Home » Жаңалықтар » Республикалық -ғылыми әдістемелік конференция

Республикалық -ғылыми әдістемелік конференция

Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты КМҚК «№ 55 бөбекжай -балабақшасында» мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарына арналған «мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту ұйымдарындағы жобалық қызмет» Республикалық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті.
№ 55 балабақша меңгерушісі Сүйенбаева Гүлмира Муханбаевна, әдіскер-Жармуханова Меруерт Болатхановна және жалпы ұжымның еңбегін атап өтпеске болмас. Мультимедиялық жобалар бойынша өрбіген жиынды жан-жақты қамтыған екен. Жалпы осы тақырыпқа байланысты балабақшаның кезкелген маманы да тәрбиеленушісі де жілігін шағып майын ішкендей.

Аталмыш жиынға еліміздің түкпір- түкпірінен мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері мен әдіскерлері жиналды. Олар сонау Атырау, Ақтау, Абай облысынан ат терлетіп келген екен. Бәрінде бір мақсат — тақырыпқа байланысты ой қосып, тәжірибе алмасу. Семинар шымылдығы балабақша тәрбиешілерінің орындауындағы балабақша Гимнімен ашылды. Одан кейін № 55 бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Гүлмира Мұханбаевна сөз сөйлеп жиынды ашып берді. Келген қонақтарға деген ілтипатын білдіріп: «2023-2029 жылдарға арналған жол картасын жүзеге асыру мақсатында Ұлыбританияда тағылымдамадан өткен болатынбыз. Тақырып бойынша әдістемелік төлқұжатпен мултимедиалық жоба жасадық. Оны 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап жүзеге асыра бастадық. Жалпы мультимедиа саласына бүлдіршіндерді баулу өте орынды деп білемін. Себебі баланың шығармашылық қыры ашылады, қиялы мен ойлау қабілеті дамиды. Бүгінгі семинар барысында осы тақырып аясын қамтимыз», — деді ол өз сөзінді.
Трибунаға аталмыш балабақша әдіскері Жармуханова Меруерт Болатхановна шығып бүгінгі тақырыптың мақсат міндеттері жөнінде баяндама оқыды.

Балабақша психологы Абылқасымова Ақбота Ануарқызы- қонақтарды ортаға шығарып, танысу шеңберін құрып, көңіл-күй тренингін өткізді. Мұнда бәрі өз көңіл-күйлерін смайликтер арқылы жеткізіп жатты. Бір серпіліп алған қонақтар бүгінгі тақырыпқа сай ойларын ортаға тастап, тәжірибелерімен бөлісті.

Абай облысының «Асыл- Жібек» орталығынан келген Дүйсен Айгүл Ержанқызы мен Мұхамедкалиева Айжан Қайырбекқызы Абай қаласындағы мұражай туралы баяндамаларын оқып, тарихына тоқталды. «Ұлттық тәрбие-құндылық бастауы» жобасы бойынша бүлдіршіндерімізді мұражайға жиі апарып тұрамыз. Ұршық иіру, текемет басу, асық ойыны сияқты түрлі тақырыптарға байланысты семинар өткізіп, сайыстарға қатысып, бас жүлделерді иеленгендерін де тілге тиек етті. Сонымен қатар Оқу ағарту министілігі әзірлеген біртұтас бағдарлама аясында «Аталар мектебі», «Әкелер мектебі» жұмыс істеп жатыр, еңбек өтіліміз небәрі үш жыл болғанына қарамай алдымызға қойған мақсаттарымыз көп әрі анық. Жас маман болсақ та республикалық «Үздік педагог» төсбелгісімен марапатталдық”,- деді олар. Қазақтың үрдісін жанына серік еткен Абай хәкімнің елінен келген екі педагог жиналғандарға сәлемдеме дәм әкеліпті. Әріптестеріне ши бауырсақ пен құрттан дәм ұсынды. Семинарға келе алмаған басқа әріптестері монитордан «Көзімнің қарасы» әнін шырқап сәлемдерін жеткізді.

Мектепалды тобының тәрбиеленушілері музыка жетекшісінің сүйемелдеуімен оркестрде «Ата толғау» күйін орындады
Сонымен қатар, мектепалды тобының тәрбиеленушісі Мұхаметкәрім Сұлтанның орындауындағы “Қазақстан” әнінен кейін жетекші тәрбиеші Дарманова Перизат Абдумуратқызының бүгінгі жобаға қатысты таныстыруын тыңдап, ортада балалармен бірге көрсеткен қойылымдарынан үзінділер тамашаладық.

Танауова Сандуғаш Ашырқызының жетекшілігімен балалардың дайындаған бірнеше ертегілер кейіпкерлерінің рөліне еніп, дауысын салуы өте қызық әрі тартымды болды. Олар «Шалқан», «Мақтаншақ түлкі», «Тырна» ертегілерінің кейіпкерлерін ойнап шықты. Одан әрі жаңбырдың дыбысы, қардың сықыры, жапырақтың сыбдырын айнытпай салып, бәрімізді таңқалдырды. Мультимедианы меңгере түскен балалардың жүзінен күлкі мен қуаныш көрінгендей. Бүлдіршіндер мультимедиа саласында әрі актер, әрі режиссер, жалпы бесаспап болып машықтанып алғандай. Жиналған қонақтар тақырыпқа сай көрсетілген қойылым, ән-бидің бәрін QR код арқылы бағалап, сұрақтар қойып, белсенділік танытты.
Жиын соңында музыка жетекшісі Шынболат Ұзақбайұлы «Жазира», «Нурикамал», «Сәулем-ай» әндерін орындады.

Журналист
Жұлдыз Смаилова
«BILIM AINASY»
Алматы қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.