Алматы қаласы
басқармасы Алатау ауданы
КМҚК “№120 бөбекжай –балабақшасы”
Логопед: Түйешева Толғанай Сакенқызы

Балалардың сөйлеу тілін дамыту – мектепке дейінгі ұйымның басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта біздің балабақшада «Қысқы орманға саяхат» лексикалық тақырыбы аясында “С” дыбысын сөзде дұрыс айтуға машықтандыру бойынша ашық ұйымдастырылған іс-әрекет өткізілді. Ұйымдастырылған іс- әрекеттің мақсаты — балалардың дұрыс сөйлеу дағдысын қалыптастырып, фонематикалық естіп қабылдауын дамыту, сөздік қорын байыту және ұсақ моторикасын жаттықтыру.
Ашық ұйымдастырылған іс – әрекетке балабақшамыздың меңгерушісі Ахметжанова Сауле Губайдуллиновна мен әдіскері Аманжолова Айнұр Бегімбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, іс-шараның маңызын атап өтті.

Меңгеруші өз сөзінде мектепке дейінгі ұйымдағы логопедиялық жұмыстың балалардың болашақ тіл мәдениетінің қалыптасуындағы орны ерекше екенін айтты. Сонымен қатар, әр педагогтың кәсіби ізденісі мен шығармашылығы — білім сапасының негізгі көрсеткіші екенін атап өтіп, ашық ұйымдастырылған іс-әрекетке табыс тіледі.
Әдіскер өз сөзінде «Қысқы орманға саяхат» тақырыбының балалардың қиялын дамытып қана қоймай, тілдік дағдыларын тереңдетуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол логопедиялық бағыттағы мұндай тәжірибелік жұмыстардың балабақша педагогтері арасында әдістемелік алмасудың тиімді алаңы екенін айта келе, қатысушыларға сәттілік тілеп, сабақтың сәтті өтуіне ниеттестік білдірді.

Ашық ұйымдастырылған іс-әрекетке қаладағы мемлекеттік 16 балабақшаның логопед-педагогтері қатысып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Саяхат «Қысқы орманға» бірге аттану идеясымен басталып, балалар қызықты кейіпкерлермен ой арқылы байланыса отырып тапсырмаларды орындады.
Балаларға «С дыбысы бар» және «С дыбысы жоқ» сөздерді ажырату тапсырмасы ұсынылды. Дыбыстарды естіп, сөз құрылымын талдау арқылы балалар екі себетке сөз карточкаларын дұрыс орналастыруға жаттықты. Бұл әдіс баланың дыбысты естіп тану, салыстыру және саралау дағдыларын айтарлықтай күшейтті.
Ұйымдастырылған іс-әрекетте бірнеше моторикалық жаттығулар қолданылды:
•Мақта түйіршіктерімен сурет салу: балалар қыс мезгіліне тән қарағай, қар, бұлт сияқты бейнелерді ұсақ мақта арқылы толықтырды. Бұл жұмыс саусақ икемін дамытып қана қоймай, эстетикалық талғамын да арттырды.
•«Қар жаудыру» әдісі: пластикалық стакан ішіне ұсақталған қағаздар салынып, балалар оны шайқау арқылы «қар жаууды» жасады. Бұл тапсырма қол бұлшықеттерін, білезік қозғалысын тиімді жаттықтырды.

Ұйымдастырылған іс- әрекеттің негізгі мақсатына сәйкес “С” дыбысына арналған артикуляциялық жаттығулар орындалды. «Қоршау», «Серпімді тіл», «Жел еседі» жаттығулары арқылы балалар дыбысты айтуға қажетті тіл, ерін, жұмсақ таңдай бұлшықеттерін шынықтырды.
Сергіту сәтінде балалар бос баклажкалардан жасалған шаңғылармен «орман аралап саяхатқа» шықты. Бұл балалардың қозғалыс үйлесімділігін, тепе-теңдігін дамытып, ұйымдастырылған іс- әрекетке эмоционалды серпін қосты.
Ұйымдастырылған іс- әрекетке логопедиялық логоритмикамен аяқталып, балалар қимыл мен сөйлеуді үйлестіру арқылы қысқа байланысты өлең жолдарын қимылмен көрсетті. Логоритмика балаларды босаңсытып, сөйлеу моторикасын үйлестіруге көмектесті.
Іс-әрекет соңында қонақ логопед-педагогтер жұмыс барысын талқылап, ұйымдастырылған сабақтың мазмұны мен әдістемелік шешімдерін жоғары бағалады.
Балабақша психологі Нәлжігітова Жібек Оңғарқызы «Бәріміз бақыт іздейміз» тақырыбында шағын тренинг өткізіп, педагогтерге психологиялық сергіту жасап, ой қозғап, кері байланыс алынды. Бұл семинарға қатысқан педагогтер арасындағы кәсіби қарым-қатынасты нығайтып, сабақтан кейінгі рефлексияны тереңдете түсті.
Қорыта келе , «Қысқы орманға саяхат» тақырыбындағы ұйымдастырылған ашық іс-әрекет балалардың сөйлеу тілін дамытуға, “С” дыбысын дұрыс айтуға машықтандыруға бағытталған тиімді әдістер кешенінен тұрды. Фонематикалық қабылдауды дамыту, артикуляциялық жаттығулар, ұсақ моторикаға арналған тапсырмалар мен логоритмика сабақ құрылымын мазмұнды әрі жан-жақты етті.
Іс-шара логопедтерге кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналып, педагогикалық қауымдастық тарапынан жоғары бағасын алды.
