Ұлттық әліпби түзуде немесе әліпбиді кеңейту барысында үш негізгі әдіс қолданылады:
Бірінші әдіс – жаңадан әріптерді ойлап табу. Мұндай жүйе арқылы әліпби кеңейту ешқандай әліпбилерге ұқсамайтын, ерекше әліпби жасауда қолданылады.
Екінші әдіс – лигатуралық әдіс. Бұл графикалық идиоматиканың бір түрін қолдану деген сөз. Диграфтар, триграф лигатуралары арқылы әліпбилерін кеңейткен көптеген еуропа әліпбилерін білеміз. Ағылшын әліпбиінде бірнеше әріп тіркесі бір дыбысты беру үшін қолданылады. Бұл жүйе флективті тілдер үшін қолайлы болғанымен, жалғамалы тілдер үшін тиімсіз. Бәрімізге белгілі 2017 жылдың 11 қыркүйегінде ресми түрде Парламент мәжілісіне «диграфтық жоба» ұсынылған болатын (төмендегі кестені қараңыз).
Ұсынылған әліпбиі жобасы 24 әріптен және 8 диграфтан тұрды. Ә, ө, ү, ғ, ч, ж, ш, ң (8 әріп) сияқты төл графемалар әріп тіркесі арқылы беріледі деп көрсетілді. Ұсынылған диграфтық әліпби тілтанымдық және әдістемелік тұрғыдан талданып, көптеген қайшылықтар бар екені анықталды. Таратып айтатын болсақ:
- Тілтанымдық кемшіліктер:
- Фонетикалық заңдылыққа қайшы келуі:
- буынға бөлу: әзәзіл – aezaezil
- сөздің әуезділігі (уақыт өте келе сөз созылыңқы дыбысталуы мүмкін) batysshyl (батысшыл), qosshy (қосшы), basshy (басшы), assha (асша), asshajan (асшаян), koeshbasshy (көшбасшы).
- Лексикалық заңдылыққа қайшы келуі: сөздің мағынасын әсер етеді: ииді – iidi (иіді, ііді)
- Грамматикалық заңдылыққа қайшы келуі: сөздің түбірі мен қосымшасын табу қиындайды.
Орфоэпиялық заңдылыққа қайшы келуі: сөздің әуезділігі бұзылады
Орфографиялық заңдылыққа қайшы келуі:
— бас әріп мәселесі: АЕ – Ае?
— қысқарған сөздер: БжҒМ – BzhGhM
— омографтар көбейтті:
aeroport – аэропорт
aeroaedis – аэроәдіс
aeroalang – аэроалаң
Грамматологиялық заңдылыққа қайшы келуі:
— мағына ажырататын төл фонема әліпбиде жеке графемамен белгіленбеді.
— сөздің дәстүрлі ұзындығы бұзылды.
- Әдістемелік кемшілік.
Екі әріп тіркесі бір дыбысты білдіреді деген формула тіл үйрену үшін оңтайлы болмады. Яғни әдістемелік тұрғыдан оқылым мен жазылым процестерін тежейтіндігі, сөзді тануда қиындықтар тудыратындығы анықталды. Жоғарыда көрсетілген тілтанымдық, әдістемелік кемшіліктерге байланысты бұл әліпби қабылданбай, әліпбиді оңтайландыру жұмысы жалғасқаны бәрімізге белгілі жайт.
Әліпби кеңейтудің үшінші әдісі – диакритикалық белгілерді қолдану. Лингвистикадағы диакритикалық белгілер тіл дыбыстарын көрсететін әріпүсті, әріпасты кіші графикалық қосымшалар болып табылатын арнайы белгілер.
Ежелгі грек тілінен аударғанда диакритика «δια-kindіkos» деген сөзден шығып, «ажыратуға арналған қызметші» деген мағынаны білдіреді. Басқаша айтқанда, негізгі тірек графемаларға диакритикалық белгілер қосылып, тілдің дыбыстарын өз бетінше белгілеу үшін емес, олардың айтылуын түзету үшін қолданылады. Осыған байланысты диакритикалық белгілерді тұрпат және мазмұн межесі тұрғысынан бөлуге болады.
Тұрпат межесіне байланысты:
- Босаралық ( â, ä, ö, ü, ń, ѓ) және босаралықсыз (ç, ґ, ş) таңбаланатын диакритикалық белгілер.
- Әріпүсті, әріпасты, ішкі жол белгілер арқылы жасалған әріптер: «о» әрпінің үш нұсқасы бар: «ò», «ǫ» және «ө».
Мазмұн межесіне байланысты диакритикалық белгілерді былайша топтастыруға болады[1]:
- Жіңішкелікті білдіретін белгілер – «умляут», нүкте (ö, ä, ÿ, і).
- Созылыңқылықты білдіретін белгілер – «макрон», «акут», «циркумфле́кс» (ū, ȳ, á, â).
- Қысқалықты – бревис (ă, й).
Диакритикалық белгілерді атауына байланысты үшке бөлуге болады:
- Әр тілде қалыптасқан филологиялық білімдер жүйесінде қабылданған дәстүрлі атауы бойынша аталуы. Мысалы, «умляут» атауы неміс және орыс тіліндерінде «умляут», француз тілінде ол «трема» ретінде түсіндіріледі, итальян тілінде «диерезе» деп аталады.
- Сыртқы бейнесіне, тұрпатына байланысты аталуы. Мысалы, «қанатша», «айшық», «құйрықша», «ілмек», «тұтық», «крючок» т.б.
- Юникодта қабылданған атауы бойынша. Мұнда ағылшын компьютерлік терминологиясы бойынша аталады. Мысалы, Юникод жүйесіндегі «гравис» диакритикалық белгісі «U+0300″деген белгіге ие.
Әріпүсті, әріпасты таңбалар негізгі әріптің үстінде, астында не өн бойында орналасып, дыбыстардың созылыңқылы-қысқалығы, жіңішкелігі, әуезділігі, ұзақтығы, екпін күші сияқты басқа да фонетикалық мәндерін ерекшелеумен қатар, таза графикалық мақсатта, жаңа әріп жасауда қолданылады. Осыған байланысты диакритикалық белгілерді фонетикалық және грамматологиялық деп бөлуге болады.
Фонетика-грамматологиялық параметр бойынша диакритиктерді үш кіші топқа бөлуге болады:
- a) диакритикалық белгілер әріптің дыбыстық мазмұнын толығымен өзгертеді. Мысалы, а <а> – ä <ә>; g<г > – ğ < ғ>;
ә) диакритикалық белгілер қандай да бір дыбыстың айтылу нұсқаларын (дыбыстың созылыңқылығын, күшін, үдемелілігін) көрсетеді. Мысалы, өзбек әліпбиінде апостроф (ʼ) белгісі дауыстылар соңында жазылса, дауысты дыбыстың созылыңқылығын білдіреді: she’r, e’tibor; o‘ артына келгенде жазылмайды: moʻjiz, moʻtadil, moʻtabar. Ал дауыстылар алдында жазылса, дауысты дыбысының кідіріс арқылы айтылуын (паузаны) белгілейді: inʼom, sanʼat, qatʼiy, masʼul .
б) диакритикалық белгілер орфографиялық мақсатта жұсалуы. Мысалы, өзбек әліпбиінде sh тіркескен тұста, яғни s мен h әріптері қатар келіп, мағынаға әсер ететін тұста апостроф белгісі (өзбек тілінде тұтық белгісі деп аталады) қолданылады. Өзбек тілінің емле ережесінде Исхоқ – Is’hoq, macҳ – mas’h сөздеріндегі с және ҳ іргелес келгенде екі әріп арасына тұтық белгісі қойылады деп көрсетілген. Сондай-ақ кірме сөздердегі ъ белгісі латын жазуында тұтық белгісіне алмастырылды: масъул – mas’ul, масъулият – mas’uliyat, маъмур – ma’ mur, маъмурий – ma’muriyat.
Қазақ қоғамында қолданылған қай жазу түрі болмасын, барлығында диакритикалық белгілер қолданылғанын білеміз. Мысалы, араб жазуында фатха, дамма, кесра, сукун таңбалары диакритика қызметін атқарды. Олар дауысты дыбыс бар екенін және оның қандай дауысты дыбыс екенін көрсетті:
َ — фатха;
ِ — касра;
ُ — дамма;
ْ — сукун.
Ал 1929-1940 жылдар аралығында қолданылған латын әліпбиінде диакритикалық таңбалар мейлінше аз болуы қарастырылды. Бірақ ұлттық тілдің дыбыстық элементтерін дәл беру үшін кейбір диакритикалық белгілер де қолданылғанын төмендегі әліпбиден көруге болады (11, 13, 27-қатарды қараңыз).
1940 жылдан қазіргі кезге дейін қолданыстағы кирилграфикалы әліпбиімізде де сидель, макрон, умляут, нүкте, бревис сияқты диакритикалық белгілер қолданылды: ғ, ұ, қ, ө, і, й, ё.
Диакритикалық белгіге грамматологиялық (әліпбилік) қызмет арту барысында оның қолдағды мен көзшалым процестеріне мән беру маңызды. 2017 жылдың 26 қазанында «апосрофты» әліпби бекітілді. Бұл әліпбиде 32 таңбаның тоғызы апостроф арқылы ерекшеленді. Апостроф негізгі тірек графемаға қосылмай босаралық арқылы жазылатындықтан жазуда бірнеше қиындықтарды тудырды.
Апострофты әліпбидің кемшіліктерін таратып айтатын болсақ:
- Апостроф белгісінің 8 бірдей таңбаға қойылуы.
- Апостроф белгісі сөздің бүтіндігін бұзды. Қазақ тілінде бүтін сөз азайды.
- Пунктуациядағы тырнақша белгісімен жымдасып кететін тұстары да болды. Бұл көзшалым мен оқылымға кедергі келтірді: “Abai’”, “Kaspi’i’”
- Апостроф белгісі қойылмаса, сөздің мағынасына әсер етеді: Мысалы, salym – s’alym
- И, й дыбыстарына бір ғана таңба берілуі орфографияны қиындатты: bai’i’dy (байиды), boly’ymen (болуымен)
- Компьютерлік бағдарламалар үшін де тиімсіздігі байқалды.
- Интернет жүйесіндегі іздеу командалары да апостоф таңбасын танымады.
Осындай кемшіліктің болуынан латын графикасына негізделген әліпби бірнеше рет түзетіліп, қазіргі кезге дейін толық шешімін таппай отыр.
Кейбір ғалымдар латынграфикалы қазақ жазуында диакритикалық белгілерді дауысты дыбыстарға және дауыссыз дыбыстарға бірыңғай белгімен ерекшелеу керектігін немесе оны азайтып қолдану керектігін айтады. Әріпүсті, әріпасты белгілердің бірыңғайлылығы көзшалым мен жазылымды тежейді. Диакритикалық белгілер дыбыстың фонетикалық негіздемесіне сәйкес алынуы керек деп ойлаймыз. Мысалы, умляут белгісі дыбыстың жіңішкелігі үшін қолданылады. Осыған байланысты дауысты дыбыстардың жіңішкелігін белгілеу үшін тірек графемаға умляут таңбасын қолданған жөн (ä – ә; ö – ө; ÿ – ү). Ал ұ қысаң дауыстысын белгілеу үшін макрон (ұ – ū) белгісін қолданған дұрыс. Мұның себебі макрон белгісінің фонетикалық мазмұны созылыңқылықты білдіреді. Сонымен қатар бұл белгі 1938 жылы қазақ жазуында да осы мазмұнда қолданылған.
Жаңа әліпби жобасында дауыссыздар үшін сидель (ş) және бревис (ğ) белгілері алынған. Біздіңше бұл дұрыс шешім, егер дауыссыз дыбыстарды бірыңғай бревис немесе сидель арқылы белгілесек, көзшалымға кедергі келтіретіні анық. Салыстырыңыз: ğaşyq – ğašyq.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қаріпке қойылған диакритикалық белгілердің ішінде жоласты белгілердің оқылымға оң әсерін береді. Ал белгілердің бір-біріне ұқсас немесе бірыңғай болуы әріпті қабылдауға теріс әсерін береді.
Жазу – оптикалық бейне. Сондықтан дыбысты білдіретін әріптің адам санасындағы психикалық елесіне сәйкес болған жөн. Қаріптің оқылымын зерттеген американдық ғалым Лакиш жасанды әрі психобейнеге сәйкеспейтін графемаларды 8 сағат оқыса, адам 33 миль жол жүргендей шаршайды дейді. Осыған байланысты, айта кетерлік жайт, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры А.Фазылжанова әліпби түзу барысында әріптің қуатсыйымдылығы мен уақытсыйымдылығын ескеру керектігін жиі айтады. Шындығында да, егер қуат және уақытсыйымдылық көп жұмсалса онда ол әліпби жазарман және оқырман үшін күрделі болары анық.
Қорыта айтсақ, графемалардың оқылымының оңтайлылығы тек әріп тұрпатына ғана емес, сонымен қатар басқа графемалармен тіркесімділігіне де байланысты. Сондықтан жаңа әліпби жасау барысында диакритикалық белгілерді өз мазмұнына сәйкес және адам қабылдауына ыңғайлылығы, уақыт және қуатсыйымдылығын көп қажет етпейтін болу жағы көзделген жөн деп ойлаймыз.
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Тіл мәдениеті бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ.к. Әміржанова Н.С.
Ескерту: әр тіл өзіндік дыбыстық элементтердің мазмұнына сәйкес диакритикалық белгілерді де әртүрлі мазмұнмен қолданады.