Home » Ашық сабақтар » Білім беру ұйымдарында ата-аналармен жұмысты ұйымдастырудың белсенді әдістері

Білім беру ұйымдарында ата-аналармен жұмысты ұйымдастырудың белсенді әдістері

 Ташпенова Ханимаш Куанышовна
Маңғыстау облысы
Ақтау қаласы
«№ 3 жалпы білім беру орта мектебі» КММ
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары,
бастауыш сынып мұғалімі,
педагог-сарапшы 

Әлемдік білім контексінде дамудың жаңа тенденциялары, экономикалық, әлеуметтік, мәдени өзгерістер білім беру үрдісінің осы жағдайларға бейімделуін талап етеді.  Бұл процестің   ерекшелігі өркениетті елдердің инновациясын игеру, тәжірибені тарату, жаңа білімді іздестіру.

Заманауи білім кеңістігіне ену арқылы, жаңартылған білім беру жүйесінде білім мен ғылымды интеграциялау, соның негізінде оқыту мен тәрбие мазмұнын  жаңаша бағыттау білім индустриясын жетілдіруді қажет етеді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Біз қазір «білім – ғылым – инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз» -деген болатын[1].

Мемлекеттің стратегиялық мақсаты — білім беру ұйымдарында ата-аналармен тәрбие жұмысын ұйымдастырудың  әлеуетін түбегейлі өзгерту және ұлттық модель негізінде,  оның  жаңа парадигмасын құру.  Бұл үрдіс мектептің тұтас педагогикалық жүйесі негізінде жүзеге асады.

Жалпыәлемдік тәрбие жүйесін зерттеу және талдау елімізде біртұтас кешенді тәрбие жүйесін, оның мақсаты мен мазмұнын ұлттық мақсаттар, мәдени құндылықтар мен дәстүрлер, діл ерекшеліктерін ескере отырып, әлемдік озық тәжірибе, заманауи прогрессивті ағымдар, инновациялар үйлесімінде құрудың маңыздылығын көрсетіп отыр[2].

Мектеп, отбасы, оқушы өзара сабақтастықта. Мектеп пен отбасы қоғамның әлеуметтік институты ретінде баланың дамуы мен қалыптасуының маңызды бір бағыты болып табылады. Сондықтан да ата-анамен жұмысты ұйымдастырудың белсенді әдістерін іздестіру және оны тиімді қолдану мұғалімнің міндеті.   Ол тәрбие процесінде жүзеге асады.

Тәрбие үрдісіндегі жаңа реформалар мектептің даму үрдісіне айтарлықтай өзгерістер еңгізді. Тәрбиеде жаңа педагогикалық әдістер мен озық ақпараттық технологиялар пайда болды. Бүгінгі тәрбие үрдісінде дәстүрлі әдістердің орнын креативті ойлауға түрткі болатын жаңа технологиялар алмастырды. Бұл бір жағынан мұғалім мен ата-ананың ынтымақтастығын арттырса, екінші жағынан тәжірибені  өмірде қолдана білу мүмкіндігін қалыптастырады.

Тәрбие процесіне қатысушылардың іс-әрекеті мен қарым-қатынасы педагогикалық ықпал ету арқылы жүзеге асады. Тәрбие мазмұны отбасынан бастау алады.

Тәрбие өз бастауын отбасынан алады десек, сол отбасы бүкіл ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан, ол – адам үшін ең үлкен мәнге ие орта болып табылады. Отбасы – үлгі-өнегелердің, дәстүрлердің, асыл мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғашқы рет өмір жолымен танысып, моральдық нормаларды игереді. Сондықтан, отбасылық өмір – жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Отбасы тәрбиесін қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі ретінде алып қарасақ, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы да осы отбасы тәрбиесіне келіп саяды.  Сондықтан да ата-аналармен жұмысты ұйымдастырудың маңызы айқындала түседі. Әртүрлі әдістерді қолдану бұл жұмысты жаңаша құруға мүмкіндік береді.

Тәрбиенің әдістері мен оны топтастыру мәселесі көптеген ғалымдардың зерттеу нысаны болды. Ғалымдардың еңбектерінде тәрбие әдістерінің жүйесі, алғышарттары, педагогикалық-психологиялық негіздері т.б. талдауға алынды.

Тәрбие әдістері — тәрбие мақсат-міндеттерін шешуге бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушінің өзара байланысты іс-әрекеті[3].

Ата-аналармен жұмысты ұйымдастыру міндеттері:

  • Ата-аналарға педагогикалық-психологиялық кеңес беру;
  • мектептің іс-шараларына ата-аналарды қатыстыру;
  • ата-аналармен конференциялар мен тренингтер ұйымдастыру;
  • мектептегі ашық есік күндеріне шақырып, қатыстыру;
  • ата-аналармен жеке жұмыс   жүргізу.

Мектептің педагогикалық үрдісі күрделі жүйеден тұрады. Мұғалім, оқушы және ата-ана сол процестің субъектілері болып табылады. Ата-анамен жұмыс жасау мұғалімнің шеберлігіне байланысты.

Ата-анамен жұмыс түрлері сипатына қарай ұжымдық, жекелік және ақпараттық болып бөлінеді. Ата-анамен ұжымдық жұмыс формасына ата-аналар жиналысы жатады. Бұл мектептің тәрбие үрдісіндегі тиімді формалардың бірі болып табылады. Ата-аналар жиналысында тиімді әдістерді қолдануға болады. Олардың қызығушылықтарын оятады және тәрбие мазмұнын жетілдіруге көмектеседі. Миға шабуыл, постер құрастыру, кейс-стади, дөңгелек үстел т.б.

Ата-аналар конференциясында тәрбиеге байланысты өзекті проблемалар назарға алынады. Конференция барысында ата-аналар өз тәжірибелерімен бөлісе отырып, баланы тәрбиелеудің тиімді жолдарын ұсынады. Тәрбиедегі келеңсіз жағдайлардың алдын-алуға көмектеседі.

Конференцияда әртүрлі тақырыптар қарастырылады. Атап айтсақ,  «Бүгінгі отбасының құндылықтары», «Отбасына психологиялық көмек», «Баланы ғаламторға тәуелділіктен қалай құтқаруға болады», «Баланы тәрбиелеуде қолданатын жаңа әдістер» т.б.

«Біз шығармашыл жандармыз» атты ата-аналармен оқушыларға арналған көрме ұйымдастыру тәрбие жұмысының  мазмұнын жетілдіреді.

Ата-аналармен жұмысты ұйымдастырудың тиімді формасы педагогикалық консилиум болып табылады. Консилиумға мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, сынып жетекшісі, педагог-психолог, ата-аналар қатысады. Консилиумда тәрбиеге қатысты мәселелер қарастырылады.  Консилиумның мақсаты- бала тәрбиесінде ата-аналарға педагогикалық-психологиялық қолдау көрсету[4].

Рөлдік, имитациялық және іскерлік ойындарды қолдану арқылы ата- тәрбие мәселесіне қатысты сұрақтарды сараптауға болады.

Заманауи мектеп мұғалімі тәрбиенің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгерген тұлға ретінде қалыптасып келеді, ал инновация мен технология қарқынды дамып келе жатқан ғасырда мектеп мұғалімінің ата-аналармен жұмыс жасау барысында кеңес берудің пайдасы зор.  Кеңес беру арқылы мұғалім ата-анаға әлеуметтік-педагогикалық қолдау көрсетеді. Кеңес беру әртүрлі педагогикалық және психологиялық тақырыптардың аясында жүргізіледі. Ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты мынандай тақырыптар ұсынуға болады: «Отбасындағы бала тәрбиесінің мәні», «Тәрбиенің заманауи сипаты» т.б.

Сонымен қатар жиі қолданылатын әдістердің бірі- тренинг.

Тренингтер қатысушылардың өзара әрекеттесе отырып, мәселені әр қырынан талқылауын қамтамасыз етеді. Тренинг ағылшын тілінен аударғанда «train»-жаттықтыру, жаттығу деген мағынаны білдіреді. Тренинг — өзін-өзі тануға, өзін-өзі реттеуге, тұлғааралық қарым-қатынасқа, коммуникативті және кәсіби біліктілікке бағытталған психотерапиялық, психокоррекциялық және тәрбие әдістерінің жиынтығы.

Тренинг барысында ата-аналар көптеген сұрақтарына жауап іздестіреді. Сол арқылы шешім қабылдауға үйренеді. «Отбасындағы жылу», «Ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынас», «Менің балам қандай?» т.б. тақырыптарда тренинг өткізу педагогикалық қарым-қатынастың стилін өзгертуге мүмкіндік береді.

Тағы бір әдістердің бірі-коучинг. «Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі» тақырыбында коучинг ұйымдастыруға болады. Мақсаты: Ата-ананың бала өміріндегі орны мен рөлін айқындау,  ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білімін жетілдіру. Ата-аналармен коучингті ұйымдастыру барысында бірнеше тапсырмалар орындауға болады. Атап айтсақ, «Біздің топтың жүрегі» жаттығуы арқылы жүректің адам ағзасындағы маңыздылығы туралы мағлұмат беріп, ата-ана мен баланың жүрегінің тұтастығын дәлелдеу. «Отбасылық құндылық ағашы» жаттығуы барысында ата-аналар топпен жұмыс жасайды. Отбасындағы құндылықтарын бейнелеу арқылы ағаштың суретін салады. Бұл тапсырма ата-аналардың шығармашылығы мен креативті ойлау дағдысын қалыптастырады[5].

Оқушыларға тәрбие беруде, білім сапасын жақсарту жолында, мектеп, ата-ана және оқушы бірлесе отырып,  жақсы нәтижеге қол жеткізеді.  Осы орайда «Ашық есік» күнін ұйымдастыру оқу-тәрбие үрдісінің ашықтығын   көрсетеді. Ата – аналар үшін «Ашық есік» күні жақсы нәтиже береді. Себебі, ата-аналар сынып жетекшісінің де, пән мұғалімдерінің де сабақтарына қатыса алады.

Ата-аналармен жұмыс мазмұны төмендегідей бағытта жүргізіледі:

  • ата-аналардың психологиялық-педагогикалық білімін арттыру (дәрістер, семинарлар, жеке консультациялар, практикумдар);
  • ата-аналарды оқу-тәрбие үрдісіне тарту (ата-аналар жиналысы, бірлескен шығармашылық кештер, материалдық-техникалық базаны нығайтуға көмек көрсету);
  • ата-аналардың мектепті басқаруға қатысуы (мектеп кеңесі, ата-аналар комитеті).

Қазақстан қоғамындағы заманауи жаңалықтар мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі елеулі өзгерістерге алып келді. Мектепке дейінгі кезеңде білім берудің мазмұнын жаңарту – бұл ең алдымен «құзыретті тұлға» ұғымының басты мағынасын ашу, білім беру үдерістерін дұрыс талдау, білім беру сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жаңа педагогикалық технологияларды қолдана білу.

Пайдаланған әдебиеттер

  1. Н.Ә.Назарбаев Елбасының Назарбаев Университеті студенттері алдында сөйлеген сөзі. 5 қыркүек, -2012.
  2. Интербелсенді әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы білім беру үрдісінің тиімділігін арттыру https://alashainasy.kz/ustazdar
  3. В.А.Сластенин Педагогика -М:Образование, -2009.С165
  4. І.Ж.Ізімғалиева Ата-анамен жұмысты ұйымдастырудың тиімді формалары http://www.zkoipk.kz/kz/ss2/896-conf.html
  5. Коучинг ата-аналар жиналысы: Бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі https://infourok.ru/kouching-

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.