Бубеева Айнур Касымбековна
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Түркістан облысы Сайрам ауданы
№31 Бәйдібек жалпы орта мектебі
Қазақ тілі сабақтары тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдыларының ерекшеліктері арқылы іске асады. Сондықтан күнделікті сабақты дағдылар ерекшелігін ескеріп құру, оқу сауаттылығын арттыруда маңызды рөл атқарады. Соның ішінде оқылым дағдыларының ерекшеліктері оқу сауаттылығын арттырудың бірден бір жолы.
Оқылымның мынадай ішкі дағдыларын әр сабақ барысында қолдануға болады. Мазмұнын түсіну үшін оқу немесе көз жүгіртіп оқу – мәтіндегі жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу. Нақты ақпараттарды табу үшін оқу – мәтін ішіндегі ақпараттарды тауып алу үшін оқу, яғни ол үшін тұтас мәтінді түсініп оқу, мазмұнын білу маңызды емес. Мысалы, мәтіннен қажет пайыздық көрсеткіштерді, жылдарды немесе қажетті сөздерді тауып алу. Сөз мағынасын контексттен ажырату – мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын болжау үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аудару. Мәтін құрылымын түсіну – мәтін құрылымының ұйымдастырылуын түсіну. Мысалы, кіріспе бөлім, негізгі бөлім, қорытынды бөлім. Болжай білу – оқылым тапсырмасы алдында қолданылатын тәсіл. Оқушылар мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқылап көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, оған берілген суретке қарап болжай отырып, сол тақырыпта өз білімдерін қолданады. Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі. Мәтін түрлерін ажырата білу – әр мәтіннің өзіндік ерекшелігін, ұйымдастырылуын, стилін ажырата білу. Мәтін түрлері: хат, мақала, жарнама, әңгімелер, поэма, құттықтау қағазы, ақпарат хабарландыру, т.б. Оқылым алдындағы тапсырма: мәтін тақырыбын ашуға бағытталған жаттығулар, сөздерді алдын-ала үйрету, мәтін мазмұнын болжауға байланысты сұрақтар қою. Оқылым барысындағы тапсырма: әртүрлі оқылым дағдыларын дамытуға арналған жаттығулар . Алғашқы жаттығулар жалпы мазмұнын түсінуге бағытталса, кейінгі жаттығулар нақты ақпаратты табуға арналуы тиіс. Оқылымнан кейінгі тапсырма: мәтінде көтерілген мәселеге, ақпараттарға байланысты талқылау сұрақтары. Мұндағы сұрақтар олар үйренген жаңа сөздерді, мәтінде кездестірген сөздерді қолдана отырып, жауап бере алатындай ұйымдастырылуы қажет. Мысалы, бір оқиғаны сипаттап беру немесе оқиғаға баға беру. Сонымен қатар сұрақтар оқушылардың өмірлік тәжірибесімен де байланысып, өз көзқарастарын білдіруге мүмкіндік бере алатындай жасалуы керек. Оқушылар мәтінді оқымас бұрын оның мазмұны мен көтеретін мәселесі жөнінде ойланып, талқылап көреді. Ол үшін олар мәтін тақырыбына, берілген сөз тіркестеріне назар аударады, яғни өз білімдерін қолданады. Бұл тәсіл мәтінді оңай түсінуге көмектеседі. Ал сөз мағынасын контекстен ажырату тәсілі арқылы – мәтін ішіндегі таныс емес сөздің мағынасын түсіну үшін, оның айналасындағы сөздер мен сөйлемге назар аударады. Оқушылар оқылым барысындағы тапсырмалар. Мәтіннің мазмұны мен жалпы идеяны түсіну үшін тез оқып шығу тәсілі арқылы сұрақтарға жауап беріп, басты тірек сөздерді табады. Нақты ақпараттарды табу үшін оқу тәсілі арқылы дұрыс жауабы бар сөйлемді табады.