Home » Мақалалар » Абыройы асқақ ауыл ұстазы

Абыройы асқақ ауыл ұстазы

Білім – біліктілікке жеткізер баспалдақ, Ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы
А.Байтұрсынов

Қазіргі қоғам талабына сай ақыл-ойы дамыған, шығармашыл, қабілетті, іскер, зиялы азаматтарды тәрбиелеп жүрген мамандардың қатарына облысымыздағы Қазталов ауданына қарасты Көктерек ауылындағы І санатты бастауыш сынып мұғалімі Уакила Өтегенованы қосар едім.

Адам бойындағы ең асыл қасиеттер — ізгілік пен білімділік. Ал адам жанына осы асылды дарытушы – мұғалім. Елбасымыздың сөзінде: «Мұғалімдер – қоғамның ең білімді, ең отаншыл бөлігі. Сіздер біздің балаларымызды өсіріп, олардың ақыл-ойын жетілдірудесіздер. Олар үшін кейде ата-аналарына қарағанда сіздердің беделдеріңіз үлкен» деп, мәртебемізді көтерді.

Қазіргі қоғам бізден ақыл-ойы дамыған, шығармашыл, қабілетті, іскер, зиялы азаматтарды тәрбиелеуді талап етуде. Кейіпкеріміз Уакила Жексенқызы да – осы талап үдесінен шығып жүрген мамандардың бірі. Ол орта мектепті бітіргеннен кейін Орал педагогикалық колледжін «Бастауыш сынып мұғалімі», кейін М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін «Кәсіби бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. Жас маман ретінде алғашқы еңбек жолын 1987 жылы ауданымыздағы Еламан бастауыш мектебінен бастаса, 1988 жылдан бері өзі білім алған мектепте ұстаздық етуде. 30 жылдан астам білім саласында қызмет еткен уақыт ішінде ұлағатты ұстаз талай  шәкіртке  терең білім, тағылымды тәрбие беруде тиянақты, жемісті еңбегімен жоғары биіктерден көрініп келеді.

Қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес әдіс-тәсілдер мен  көрнекі құралдар арқылы ашық сабақтар өткізіп,  шеберлік сыныптарын шәкірттерімен бірге  жоғары деңгейде көрсетіп келеді. Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы шәкірттеріне қашықтықтан сабақ беріп, өзі жетекшілік ететін сыныбына Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай оқушылармен челендж ұйымдастырды. Ата-аналар да оқытушыға алғыс білдіріп, жұмысына шығармашылық табыс тіледі.

Партада отырған кішкене жүректерді тебірентіп, қиялымен қырандай қияға ұшырып, тәлім берген ұстаздың еңбегін шәкірттері де ақтады. Мәселен, Әділхан Валиев, Алена Тлепқалиева, Лунара Габдуллина, Гүлзар Өтегенова  облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпаздары атанса, Гүлзада Жәрдемова – «Үздік аттестат» иегері.

Шәкірттері осындай жеңістерді бағындырған ұлағатты ұстаздың еңбегі елеусіз қалмады. Мектеп директорының, аудандық білім беру бөлімінің, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен және ауыл әкімінің алғыс хатымен марапатталды.

Көзіңмен көріп, көңіліңе түйгенге не жетсін, шіркін?! Бір ауданда жұмыс атқарып,  талай рет ауылдық, тіпті аудандық іс-шараларда ақыл-кеңесін тыңдап, тәлім-тәрбиесін алдық. Еліміздегі оң өзгерістерді қалт жібермей қадағалап, жаңалығымен бөлісуге әрдайым дайын тұратын тәжірибелі ұстаздан тәлім алу – зор мәртебе. Әріптесімді кәсіби шеберлік пен шығармашылықтың шыңына жеткен тұлға деп бағалаймын, – деді жас ұстаз Айнаш Жиенғалиева.

Үміткер Орынғалиев,
Қазталов ауданы, БҚО

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.