Асылбекова Кымбат Асылбековна
Алматы облысы Қарасай ауданы
Қошмамбет ауылы
«Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектебі» КММ
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі
Сәкен Сейфуллиннің 130 жыл толу мерейтойына арналған
«Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби кеш
Кештің мақсаты: Жас ұрпақты еліміздің тәуелсіздігі мен егемендігі үшін күрескен, Алаштың ардақтысы Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармаларын оқып білуге баулу, ақынның өз заманындағы саяси — қоғамдық көзқарасын таныту, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу.
Көрнекілігі: С. Сейфуллиннің суреті, слайд.
Шашу биі
1 — жүргізуші:
— Құрметті ұстаздар, оқушылар! Қазақстанның қоғамдық тарихында абыройлы орын алатын, революционер — коммунист, қазақтың белгілі жазушысы, ақын, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі Сәкен Сейфуллиннің 130 жыл толуына орай «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты әдеби кешімізге қош келдіңіздер.
2 — жүргізуші:
Тарихта қалған тарландар өмірі біз үшін үлгі. Қазақтың қазыналы тілінің бір пұшпағын илеген талай ақын — жазушыларымыз сөз маржанының қандай болатынын қарға тамырлы қазаққа дәлелдеп айтып кетті. Өмір атты теңізде қолдарына қалам алып дүние сырына тоймай тамсана жазған талай дана адамдар болды. Өмірге жұлдыз болып келетін, халықтың еркесі, халық жүгін көтеретін дара адамдар, дарынды жандар аз — ақ. Бірақ қазақ әдебиеті поэзия әлемінде әлемдік деңгеймен салыстырғанда 20 — сыншы ғасырда кенже қалған емес. Керісінше өзінше жаңа қырымен дами бастады. Қандай марғасқа, жаны жайсаң адамдар өмір сүрді сол кезеңде. Әр адамның өз келбеті, өз жан — дүниесі болады.
1 — жүргізуші:
Егер ақынға сезім мен сұлулықты, қосып берген жағдайда одан нағыз шедевр дүниелерді күтуге болады. Қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин дәл сондай сері адам болатын. Қазақ халқы келбетті ер адамдарды көргенде сері деген. Дәл сол сері Сәкен ақынның сұлу жанынан өріліп, талай дүниелер дүниеге келді. Соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген емес. Жаңалыққа толы қым — қуыт жиырмасыншы ғасыр өмір майданына, өмір жағалауына таңдаулыларды өзі шығарып тастап отырды. Жазушы туралы қанша айтса да жарасады. Дәл осы уақытта біздің арамызда жүрмесе де, шығармалары, өлеңдері бізбен бірге.
1 — жүргізуші: Сәкен – қазақ кеңес әдебиетінің қарыштап дамуында үлкен роль атқарған жаңашыл ақын. Өзінің бар өнерін халық мақсатына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болды. Абайдан кейін қазақ поэзиясына жаңалық қосқандардың ішінде оның орны бөлек.
2 — жүргізуші:
Атыңнан айналайын қайран Сәкен,
Ұмытпан демім бар да тұлғаңды әсем.
Ту ұстап, тұлпар мініп, қол бастаған,
«Тар жолда, тайғақ кешіп болдың көсем»- деп Сәбит Мұқанұлы жырлағандай, С. Сейфуллин ұрпақтарға ұлан — ғайыр мұра қалдырып кеткені баршамызға аян.
1 — оқушы: (Айым)
Сәкен Сейфуллин 1884 жылы қазан айының 15 — інде Ақмола уезіне қарасты Нілді болысында (қазіргі Жезқазған облысы Ағадыр ауданы) көшпелі кедей шаруасының семьясында туған. Сәкен Сейфуллин – қазақ Кеңес әдебиетінің негізін салушы, көрнекті ақын, қоғам қайраткері. Оның есімі халық арасына революция жылдары және одан кейінгі кезеңде кеңінен тарады. Ол қазақ ақындарының ішінде бірінші болып революцияны жырлады, Совет өкіметі үшін күреске белсене қатысты.
2 — оқушы: (Жансая)
Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқынды шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен.
3 — оқушы: (Алия)
1937 — 1938 жылдарда қара дауылдай соғып тұрған сталиндік репрессия қазақ халқының ең білімді, ең саналы зиялыларын баудай түсірді: қазақ әдебиетінің негізін қалауға ат салысқан С. Сейфуллин нақақ жаланың құрбаны болды. Жалған айып тағылып, өлім жазасына ұшыраған көрнекті ақын, жазушылардың қырқылып кетуі қазақ мәдениетін орны толмас шығынға душар етті.
4 — оқушы: (Қарақат)
Дәл осы кезде де өз басына қауіп — қатер төніп тұрғанына қарамастан, азаматтық келбетін жоғалтпай, адал бағытынан таймағандардың бірі — осы Сәкен Сейфуллин еді. Сейфуллинді НКВД 1937 жылғы қыркүйектің 24 — інде тұтқынға алып, 1938 жылғы ақпанның 25 — інде атып тастады.
Көрініс: Сәкеннің жары Гүлбаһрам, Сәкен, 2 НКВД қызметкерлері.
Сәкеннің монологы — Мухаммедияр
1 — Жүргізуші:
Таудағы тасқындаған ағын судай,
Өлеңім басталады таудан ұдай,
Әсемін әңгіменің көп таратқан,
Айтылмай қалған екен тау мынадай:
2 — жүргізуші:
Көк орман, көркем тоғай маужыраған,
Сұлудың көзіндей көл жаудыраған.
Малта тас, маржан, ақық, меруерт тас
Төгіліп көк жиекке саудыраған, — деп Сәкен жырлағандай, келесі кезекте табиғат, туған жер жайлы жазылған өлеңдерінен жыр шумақтарын тыңдайық.
(Оқушылар сахнаға шығып, жыр шумақтарын оқиды.)
«Туған жерім- өз елім» өлеңі. Айым
1 — жүргізуші: Сәкен лирикасының өзіндік сыр — сипаты алуан түрлі. Туған жерге сүйіспеншілік, табиғат көріністері мен құбылыстары, махаббат сырлары, сағыныш сазы, мезгіл суреттері, аң — кұсты аялау, ана — бала сүйіспеншілігі — ақын лирикасының басты тақырыптары.
2 — жүргізуші: Ол, әсіресе, табиғатты жан — жүрегімен нәзік сезініп, сүйіне жырлады. Ақынның әйгілі «Көкшетау» поэмасы қазақ жерінің ең бір көркем, сәулетті өңірінің естен кетпес мынандай керемет сұлу суреттерінен басталады.
«Көкшетау» өлеңі – Аделя, Диана
1 — жүргізуші: С. Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30 жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді. «Ақсақ киік» өлеңін тыңдайық. «Қызыл ат» поэмасы. 5 сынып оқушылары Мадина, Аяулым, Аяжан, Айсезім
«Аққудың айрылуы» / Оқушылар поэмадан үзіндіні жатқа оқиды/ — Алия, Қарақат
«Аққу» биі.
2 — жүргізуші: Өмір, достық туралы терең толғанған ақынның жаны таза, ешкімге қиянаты жоқ. Адалдық пен арамдық, мансап пен ар — ұждан, достық пен қастықтың ара жігін аша жазып, адам үшін құнды байлық — достықты жырлайды. Дос көңілін шыңдағы қоймаға, алтын сарайға балайды. Алтын сарай — шын достыққа нағыз дос ие болады дегенді айтады.
«Сыр сандық» өлеңі Бибит, Нұрайна
1 — жүргізуші: «Анаға хат» , «Анаға жауап» өлеңдерінде аналық — балалық махаббаттың, сағыныш — мұңның, өкпе — наздың, жүрек қылын шертер, көзге жас үйірілтіп, ет жүректі елжіретер нәзік лирикалық сезім аса сәтті бейнеленеді.
Анаға арналған өлеңдерін Ақбота, Жұлдыз, Әнел оқиды.
2 — жүргізуші:
Ақбоз атты құлатқан – жала — керме,
Магаданға мола іздеп бара берме.
Сәкен деген – халқымның рухы ғой,
Рухтарды көмбейді қара жерге! — деп Алаштың ақберен ақыны Ғалым Жайлыбай айтпақшы, Сәкен – қазақ халқының көгінде мәңгі жарқырап тұра беретін жарық жұлдыздарымыздың бірі.
1 — жүргізуші:
Сәкен Сейфуллин – айтулы ақын, қарымды қаламгерлігімен қатар, көрнекті қоғам қайраткері. Қызылдардың жыршысы болып жүріп — ақ Қазақ үкіметін басқарған тұста «қырғыз» атауын «қазақ» деп түзеуді именбей көтеріп, «Қазақты қазақ дейік» деп мақала жазып, атымызды қайтарып бергенінің өзі ұлының ұлы ісі деп білеміз. Сол секілді Қазақ тілі туралы декрет қабылдауға ұйытқы болғаны және бар.
2 — жүргізуші: Сол аласапыранда: «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, іс — қағаз қазақ тілінде жүрсін, ол қазақ ауылдары мен болыстарында 1924 жылдың 1 қаңтарынан шілдеге дейін жүзеге ассын. Ал 1 шілдеден әрі қарай қазақ пен орыс аралас отырған жердің барлығында да іс — қағазы қазақ тілінде жүргізілсін» деп шешім шығарған еді. Міне, осының өзінен — ақ оның өз заманының ұлы болуымен қатар, үрей туғызып тұрған орталық биліктен жасқанбай ұлты үшін басын бәйгеге тіккенін көруге болады. Осыны сол кезде тереңнен аңғарған болу керек, өлең сөздің құлагері Ілияс Жансүгіров «Жырламасқа теңіздей, қуаныштың шегі жоқ. Ардақталған өзіңдей, қазақта ақын тегі жоқ», деп ақиқат сөзді тап басып айтыпты.
Ән: « Қазақ тілі » 9 «Ғ» сынып оқушыларының орындауында тыңдаңыздар.
1 — жүргізуші: Сәкен Сейфуллин теңдікті аңсады. Бай мен кедей арасындағы тартысты, әділетсіздікті жырлады. Болашағымыздың бостандығы үшін күресіп, арттарында өшпестей із қалдырды.
2 — жүргізуші: С. Сейфуллин 1920 — 1924 жылдары Қазақ Автономиясының өркендеп, нығаюы үшін зор үлес қосқан үкімет басшысы;
1 — жүргізуші: Ол – Қазақстандағы ағарту ісін ұйымдастырып, дамытуға ерекше күш салған қайраткер;
2 — жүргізуші: С. Сейфуллин – қазақ әдебиеттану ғылымына өзіндік үлес қосқан ғалым.
С. Сейфуллин есімімен көптеген ауыл, елді мекендер, театр, мектеп, кітапхана, көшелер аталады. 1985 жылдан Целиноград қаласында (қазіргі Астана қаласы) С. Сейфуллин мұражайы жұмыс істеді. Мұражай жанында ақынның ескерткіші орналасқан.
«Сейфуллин ескерткіші» өлеңі – Аянат, Мырзадәулет, Нұрайна.
1 — жүргізуші:
Жалынды күрескер — патриот, сегіз қырлы, бір сырлы: ақын, жазушы, драматург, публицист, сыншы, әдебиеттанушы, композитор, педагог, қоғам және мемлекет қайраткері – Сәкен Сейфуллин есімі халық есінде мәңгі сақталады.
2 — жүргізуші:
Асуы жоқ асулардан асайық,
Ашылмаған тас қақпаны ашайық.
Болмағанды болдырайық дүниеге,
Жаңа тұрмыс жаңа жерге жасайық!- деп ақынның ой мен сезімі астасқан жырларын жаттаған жас қауым да ақын өлендерін ешқашан естен шығармайды деп сенеміз дей келе, бүгінгі «Қазақ әдебиетінің ақсұңқары» атты кешімізді Сәкеннің «Тау ішінде» әнімен аяқтауға рұқсат етіңіздер. Осы әнді Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Қайрат Байбосыновтың орындауында тыңдай отырып қосылып айтуларыңызды сұраймыз. Көңіл қойып таңдағандарыңызға көп рахмет.