Home » Мақалалар » Қашықтықтан оқытудың тиімді тұстары

Қашықтықтан оқытудың тиімді тұстары

Маңғыстау облысы
Мұнайлы ауданы
«№13 мектеп-гимназия» КММ
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні  мұғалімі
Турманова Гулайым Тажбеновна

Биылғы оқу жылының соңғы тоқсанын еліміздегі білім ордалары бұрын-соңды болмаған ерекше форматта өткізуде. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты шәкірттердің денсаулығын алдыңғы орынға қойған ел үкіметі қашықтан оқыту туралы шешім қабылдады.                                                             Алғашқыда әрқилы пікір-ұсыныстар айтылғанымен ата-аналар мен ұстаздар да, оқушылар да бұл шешімнің өте дұрыс екеніне көз жеткізе бастады.

Әрине, қалыптасқан оқу жүйесі мен қазіргі оқудың арасында біршама айырмашылықтар бар екендігі белгілі. Өзіндік қиындық тудыратын кездері де жоқ деп айта алмаймыз.

Дегенмен, төрт аптадан бері шәкірттерімізге білім нәрін телесабақ , онлайн- сабақ түрлі әлеуметтік желі арқылы жеткізу барысында байқағанымыз- мұғалім мен оқушы жаңа белесті бағындырып,жаңа мүмкіндіктерді игере бастауы.

Біріншіден,ұстаздың әрбір сабағына тыңғылықты дайындалып, көп ізденіп, түрлі сайттарға кіріп, қайтсем тақырыпты оқушыға жеткізудің тиімді жолын табамын деп алға талпынуы артты.Себебі,бұрынғыдай оқушы алдында отырған жоқ, бетпе-бет сөйлесу мүмкіндігі шектелген.. Электронды оқулық материалдарын пайдалану, компютерлік бағдарламалармен жұмыс істеу дағдыларын дамыту,слайдтар мен презетациялар жасау мәселесіне жіті көңіл бөлетін болды.Мұның бәрі бұрыннан істеліп жатқан жұмыстар болса да, қашықтан оқыту үдерісі кезеңінде жаңа сапаға ауысты деуге толық негіз бар.

Екіншіден, әрбір оқушымен жеке байланыс күшейді,шәкірттен қанша алыста отырса да ұстаз оның жан- дүниесіне жақындай түсті. Бұрын жеке айтуға ыңғайы келмей,айта алмай жүрген ішкі толғаныстарын оқушы мұғаліміне емін-еркін жеткізуге тырысатын болды.Әр баланың жеке тұлға екендігі,осы қағиданың өмірлік маңыздылығы енді ашылып жатқандай әсердеміз.

Үшіншіден,министрліктің ұстаздар қауымына  бұл сынақтан толық,сапалы сипатта алып шыға алады деген сенімі, ерекше жігер сыйлады. Талаптың оңай емес екенін де түсіндік.Сенім бар жерде бірлік бар,бірлік бар жерде іс өнімді болатынын да дана халқымыз бағзы кездерде-ақ айтып қойғанын білеміз

Төртіншіден,баланың да жауапкершілік сезімі артты, ұстаз бен ата-ана қадірін бұрынғыдан да жақсы біле түсті деуге болады. Оқушы күн тәртібін сақтауға,тапсырманы уақтылы орындауға дағдылана түсті.Тек қана оқулықпен шектелмей, телесабақ,онлайн-режімдегі ақпараттар мен  мәліметтерді іздеп табу машығын қалыптастыруға бейімі күшейді.

Бесіншіден, ата-ана мен мұғалімнің байланысы жақсарып бір-біріне жақындай түсті. Ең басты міндет-еліміздің болашағы саналатын жас жеткіншектерге заманауи білім мен тәрбие беру үшін бірлесе жұмыс жүргізу қажет екеніне көз жеткізе бастады. Көп біріксе аспайтын асу, алмайтын қамал жоқ екенін шын түсінді.

Ия,енді үш аптада оқу жылының соңына да жетеміз,қорытындылаймыз..

Еліміздің  білім беру тарихында тұңғыш рет қашықтан оқыту негізінде өткізген бұл тоқсан алдағы уақытта да талай әңгімелерге өзек болары сөзсіз.

Бір нәрсе айқын- бүгінгі күн жағдайында дер кезінде қолға алынып,жүзеге асқан шара,алдағы жарқын күндерге баспалдақ.

Біз, ұстаздар қауымы, қандай жағдайда да шәкірттерімізбен біргеміз!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.