Home » Мақалалар » Оралмаған боздақтар!

Оралмаған боздақтар!

Гульхан Смагулова
Алматы қаласы

    Менің атам Нұрахмет соғыс жылдары жарақатына байланысты майданға жарамай қалған соң еліне қайтарылған екен. Ол кезде шалғай ауылдардағы ер-азаматтардың бәрінің соғысқа аттанып, қара шаруаның, нәзік жанды әйелдердің мойнына артылғаны бәрімізге мәлім. Атамыз сол кезде шабындықта да, көктемдегі қой қоздайтын сақман кезіндегі жұмыстарды талғамай араласып қызмет еткен. Соғыс жылдары қол күші тапшы болғандықтан, кім болса да жұмыс талғамай, қолға түскен істің бәрінің басын шалып істеу, әрбір ауыл адамына тән нәрсе болған.

Атамыз кейін ел іргесі тынышталған соң, өз алдына бір отар қой алып, соларды бағумен айналысқан. Дүниеден өткенше соны ата кәсіп қылып өткен. Талай жыл қой басынан  мыңғырған қозы алып, абырой-атаққа да ие болған екен.

Атамның өзінен кейін Жанахмет, Баяхмет, Нұрсейіт, Нұрмансейіт атты інілері мен Мөрше атты жалғыз қарындасы болған екен. Соғыс басталған кезде жаппай майданға алынып жатқанда, атамның бауырлары мен жалғыз қарындасы да көптің бірі болып соғысқа аттанып хабар-ошарсыз кеткен.

Атамыз дүниеден өткенше сол бауырлары мен қарындасын жердің қай шетінен іздерін білмей арманда кеткен деседі. Бір кіндіктен тараған боздақтардың хабарсыз кетуі атамыздың жанына батып, ішқұсалықтан ауруға шалдыққан екен. Ол кезде қазіргідей техниканың дамыған заманы емес, іздеп табуда қиын болған ғой.

Жылдағы жеңіс мерекесі жақындаған сайын, атамның бауырлары мен қарындасын көрмесем де, іштей әлдеқандай сағынышпен еске аламын.

Мүмкін елге қайта алмай, бір жерге тұрақтап, шаңырақ өрбітіп дүниеден өткен де шығар деп ойлаймын.

Соғыс кезінде жоғалған туыстарын іздеген бағдарламаларды үзбей қарауға тырысамын. Ондағы ойым, мүмкін балалары мен немерелері болса, іздеу салды ма деген үмітсіз шайтан ғой! Әй қайдам…

Атамның артында қалған ұрпақтары аман болсын!

Енді соғыс өрті жер бетін шалмаса екен деп тілеймін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.