Home » Айтарым бар » Сәт (сіздік)

Сәт (сіздік)

Кейде мені жақындарым жылатады,
Аласа ойым биіктерден құлатады.
Бір бағым бар, гүлдейді бір мезетке,
Бір таңым бар, жылына бір атады…

Бөрілердей бөлгесін көбі мені,
Жылы тартар бейтаныстың төңірегі.
Кейде маған «сау келген» сараңдардан,
«Ішкен жандар» мейірімді көрінеді.

Өз тағдырым кейде өзіме сұқтанады,
Жүрегімнен жасқанып құт барады.
Кейде мені «айқай-шу» күдіктерден,
«Үнсіздіктей» үмітім құтқарады…

Өткізбесе өткелімнен талас-қайғы,
Өз ақылым өзіме жараспайды.
Жақ талдырып кейде сыр ақтарсам да,
Кей жақындар өзіме жақ ашпайды.

Кейде жүрем білсем де, білмегендей,
Ешкім ойға батпайды түнде мендей.
Қайғырғанда күй кешем бұл ғұмырда,
Бірде-бір рет жарқылдап күлмегендей…

Өкініштің алды жақын, арты жырақ,
Өкіну де өмірдің салты бірақ.
Кейде маған бармақтай бақтан гөрі,
Бармақ тістеп қалмауым артығырақ…

 

Тұрарбек Мерей Қайратбекұлы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.