Маңғыстау облысы,
Мұнайлы ауданы,
№ 11 жалпы білім беру орта мектебі,
тарих пәні мұғалімі
Жайлыбаева Салтанат Мұратқызы
Білім беру жүйесінің қашықтан оқу формасына көшуі – заман талабы. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-19 коронавирусына байланысты пандемия жариялады. Еліміз, өңіріміз осы жағдайға байланысты карантинге жабылды. Осы тұста жауапкершілік жүгінің көп бөлігі мұғалімдерге артылды және бұл сынақты еңсеруде педагог қызметінің қаншалықты маңызды екеніне көз жеткіздік.
Білім беру жүйесі – еліміз үшін ең маңызды үрдістердің бірі. Ал қашықтан оқыту жүйесіне көшу – қазіргі жағдайға байланысты қабылданған ең ұтымды шешім. IV тоқсанда еліміздің барлық мектептері қашықтан оқуға көшті. Бастапқыда бұл жүйеге көшу туралы бірқатар маңызды шешімдер қаралып, қабылданған шешімдер барлығы үшін оңтайлы болу керектігі баса назарға алынды. Әр педагогті «сабақты қашықтан қалай өтемін, оқушыға тақырыпты меңгертудің тиімді жолдары қандай болмақ?» деген сұрақтар толғандырса, ата-ана көкейінде «балама қолайлы білім алуы үшін қандай мүмкіндіктерді қарастыра аламын?» деген сан алуан сұрақтар маза бермеді. Бұл мәселелер тиімді ұйымдастырудың арқасында өзінің шешімін дер кезінде тапты. Мектеп әкімшілігі тарапынан көп балалы отбасыларға техникалық жағынан көмектер көрсетіліп, қашықтан оқу мүмкіндігін тиімді ұйымдастырды.
Мектеп оқушыларының сапалы білім алуы әрбір пән мұғалімінің ақпаратты жеткізе білу білімі мен сауаттылығы негізінде жүзеге асатыны баршамызға мәлім. IT технологияларды тиімді пайдалану – жоғары дәрежеде дамыған елдердің жетістігі. Осы орайда келешекке бағдарымызды анықтап, алдағы күндерге заманауи тұрғыдан қарап, жаңашылдығына баға бере білуіміз керек.
«Қашықтан білім беру – заман талабы» екендігін жоғарыда атап көрсеттік. Бұл бағытта білім беру барысында әр педагог өзіне қажетті мәліметтерді игере алды. Мұғаліммен қатар оқушылар да ақпараттық технологияның зор мүмкіндігін пайдалануда көп нәрсеге мән бермейтінін мойындап, оның маңызына тереңінен үңіле бастады.
«Bilimland», «Daryn.online», «Күнделік», «Daryn.kz» секілді интернет ресурстарындағы сабақтар мен курстарға оқушылардың қызығушылығы артып, бос уақытында аталған ресурстарды өз игіліктеріне пайдаланды. Болашақта оқушыларымыз сабақ процесіндегі дайындығына қосымша ретінде жоғарыда аталған бағдарламаларды пайдаланады деген үміттеміз.
«Қашықтан жұмыс жасауда мұғалімдердің жүйелік тәжірибесі жоқ екенін ескеретін болсақ, әрине, бұл оңай шаруа емес және мұндай жұмыс бұрын талап етілмеген. Десек те, мұғалімдер цифрлық білім беру ресурстары, электронды оқулықтар, электронды журнал жүйелерімен бұған дейін де жұмыс жасайтын» – деп жазды өзінің әлеуметтік желі парақшасында Білім және Ғылым вице-министрі Шолпан Каринова. Бұл сөздерден біз мұғалімдердің қандай жағдай болса да іс-әрекетке тез бейімделіп, процессе жылдам араласып кететінін көреміз.
Білім беру жүйесінде қашықтан оқытудың тиімді жақтары да қарастырыла бастады. Оқушылардың әртүрлі курстарға, олимпиадалар мен байқауларға қатысуға мүмкіндік алуы бұл бағдарламаның артықшылығы болып табылады.
Ұлы даламыздың тарих сахнасындағы өткен күніне үңілсек, ата-бабаларымыздың парасат-пайымына таңырқай қараймыз. Өз ұрпағының жарқын күндері үшін ұлы мақсаттарға ұмтылған халқымыздың ерен еңбегі мен асқақ рухына бас иеміз. Қазақ халқы талай тар жол, тайғақ кешуде сынақтардың бәріне шыдамдылық танытып, тек алдағы күнге қарай ұмтылып отырған. Біз кешегі ата-бабаларымыздан үлгі алып, өз күшімізге, мүмкіндігімізге, ерік-жігерімізге сенім арта білуіміз керек.
«Тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, болашақты болжау қиын» деген шығыс ғұламасы Әл-Фараби. Қиын кезеңнің парақтарын ақтарсақ, бұл сынақты да еңсереріміз сөзсіз. Ашаршылық, сұрапыл соғыс кезінде де сағымыз сынбай, тек болашаққа сеніммен қарадық. Әлемдегі болып жатқан оқиғаларға қорқыныш сезімі басым болса да, біз, мұғалімдер, жас ұрпақтың білім алуына бар жағдайды жасаудамыз. Бүгінде біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің адал ұлтжанды азаматы болуға, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Биыл Ұлы Отан соғысы аяқталып, жеңіс туының желбірегеніне — 75 жыл. Ендеше, тарих сахнасында үлкен орын алған бұл панденияның да аяғы жеңіспен аяқталуын тілеймін. Мектептерде қоңыраудың сыңғыры мен асыр салған шәкірттердің үнін естір күн де алыс емес. Қашықтан білім беру барысында түйген ойларымызды, алған ақпараттарымыз мен мол тәжірибелерімізді тек нәтижелі жұмысқа қолданайық, ұстаздар!