті тұр. Бұл жолда мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру сынды мәселелер педагогтердің алдында тұрған жауапты іс болмақ. Ал өздері білім нәрімен сусындатып отырған шәкірттеріне беретін білім сапасы – мұғалімнің кәсіби шеберлігінің кепілі болатындығы сөзсіз.
Мектеп жағдайына келер болсақ, бүгінгі таңда педагогикалық ұжым мен сол ұжымды құрудағы педагог кадрлардың негізгі мақсаты мен міндеттері – сабақ сапасын көтеру, оның түрлерін жетілдірудің жолдарын іздеу, іздене отырып, оқушының пәнге қызығушылығын және танымдық ізденімпаздығын арттыру. Осыған орай, мектепте жұмыс істейтін мұғалімдердің алдындағы өзекті мәселелердің бірі сабақтың жаңаша оқыту түрлерін дамыту болып табылады.
Ал, сабақ дегеніміз не? Сабақ – біртұтас жүйе және педагогикалық шығармашылық, сондықтан да ол біртұтастығымен, бөлімдерінің өзара ішкі байланысымен, мұғалім мен оқушының қызметтерін кеңейтудің бірыңғай логикалық жолдарымен ерекшеленуі керек. Оның сапасын көтеру жолдары қандай? Педагогикалық тәжірибенің бүгінгі даму деңгейінде белгілі болып отырғандай, оқытудың озық әдіс-тәсілдерінің бәрін еркін игеріп, әрбір нақты жағдайларға орай ең тиімді әдісін таңдап алу, олардың жиынтығын түрлендіре отырып пайдалану, әрі шығармашылықпен өзіндік білімді жетілдіріп отырғанда ғана жүзеге асатын іс.
Осы ретте өз білімін көтеру негізінде оқу-тәрбие үрдісін ұйымшылдықпен жүргізудегі басты тұлға – мұғалім. Осындай талапқа сай қызмет атқару үшін мұғалім бірінші кезекте өзінің әдістемелік, саяси-экономикалық, экологиялық, психологиялық, дидактикалық білімін ұдайы толықтырып, үздіксіз іздену үстінде өз мамандығы бойынша білімін жетілдіріп отыруы керек. Сонымен қатар психология мен педагогика ғылымдары жайындағы жаңалықтар мен озық тәжірибелерді үнемі пайдаланып отыруы шарт. Әрбір пән мұғалімінің ешкімге тәуелсіз кәсіби бағыты болуы керек. Сонда ғана мұғалім мен ұжым қызметінің желісі оқу-тәрбие жұмысының нәтижесі бүгінгі күннің талабына сай болады. Сонымен қатар мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен алдыңғы қатарлы озық тәжірибені жетік игеру. Одан шығатын қорытынды – сапалы, тиімді, нәтижелі ізденіс ұстаздың тынымсыз еңбегінің айғағы. Оқу-тәрбие үрдісінің дұрыс жүргізілуіне сабақта мұғалімнің түрлі оқыту әдіс-тәсілдерінің тиімдісін оқушылардың мүмкіндіктеріне және жағдайларына қарай таңдап алуы да маңызды. Себебі, ізденіс нәтижесінде жүзеге асатын тиімді оқыту әдісі оқушыларды алғырлыққа, байқампаздыққа, шығармашылыққа, еңбекқорлыққа, ең бастысы, ғылыми негізде ынтасын арттыруға мүмкіндік береді. Оқушыларға саналы білім, сапалы тәрбие беруді жүзеге асыруда мұғалімдер үнемі шығармашылық ізденісте, жаңа педагогикалық технологиялардың жетістіктерін пайдалана отырып, өздерінің кәсіби шеберлігін дамытуды кезек күттірмес мақсатым деп есептеуі керек.
Әрбір күн өзгеріске толы қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалмай, уақыт талабына сай болу, білімді өз бетінше үйрену, оны оқушыларға үйрету ұстаздықты мұрат еткен әрбір кәсіп иесінің ең қасиетті борышы, абзал парызы. Мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білімін беру ісінде рухани, парасатты шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технологияны меңгерген білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы тиіс. Сонда мектеп те, мұғалім де бала үшін қызмет етері сөзсіз.
Мұғалім – өскелең ұрпақтың интеллектуалдық негізін және рухани дүниесін қалыптастырушы, сонымен катар ол халқымыздың болашағы болып саналатын балалар тәрбиесіне жауапты қоғамның сенімді өкілі. Осындай аса ізгі де аса қиын кәсіп мұғалімдерден тұрақты шығармашылықты, ойдың тынымсыз жұмысын, орасан зор жан жомарттығын, балаларға деген сүйіспеншілікті, іске шексіз адалдықты талап етеді. Сондықтан мұғалім сабақ беру үдерісінде шәкіртпен ынтымақтастық орнатып, шығармашылық негізде әрекет етуі және тұлғаның қалыптасып, өз бейнесін табуы, даралық, руханилық болмысын танытуы; оқушы тұлғасына қолдау көрсету және өзін-өзі қорғауға ұмтылдыру; тұлғаны түсіну, салауатты өмір мен өзіндік қатынастың негізін қалау; жаңа ақпаратты талдай отырып, терең меңгеруге, маңызын анықтай алуға мүмкіндік жасау; өзіне қарама-қарсы идеяларды жоққа шығаруға емес, түсінуге ұмтылуды нұсқауы мәселелеріне назар аударуы керек. Соңғы жылдары жеке тұлғаны қалыптастыруды дамыту және оған жан-жақты терең білім беру мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылып, мемлекеттік стандарт талаптарына сай бақылау тәсілдерін қолдануымыз көңілге қуаныш ұялатады. Өйткені қазіргі кезеңде білім беру жүйесінің ең басты мәселесі – шәкірттің білім сапасының деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. Осыған орай, мемлекеттік білім беру саясатының бағытында мектеп баланың дамуын жүзеге асырып, тұлғаның қабілеттілігін ескеріп, бір қалыпта қалыптасуын қамтамасыз етуі керек. Қарапайымдылықтан күрделілікке ұмтылатын болсақ, онда жеке тұлғаның талпынысын оятып, ұстаз бен шәкірт арасындағы байланысты нығайтуға болады. Қазіргі таңдағы оқыту мақсаты – оқушының танымдық тәжірибесін ескере отырып, жеке тұлға ретінде дамуына оң ықпал, көмек көрсету. Ол үшін мұғалім кәсіби біліктілігін жаңа бағытта арттырып, білім мазмұнын жаңартып, тиісті әдіс-тәсілдерді қолданып, әдістемелік негіздерді қалыптастыруы керек. Өйткені білім әрбір адамға өмір бойы қажет құндылық екенін өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр.
«Кез-келген білім бағдарламасының табысты орындалуы мұғалімге байланысты. Оның кәсіби шеберлігі нысаналы бағадарламаны да, оқу жоспарын да биік деңгейде жүзеге асыруға ықпал ете алады, ал кәсіби дәрменсіздігі істі құлдыратады..» делінген Қазақстан Республикасы орта білім беру жүйесі дамуының мемлекеттік тұжырымдамасында. Өте орынды айтылған пікір, себебі жеке тұлғаны тәбиелейтін адам – мұғалім, мұғалімге сенім білдірмесе, оқу игі жеміс бере алмайды, сондықтан қоғамымыз мұғалімге үлкен сенім артып отыр. Әр сыныпта қабілетті, икемділігі, қызығуы, дамуы, ой-өрісі, сөйлеуі, сырт бейнесі әр түрлі оқушылар отырады. Ал, дұрыс таңдау үшін оқушылардың психологиялық және жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін білу керек.Тек қана осы жағдайда ғана біз күткен нәтижелерімізге қол жеткізе аламыз. Тиімді қолдана білген кез келген технология білім сапасын арттыратыны сөзсіз. Дамыған елу мемлекеттің қатарына кіру үшін білімді ұрпақ тәрбиелейік. Қазақстанның болашағы білімді ұрпақтың қолында. Қазіргі жастар – ертеңгі Қазақстанның болашағы. Ұстаз – бұл тек тәрбиеші ғана емес, сонымен бірге дос, біздің қоғамымыздағы білікті тұлғаны биікке көтеретін адам. Ал озық ойлы, білімдар адамдар заманның, қоғамның дамуына, өзгеруіне өз үлесін қосатындығы ақиқат шындық.