Home » Ашық сабақтар » Тағылымы мол кездесу

Тағылымы мол кездесу

Бесимбаева Гүлшара Умирбаевна
Маңғыстау облысы
Жаңаөзен қаласы
Жаңаөзен мектеп-гимназиясының
тарих және құқық негіздері пәнінің мұғалімі

 

Жаңаөзен қаласындағы мектеп-гимназиясында  қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері бірлестігінің жетекшісі  Роза Жаңғақбаеваның ұйымдастыруымен заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларын кеңінен насихаттау мақсатында «Шыңырау» повесіндегі құдықшы Еңсептің ұрпағы  Есберген Іңірбайұлымен кездесу болды. Кездесу ұйымдастырушының алғашқы кіріспе  сөзінен кейін 11-сынып оқушыларының шығарма желісі бойынша дайындаған қойылымымен басталды. Басты кейіпкерді сомдаған 11-сынып оқушылары  Жайна мен Камила кездесу қонақтарын өздерінің артистік қабілетімен тәнті етіп көрермендер алғысына ие болды.

Кеш қонағы Есберген ағамыз атасы Еңсептің өмірімен және жасаған жұмыстары туралы айта келіп, шығармадағы кейіпкер Еңсеп өмірде болған Бейнеубай Құлшарұлы менің аталарым деп таныстырып өтті. 1999 жылы повестің авторы Әбіш Кекілбаевпен кездесу барысында Иранға барып Бейнеубай Құлшарұлының басына белгі қою керектігі туралы ұсыныс береді.     Әбекеңнің ұсынысы бойынша облыс әкіміне бар мән жайды айтып Иранға бару керектігі туралы хабарласты. Шешімін тапқан күрделі мәселе оңынан оралып сырғи түсті. Сол жерде аудармашы, ғалым, парсы тілінің маманы Нияз Тобышпен кездесіп, Баку арқылы Иран еліне жол тартты.

Жат жерге аттанбас бұрын жергілікті жердің салты бойынша Бекет ата басына зират етіп, Шопан ата басынан бір уыс топырақ, бір түп жусан мен адыраспан алады. Сонымен бірге «Бұл жерде құдықшы Бейнеубай Құлшарұлы жерленген» деген плитаға жазылған белгіні де өзімен бірге алып жүруді жөн санады. Ол елге барған соң Оразмағанбет Тұрмағанбетұлының баласы Шарғи  ақсақалмен кездеседі. Ол кісінің айтуы бойынша Бейнеубай құдықшы 1941 жылы қайтыс болыпты, көзі көрген ақсақал таудан аққан өзен бойынан гранит тас тауып, шеберлерге жасатып басына белгі қойғандығын жеткізген. Зираты Иран еліндегі Күмістөбе деген жерде, Мақтымқұлының жанына жерленген екен. Осылайша еліміздің атақты құдықшысы Бейнеубай Құлшарұлы жат жерде көз жұмып,  топырақ жат елден бұйырған екен.

Өйткені ерекше көріпкелдігі бар Қараш Бейнеубай құдықшы Құлшарұлы отызыншы жылдары «көріпкел», «молда» атағынан қорқып, репрессиядан қашып бас сауғалап Иран жеріне кетуге мәжбүр болған. Иранға барған жерінде мешіт ұстап бала оқытқан [Адай шежіресі 9-том 256-бет].

Шарғи ақсақалдың көрсетуімен зират басына барған Есберген Іңірбайұлы садақа тарқатып, атасының басына елден апарған топырағы мен плитасын қояды.  Шарғи ақсақал Оразмағанбеттің дәрігерлік баяны жазылған дәптері мен Иран шахына жазған хатын Есекеңе береді. Елге әрі көңілді, әрі олжалы қайтқан Есекең бәріне себепші болған Әбіш Кекілбаев екендігін айтып, заңғар жазушыға деген ризашылығын білдірді. Әбекеңнің адамгершілігі мен қарапайымдылығын, әр сөзін «айналайын» деп отыратын мейірімділігін өзіне ұлағат тұтатындығын айтып өтті. Оның әр шығармасы адамды үлкен армандарға жетелейтіндігін айтып оқушыларды шығармаларының ерекшелігімен таныстыруды да ұмытпады.

Заңғар жазушының қоғамға сіңірген еңбегімен бірге  ел тәуелсіздігінің нығайып дамуына қосқан еңбегінде сүйсіне жеткізді. Қоғам қайраткерінің Астана қаласындағы үлкен пантеонда шығармашылықта бірге жүрген сыйласы Фариза апамызбен бірге жерленгенін  де көрсетуді ұмытпады. Сонымен қатар жазушының «Сыр десте» деген 5 томдық шығармасын да сөзге тиек ете отырып публистикалық эсселерін оқу арқылы адам атаның жаратылуынан бастап, тілдік қарым- қатынастың пайда болуы туралы тың деректерді таныта отырып оқушылардың Әбіш Кекілбаев шығармаларына деген қызығушылығын оята білді.

Жер бетіндегі адамдар бір-бірін қалай ұғысты, әрине, көптеген халықтар бір-бірін мимикамен (қол, ауызбен) сөйлесу арқылы түсініскен. Кез келген әлем еліндегі ұлт «иә» десе басын изеу, «жоқ» десе басын шайқау арқылы түсінгендерін айта келіп Әбіш Кекілбаев қазақ тілінің  дамуын түрлі елдердің сан алуан тарихына терең бойлата отырып ұғындыратынын еске алды.

Оқушыларды  Әбіш шығармаларының ерекшеліктерімен таныстыра отырып Есберген Іңірбайұлы «Шыңырау» шығармасындағы суы үнемі дүңгірлеп тұратын «Дүңгірлек» құдығының ерекшелігімен таныстырды. Еңсеп ақсақал  жердің шөбі мен топырағының дәмін татып, содан соң шылбырын сүйретіп әрі-бері ұзақ жүріп барып, таң алдында құдық қазылатын жерді анықтап бірнеше метр тереңдікте қазып су шығарады. Бұл шығарманы Герольд Белгерд неміс тіліне аударса, неміс тілінен ағылшын жазушысы ағылшын тіліне аударып танысқан соң: «Айдаладан 100 метр тереңдікте құдық қазу деген фантастика болуы мүмкін»,- деген ой түйіп көзімен көру үшін Маңғыстауға келіп көріп таң тамаша болған.

Қазатын техника жоқ, сүймен мен қайла арқылы топырағын шығарып шөл даладан шегендеп су шығару қандай ғажап, — деп тамсанған ағылшын жазушысы шегенделген тастарды көріп:

— Ол кісілер бұларды қайдан алды? Жерден қазып алды ма? -деген сұраққа таңдана жауап іздеді де тереңдігін бақылады. Олар сол құдықтан су алу үшін 50 м арқанды жеткізе алмай, 50 м арқанды қосып суын алып ішкенде,  одан әрі судың өте салқындығына таңданысын жасыра алмады.  Қасындағы адамның басына суын құйған кезде, салқындығына шыдамаған жолдасы басын алып қашқанда мұндай өте салқын суды көрмегендігін айтып мәз болды. «Дүңгірлек» құдығының суының дәмі мен мұздайлығы холодилниктің мұздатқан суынан өте бөлектігін атап көрсетті.

Есберген Іңірбайұлы сондықтан жердің астындағы судың көзін тауып, оны шегендеп ел игілігіне жарату, шынында ғажайып еңбек еді деп атасының ерен ісін оқушыларға әңгімелеп берумен бірге өз ұсынысымен де бөлісті. Ертеде ата-бабаларымыз жер асты суының көзін тауып құдықтан шығырмен суару арқылы  мыңғырған малын өсіріп, жерін көркейтіп таза табиғи су көздерін пайдаланса, бұл күнде еліміз теңіздің суын тұщыту арқылы тұтынуда. Ал шындығында бұл халық үшін экологиялық зиян. Израиль, Араб елдері жер асты суларын пайдаланып елдерін көркейтіп отыр. Ендеше біздің елдің де сондай елдер қатарына қосылуымыз керек.

– Балаларым, тек қала маңында ғана жүрмей, Маңғыстау табиғатына шығып, Әбіш Кекілбаевтың  шығармаларын оқып, ондағы жерлерді көзбен көріп тамашалауды ұсынамын. Оның шығармаларынан туған жеріңнің ерекшелігін және  тарихымен, атап айсам Үстірт үстіндегі мазарларды көріп батырлармен танысар едіңіздер. Найза шаншылып тұрған жерден Қармыс, Балуанияз батырлардың қабірін көріп, ол кісілер туралы тарихи оқиғаларымен танысып, туған өлкеңнің ерекшелігін ұғынар едіңдер.

2018 жылы мемлекетеміздің қолдауымен Алматыдан «Қазақфильм» киностудиясынан бір топ кино түсірушілер келіп «Шыңырау» повесі бойынша көркемфильм түсірілді. Онда Бейнеубай атасынан тараған ұрпақтары мен  Үстірт үстіндегі құдықтарды және т.б. сюжеттер кірістірілді. Кино көпшіліктің қызығушылығын тудырады деп ойлаймын. Әрине «Шыңырау» повесіндегі құдықшы Еңсептің ұрпағы  Есберген Іңірбайұлымен болған кездесуден оқушылар өздеріне мол мағұлұмат алып тарады. Заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларына, туған жердің тарихына деген үлкен қызығушылықпен тарасты. Тағылымы мол кездесу ұйымдастыра білген ұстазы Роза Жаңғақбаеваға өздерінің алғысын білдірсе,  оқушыларды шығарма желісі арқылы шынайы өмірмен таныстыра білген ұстазға әріптестері де ризашылығын білдірді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.