«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының бастамасымен «Мұғалімдер күні» кәсіби мерекесі қарсаңында «Мұғалім – мәртебелі тұлға» бірыңғай медиа кеңістігі құрылып, білім беру ұйымдарында абыройлы еңбек етіп жүрген педагогтерді өңірлердегі филиалдар өздерінің әлеуметтік желілердегі парақшалары мен БАҚ құралдарында жариялауды қолға алған болатын.
Осыған орай «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ПҚ БАИ ішкі жоспарына сәйкес «Үздік мұғалім» айдарымен №54 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, педагогика саласында 30 жылға жуық қажырлы еңбек етіп жүрген, жоғары деңгейлі мұғалім — Гульняз Ахадгызы Есембаеваның белсенділікке толы абыройлы еңбегіне тоқталдық.
Есембаева Гульняз Ахадгызы, «Бейбітшілік Әлемі» — Халықаралық Қазақ шығармашылық бірлестігінің дипломы және Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері, үздік сабақтар мен жаңартылған бағдарлама мен инновациялық технологияларды оқу процесіне табысты ұсынғаны үшін алғыс хаттармен мараптталған. Ағылшын тілі әдістемелік бірлестігінің жетекшісі, Нұр-Сұлтан қаласы Білім Басқармасы Аттестация комиссиясының, Нұр-Сұлтан қаласы Ағылшын тілі ассоциациясы тобының мүшесі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Оқулық республикалық ғылыми–практикалық орталығында электрондық оқу басылымдарының сарапшысы, Ұлттық тестілеу орталығының сарапшысы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мектеп оқулығы бағдарламаларының сарапшысы әрі белсенді мүшесі. Үздік сабақтары мен ғылыми жобалары республикалық «Өрлеу», «Білімдегі жаңалықтар» «Тағылым», «Ұстаз ұлағаты» журналдарында, интернет сайттарына шыққан. Сондай-ақ, авторлық оқулықтың иегері.
Гульняз Ахадгызы оқушылардың жан-жақты, шығармашыл, бәсекеге қабілетті, еркін, озық ойлы ұрпақ болып жетілуіне үлес қосып, оқу және тәрбие саласында елеулі еңбек етуде. Оқушылары халықаралық, республикалық, облыстық тікелей және қашықтан өткізілетін олимпиадалар мен ғылыми жоба жұмыстарының жеңімпаздары.
Гульняз Ахадгызы Есембаева ерекше жан. Ерекшелігі — бірнеше тілді жақсы біліп, еркін сөйлеуі. Атап айтсақ: әзірбайжан, қазақ, орыс, ағылшын, неміс тілдері тағы да бірнеше тілдер.
Гульняз Ахадгызы «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген тағылымды сөздің мағынасына сай, бірнеше тілді игеруі өмір жолына жарқын сәттер сыйлағаны, білім алу жолында, күнделікті тұрмыс жағдайындағы мәселелерді шешуде, өзге тілді адамдармен қарым-қатынас орнатуда көп көмегі тигені туралы, заман талабына сай көп тіл білудің пайдасы, оның мүмкіндіктері жайына тоқталып, өз ойын білдірді.
Гульняз Ахадгызының көптілділік бағытындағы өз ұстанымы:
- Өз ана тілін білу – бабалар аманатын орындау.
- Қазақ тілін білу – өзіңнің тұрып жатқан жеріңе, сол елдің халқына деген сыйластық.
- Ағылшын тілін білу – әлемдік көкжиекке үңілу.
- Орыс тілін білу – елімізде тұрып жатқан өзге де ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасау, түсінісу.
- Бұдан да басқа халықтардың тілдерін білу – адамның ерекше қабілетінің бір белгісі. Ұлт пен ұлыстарды танып-білуге деген құштарлық, қызығушылық.
Орынбасар Абусағитқызы Бегалина,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ПҚ БАИ