Саламеденова Гульзада Ризабековна
Батыс Қазақстан облысы
Бәйтерек ауданы,
Махамбет жалпы орта білім беретін
«мектеп-балабақша» кешені КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Халық жадында сақталған тұлға
(Ақсұлу Орысбайқызы туралы)
Тар заман тартылысының соқпағы көп заманда ерлермен қатар қанаттанып, сөз сайысында суырылып шыққан әйел ақындар да өмір кешкен. Өмірдің бар қасиетін оймен ұғып, өнермен ел қадіріне бөленген сөз жүйріктері әдеби қоғамдық өмірден толықтай хабары болмағанымен, қарапайым тұрмыс тіршілігімен ғана шектелмей, қазақ әйелінің қоғамдағы ауыр жағдайына қарамастан өз шығармаларымен әдебиет тарихында үлкен із қалдырған.
XIX ғасырдың басында қараңғылық тепкісіне қор болған ақын қыздардың өмір тарихы аңыз қиссалар мен, олардың жадынан шығарған айтыс жырларының арқасында біздің дәуірімізге жетіп, ел жадында сақталып келгендігі мәлім. Алайда, уақыт өте келе халық мұрасын жадында сақтаған қарттарымыздың сиреуіне байланысты ақын қыздардың айтыс өнерінде көрсеткен ақылы мен талантының озық үлгілері бірте-бірте ғылыми айналымға енбей, кеміс қап ұмытылып бара жатқан тұстары да бар. Бұл уақыт төңірегінде зерттелген еңбектердің барлығында делік ақын қыздардың өмір сүрген жылдары мен халық аузынан жиналған айтыстары ғана жазылғанымен өлеңдері нақты талданып, айтылар ой мазмұны неден шыққандығы жөнінде сөз болған емес. Бұл туралы С.Мұқанов 1965 жылы жарық көрген «Айтыс» кітабының 1-томында: «Біз әзірге ол ақындардың туған жері мен өз атын ғана білеміз. Нақты қай жылы туғанын, қашан өлгенін, ақындық өмірде неше рет айтысқанын, айтыстан басқа қандай жырлар қалдырғанын өте аз білеміз» деп жазған болатын.
Иә, расымен де айтыс жинақтарында есімі аталып шығармалары енген ақын қыздар аз емес. Алайда есімі аталғанмен жеке зерттеу нысанынан кеміс қалып, тек газет-журнал беттерінен әрі аса алмаған ақын қыздардың өмір тарихы қаншама?! Осы уақытқа дейін айтыс өнерінің озық үлгісі ретінде Біржан мен Сара айтысын зерттеп келдік. Сара ақынның өмір тарихы жөнінде де көп мағлұматтар айтылып, біршама зерттеу жұмыстары да жазылғаны белгілі. Ал өзге ақын қыздардың өмір тарихы жөнінде мұндай мәліметтер жинала қойған жоқ.
Көркемдік мәні мен қоғамдық-әлеуметтік дәрежесі жағынан Біржан мен Сара айтысынан кейінгі орын алатын ең озық айтыстың бірі Кенжінбай мен Ақсұлу айтысы.
Ақсұлу Орысбайқызы қазіргі Қостанай облысы, Жетіғара ауданының Тасқарасу деген жерінде 1873 жылы дүниеге келіп, 1893 жылы май айында, небәрі 20 жасында теңсіздік тепкісінің құрбаны боп өледі.
Руы — Жалғабайлы. Жалғабайлыдан — Балғожа, Балғожадан — Бостан мен Төңірек тарайды. Төңіректен — Орысбай, Байжұма, Бисенбай тарап, осы Орысбайдан ақын қыз Ақсұлу дүниеге келеді.
Әмірбек Байниязов жазбаларында Балғожа бұтағынан тараған әулеттің барлығы түгелімен өнерпаздар болған деседі. Тіпті, Ақсұлудың әкесі Орысбай шағын шаруалы адам болғанымен Жағалыбайлыға аты тараған суырып салма ақын, топ бастаған шешен, ойын сауықтың көркі болған адам екен. Ошағында өнер қайнаған осындай ән мен жырдың буы бұрқыраған шаңырақта Ақсұлу ақын дүниеге келіп, жастайынан поэзия, музыка өнерімен сусындап, әке арқасында арабша хат танып, зердесі ашылып ел назарына іліккен.
Жастайынан білімге деген зердесі ашық ақын қыз, өсе келе білімін Түркі халықтарының ортақ ақыны атанған Ақмолда ақыннан дамытады. Ақылбек Шаяхмет жазбаларына сүйенсек, Ақмолда ақын зерек қызға құран жаттатып, орыс, араб, парсы тілдерін үйретіп қана қоймай, өлең жазу теориясын да оқытқан көрінеді. Бұл туралы Ақмолда ақын, өзінің Ақсұлуға арнаған өлеңінде:
Ақ бетің айдын көлдің алабындай,
Шаһирдың қасын сұлу қаламындай.
Қып қызыл, екі бетің алқызыл гүл.
Талқала, Троискінің қаласындай.
Топ жарған, үкілеген жүйрігімсің,
Оқытқан шәкіртімнің арасында ай,
Еліңнің жақсыларын бір дәріптеп,
Сайрашы сандуғаштың баласындай, — деп шәкіртіне баға береді.
Қай заманда болмасын қазақ қыздарының тағдырын жалмап өткен «ескілік дәстүр» Ақсұлуды да тағдыр тәлкегіне түсірген. Осылайша Ақсұлу ақын Есірқожа аталығындағы Адай атты байдың дімкәс, өзінен төрт жас кіші Майлыаяқ деген баласына тұрмысқа шығады. Дегенмен күйеуі Майлыаяқ көп ұзамай дүние салып, ақын қыз әмеңгерлік салтпен Адай байдың үлкен ұлы Қойгелдіге тоқал ретінде ұйғарылады. Бірақ Ақсұлу ақын ел ішінде барымталық, ұрлық зомбылықпен аты жайылған баукеспеге тиюге үзілді кесілді қарсылық білдіреді. Осылайша екі ру арасында бітпес дау басталады.
Орысбай Адайға берген қалың малын қайтарып беріп қыз басына азаттық сұрайды. Алайда Қойгелді оған көнбей, билер кеңесі шақырылады. Осы кеңесте ақын қыз Ақсұлу өз басының азаттығы үшін өзі сөйлеп шығады. Және осы арада айтыста ақын қыз бойынан кемшілік таппай атастырған күйеуін бетіне салық қып басқан Кенжінбай ақынға хабар салып басын арашалап қалуын өтінеді. Осылайша ақын қыз, өмірінің тәуекел сәтіне бел буып 1893 жылдың ноябрь айында бір түн ішінде Кенжінбай ақынмен сөз байласып қашып кете береді.
Бұл жағдай Ақсұлудың көзін көрген Ержанов Әлімбет ақсақалдың естелігінде былайша баяндалады: «Мен жетім қалдым. Он жасымнан Қойгелдінің есігінде өстім. Ол маған жамағайын болатын. Шаңырақ құрмасын деген сылтаумен қолбала қылып алған. Ертеңнен қара кешке бел жазбай жұмыс істедім…
… Ол кезде мен он екіде едім. Ауыл ақсақалдарымен кеңесіп алған соң, Қойгелді рулас ағайынға ат шаптырып, кісі жіберіп, қол жинауға кірісті. Шамасы жүз қаралы жігітпен қуғынға шықты. Мені де біреу міңгестіре кетті. Арада үш кезең асқанда Сүйіндік қыстауына жеттік. Қарсыласқан кісі болмады. Көзі қызарған жігіттер қашқындарды тауып берудің астына алып, жазықсыз елді қан қақсатып, соққыға жықты. Ауылды шаба бастады.
Әбден соры қайнаған ел амалы жоқтығын біліп, қызды ұстап беруге келісті. Кенжінбай бір жұмыстармен Орынбор жаққа жол жүріп кеткен болса керек, содан бейбақ қыз алысқа кетіп, жасырына алмапты. Ауыл түбіндегі тал арасына тығылған. Жаңа жауған қар ізін бажырайта көрсетіп, сол ізбен тауып алыпты.
Осы күнге дейін көз алдымда. Қыздың қолын байлап, Қойгелдінің алдына алып келді. Киімі жұқа екен. Сонда да басын жоғары салып, ер тәкаппар күйінде қасқайып қарап тұрды. Ақыра жөнелген Қойгелдіге қыз саңқ-саңқ етіп, жауап қатты. Қойгелді дойыр қамшымен екі рет сілтеп өткенде қыз құлап түсті. Жігіттер есірген Қойгелдінің қолын ұстай қалды. Елге жөнелдік. Байланған қызды мен алып жүрдім. Адайдың үйіне келдік. Қойгелдінің үйі екі бөлмелі ағаш үй болатын, ауыз үйге Ақсұлуды кіргізгі. Қуанған, шашу шашқан ешкім жоқ. Қыз сол келе төсек тартқан күйі жатты да қойды, дәм татып алған жоқ. Кешке қарай жақын ауылдан бір татар молдасын әкеліп, неке қиған болысты. Онысы жай ғана ырымы болмаса, неке сыяғы жоқ, қыздан да ырзалық сұраған ешкім болмады.
Арада солай шаланжасар талай уақыт өтті. Байғұс қыздың әкесі де сан рет келді. Сорлы дәулетті, сойылдыға не істесін, бармақ шайнау баяғы. Заң да, күш те Қойгелдіде.
Ақсұлу күн сайын қурап, семе берді. Арада сонымен бір қыс өтті. Құсалықпен ауырған адам оңа ма, қыз мүлдем төсектен тұрудан қалды. Оның алдыңғы кезінде мен жасырын тамақ, сусын беріп жүрдім. Сол барған кездерімде оның әлдебір қағаздарға арабша ылғи бірдеме жазып жататындығын көруші ем. Бір түні ол маңында жатқан мені оятып: — ерке жігіт, сен осында Ақмолда ақын келсе, мына дәптерді қолына тапсырғайсың. Сенен бар өтінерім осы. Ақыретке барғанда алдыңнан осыны сұраймын, сен осы үшін жауап бересің! – деді.
Мен онда қара танымайтын кезім. Не екенін білмедім. Ақмолдаға да табыстай алмадым. Себебі оны Мияс қаласының жанында әлдебір жендеттер өлтіріп кетіпті. Өлген жеріне белгі қойыпты деп естідім. Ол дәптерді мен Ақсұлу өлгеннен кейін біраздан соң оның туған інісіне табыс еттім.
Ақсұлу қыс өтіп, көктем келіп, май айында ұл бала тапты. Есімін Құлматай қойысты. Туа салысымен баланы бәйбіше иемденіп, шешесіне көрсетпей де қойды. Босанғаннан үшінші күн өткенде таң алдында, есіл ақын, арманды сұлу көз жұмды. Ақын сүйегі Адай ауылы сыртындағы биік төбенің басына, ескі қорымға жерленді…»
1986 жылы жарық көрген «Жұлдыз» журналының №3 санында Әмірбек Байниязовтың Ақсұлу ақын атты тағы бір мақаласы жарық көрген. Осы мақалада автор сол жылдары халық аузынан жинаған Ақсұлу ақынның 18 өлеңі бар екендігін айта келіп, өлеңдерін тақырып төңірегіне қарай :
- Әлеуметтік көзқарасын көрсететін өлеңдері;
- Махаббат, жастық жырлары;
- Сатиралық элементі бар шығармалар, — деп үшке бөліп көрсетеді.
Заман соқпағының тепкісіне қарамастан, әдебиет тарихында өз қолтаңбасын қайталанбас алтын әріптермен жазып қалдырған қазақтың ақын арулары аз болмаған. Шындығында қазақтың өз дәуірінде өмір сүрген ақын және жыраулары туралы зерттеу еңбектерді жиі кездестіріп жатсақ та, ақын арулардың өмірі мен шығармашылығы, олардың өлеңдерінде көтерілетін мәселелер туралы еңбектерді саусақпен санап алуға болады. Бұл мәселе бүгінгі жас ұрпақ үшін, әр әдебиет саласында жүрген маман үшін қайта қолға ала отырып, терең үңілетін мәселе екендігі анық.