Таева Айнұр Манаповна.
Алматы қаласы
Жетісу ауданы
№101 бөбекжай-балабақшасы меңгерушісі
Бүгінгі таңда дүние жүзін жайлаған індеттің еліміздің бүгіні мен ертеңіне тигізіп жатқан әсері мол болып тұр. Соған қарамастан жедел түрде түрлі іс-шаралар қатаң түрде іске асырылып жатыр. Сонымен қатар қазіргі жағдай ішкі істер мен медицина саласы қызметкерлері үшін өте жауапты кезең болып табылады.
Коронавирус індетімен күрес жүріп жатқан кезде еліміздің әрбір азаматы өзін борышты әрі жауапты сезінуге міндетті. Осындай ауызбіршілігіміз бен жауапкершілігіміздің, бірлігіміздің арқасында ғана біз өзіміздің тәуелсіздігімізді сақтай отырып, мақсаттарымызға жетеміз!
Осындай қиын-қыстау кезде ата-аналарымыз да, балаларымыз да басымызға түскен нәубетке түсіністікпен қарап, бір жағымызға шығысып, қол ұшын беруде.
Бүлдіршіндеріміздің үйлерінде отырып, қатардан қалмай білім алуына ұстаздары мен тәрбиешілерімен қоса ата-аналардың да қосып отырған үлесі зор.
Қашықтан білім алуды балаларымыз жеңіл игеріп, қызығушылықпен оқуда. Білім алудың бұл түрі, балаларымыз бен ата-аналардың жаңа технологияға деген көзқкарасын өзгертіп отыр. Олар өз бетімен білім алуға машықтанып, үйреніп жатыр.
Сондай-ақ елімізде «Біз біргеміз» жобасы бойынша қыруар іс-шаралар жүзеге асырылды. Бұл жерде «Нұр Отан» партиясының атқарып отырған жұмыстарын атап айтсақ, артық болмас деп ойлаймын. Ардагерлерімізге, көп балалы отбасыларына, мүгедек жандарға көрсеткен көмектері ұшан-теңіз! Індеттің жұқпалы екеніне қарамастан, өз бастарын қатерге тігіп, қаншама азық-түлік, бетперде тағы да басқа қажетті заттармен қарапайым халықты қамтамасыз ету үшін еңбек етті.
Мұның бәрі қазағымның кең жүректі, кең пейілді, қанымызға біткен жомарттығымыз бен бірлігіміздің арқасы деп білемін!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Мұндай қиыншылық халқымның басына енді келмесін деп тілеймін! Аман болайық!