2018 жылдан бері ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туған күніне орай аталып өтілетін Қазақстан халқы тілдері мерекесі биыл да маңызды-мәнді іс-шаралармен айшықталды. Қай уақытта болмасын ұрпақ тәрбиесі – ұлттың тәрбиесі деп санайтын Алматы қаласы, Алатау ауданындағы КМҚК №31 бөбекжай-балабақшасы да атаулы күнге арнайы ертеңгілік өткізді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген ұлы мақсатпен өткен мерекелік кеште балдырғандар тілге, елге, жерге деген шексіз сүйіспеншіліктерін байқатты. Мектепалды «Көгершін», «Бәйтерек», «Золотой ключик» тобындағы балдырғандар топ жетекшілері Наргиз Шакенова, Ұлдан Садыбекова, Хан Шырынгульмен бірге бар өнерлерін ортаға салды. Музыка жетекшісі Мөлдір Мырзакметова мен әдіскер Алмагүл Еспулова да балдырғандармен бірге ән шырқап, би билеп, іс-шараның өз деңгейінде өтуіне атсалысты.
Әрбір қазақстандықты бір мақсатқа үндеп, Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімге, азаматтық борыш пен ұлтаралық татулыққа шақыратын мерекені балабақшада атап өтудің маңыздылығын меңгерушісі Айнұр Юсупқызы терең түсіне білген.
- Тілі басқа болса да – тілегі бір, жыры басқа болса да – жүрегі бір қазақстандық ұлт өкілдерінің тілін қадірлеп, құрметтеуді бала кезден санаға орната білуіміз керек. Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі ел тізгінін ұстайтын ел азаматы болады. Олар аға ұрпақ салған сара жолды, ұлтаралық татулықты жалғастыра білуі керек. Бүгінде елімізде 136-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп келе жатқанына шүкір дейміз, — дейді Айнұр Бахтиева.
Балабақша – бала үшін тәрбие мен білімнің алғашқы баспалдағы болғандықтан №31 бөбекжай-балабақшасының ұжымы осындай талап үдесінен шыға білетін тәрбие ошағы деуге болады. Сезімтал әрі талапшыл басшының арқасында ұжым абыройға ие, құрметке лайық. Оқу-тәрбие жұмысын заманға сай үйлестіріп қана қоймай ұлттық құндылықтарымызды кірістіре жұмыс жасауы балалардың білімді, парасатты, ұлтжанды азамат болып өсуіне жасалған баспалдақ деп білеміз.
Алматы қаласы
«Білім айнасы»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ