Нарымбетова Айгул Абдурашевна
Астана қаласы Алматы ауданы
Б.Момышұлы атындағы №53 мектеп -лицейінің
бастауыш сынып мұғалімі.
Сабақ сапасы — ұстаз білігінде
Қазіргі таңда қазақ мектептерінің алдында тұрған басты мiндет – сапалы білім беріп, тәрбиелеп қана қоймай,оқушының бойына қажетті құндылықтарды сіңіре отырып, ана тілінде еркін сөйлеп, толық ұғындыру болып табылады. Ең үлкен құндылықтарымыздың бірі-тіл. Қазақ тіліміздің қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіру бастауыш мектептен басталады. Қазіргі таңда қазақша сөйлеуде, жазуда, мәтінді мазмұндауда оқушылар арасында кедергілер бары баршаға аян. Осы кедергілерді жою мақсатында көптеген әдістемелік құралдар, суретті кітапшалар, қызықты тапсырмалар дәптері,ертегілер кітаптары шығарылып жатыр. Бұл қосымша құралдар оқушыларға тілін ширатып қана қоймай, көркем жазуға, өз ой-пікірін еркін жеткізуге, терең ойлануға, қиын мәтін мазмұнын түсінуге, мәтін бойынша тапсырмаларды орындауға бірталай көмегін тигізіп жатыр. Қазіргі таңда мектептерде негізгі сабақтардан бөлек қосымша факультатив сабақтар өткізілуде. Факультатив сабақтар әр оқушының қабілетін ескере отырып, оның жеке көзқарасын барынша табысты қолдануға, оқушылардың танымдық және өмірлік қызығушылықтарын толығымен қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Соның бірі-қызықты грамматика факультатив сабағы. Басты мақсаты қазақ тілі сабағынан алған білімдерін тереңдету, өз тілінде еркін сөйлеу, өз ой-пікірін дәлелдеп сөйлеу, көркем әрі сауатты жазу. Сабақтарда әңгімелесулер, ойындар мен ойын элементтері, мақал-мәтелдер, жұмбақтар, сөзжұмбақтар, ертегілер элементтері және көлемді мәтіндерді талдау бар. Сонымен қатар сабақтар құндылыққа негізделіп жасалған. Оқушылар сабақ барысында бірлесе жұмыс жасап, бір-біріне көмектесіп, қолдау көрсетеді. Тапсырмаларды аса жауапкершілікпен орындайды. Сабақ барысында бір-бірінің сөзін бөлмей бір-біріне құрметпен қарайды. Әр сабақта бірнеше құндылықты бала бойынан табуға болады. Сабақ барысында мұғалім қызықты әдіс-тәсілдерді қолдана отырып берілген тапсырмаларды оқушыларға орындата алады. Интербелсенді әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану арқылы көп нәтижеге жетуге болады. Мысалы «Зерттеудің алты қадамы», «Аяқталмаған сөйлем», «Кезбе тілші», «Бұл жауабы болса, онда сұрақ қандай болады?», «Кейіпкерлер әлемі» т.б көптеген әдістер баланың сабаққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай өз пікірін айтуға және дәлелдеуге үйретеді. Әр сабақ психологиялық ахуалдан басталады. Бұл баланың сабаққа дайындығын арттырады, қорқынышты басады, еркіндікке әкеледі. Сабақта балалар топтық жұмыс және жұптық жұмыс және жеке жұмыс жүргізеді. Сабақ бойы балаларға мұғалім тарапынан қолдау көрсету өте маңызды. Бала мұғалімнің қолдауын сезінуі қажет. Сонда мұғалімге деген сенімі артып, өз ойын еркін жеткізіп, тапсырмаларды жылдам орындай алады.
Факультатив сабақтардың оқушылар үшін мынадай маңызды жақтары бар:
оқушының танымдық іздемпаздығы қалыптасады;
-сұрақтарды, мәселелерді терең талдауға үйренеді;
-шығармашылық ой өрісі артады;
— кітаппен жұмыс, көркем және ғылыми әдебиеттер, баспа материалдармен жұмыс істеу біліктерін қалыптастырады;
— ұжымдық ой — пікірлері жетіледі, топ мүшелерін пікірлерімен ортақ тұжырым жасауға үйренеді;
— мұғаліммен оқушылардың қарым — қатынасы ынтымақтастыққа болып, сенімділіктері артады;
-оқушы өз ойын еркін айтуға, сөз мәдениетіне үйренеді;
-білімін жүйелі түрде толықтыруға;
-өз әрекетіне сын тұрғысынан қарауға;
— тұжырым жасап қорытындылауға үйренеді;
— оқу міндеттерін тиімді шешу мүмкіндігін тудырады.
Егеменді еліміздің парасатты азаматын қалыптастыруда мектеп мұғалімдерінің үлесі зор.
Өркениетті елдер деңгейіндегі білім мен тәрбие беру,ойлау қабілеті, рухани байлығы жоғарымәдинетті, бүгінгі күн талабына сай іскерлігі мен біліктілігі жоғары деңгейдегі азаматты тәрбиелеумектеп мұғалімінің де басты мақсаттары болып табылады және сол талап үрдісінен шыға білетінімізгесенімім мол.