Биыл Ұлы Отан соғысына 75 жыл толды. Менің атамның айтуынша, елді қан қақсатып, зарлатқан соғыс 5 жыл адамзат өміріне қасірет әкеліпті.1941 жылдың 22-маусымында Германия тұтқиылдан соғыс бастаған. Гитлерлік фашизмге қарсы халқымыз жұмған жұдырықтай, тас түйін күйде Отан қорғауға кірісіп, қасық қаны қалғанша шайқасқан болатын.
Менің атам -Жампейісов Рамазан жауынгер болған.1942 жылы сәуір айында майданға аттанды. 340 атқыштар гвардиясының 1142 – атқыштар полкы құрамында екінші минометшілер ротасының екінші взводының расчет командирі аға сержант болған жауынгер атам соғыстың алғы шебінде шайқасқан. Соғысты жеңіспен аяқтап, елге аман-есен оралып, аға орманшы болып еңбек еткен.
Ұрыс кезінде көрсеткен ержүректілігі, батылдығы мен батырлығы үшін үш рет Бас қолбасшының алғысын алып, Қызыл Жұлдыз, ІІІ дәрежелі Данқ ордендерімен марапатталған. Ұлы Отан соғысында шайқасып жүріп, Берлиннің түбіне дейін жеткен. Ол бүгінгі жарқын болашақ үшін құрбан болған қаруластарын ешқашан ұмытқан емес.
Мен үлкен атамды көрмедім.Бірақ ескі альбомнан оның сарғайған суреттері мен құжаттарын, медальдарын көріп менде патриоттық сезім ұялады. Мен үшін естелік болып қалған бұл құжаттар алтыннан да қымбат. 9 мамыр – жеңіс күні ерлердің ерлігіне тағзым етіп, ержүрек ардагерлерге құрмет көрсетемін. Еліміздің көк аспанында бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің, азаттықтың туы әрқашан желбірей берсін!
№108 мектептің 1-сынып оқушысы
Құрмаш Алихан Өркенұлы