Бүгін еліміздің барлық мектептерінде оқытудың жаңа формасы – қашықтан оқыту жүйесі өз бастауын алды. Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектептің оқушылары ұстаздарымен және сыныптастарымен бірге әдеттегіден бөлек онлайн-мектеп партасында бас қосты. Балалар виртуалды режимде жүздесіп, оқу жылының жаңа белесі төртінші тоқсанның жалауын көтерді.
Халықаралық мектеп қашықтан оқытудың барлық қырларын зерттей келе, ең қолайлы нұсқасына тоқтады және бүгінгі күні ББМЖМС талаптары мен ХБ бастауыш және негізгі мектеп бағдарламаларының күтілетін нәтижелеріне сай келетін, сондай-ақ, орын алып отырған жағдайда балалардың оқу материалын меңгеруін қамтамасыз ететін оқытуды құра білді.
Бір айта кетерлігі, Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп оқушылары үшін қашықтан оқу Zoom және Microsoft Teams қосымшалары арқылы іске асырылатын болады. Бүгін зияткер оқушыларымыз алғаш рет ғаламтор желісі арқылы білім алуды бастады.
— Қашықтан оқыту режиміндегі алғашқы сабақ сәтті өтті. Барлық қажет ақпаратты мұқият тыңдап, көре алдық. Бұл оқу жүйесі елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты енгізілгенін жақсы түсінеміз. Дегенмен, қашықтан оқыту өте ыңғайлы әрі тиімді деп есептейміз. Бізге алғашқы сабағымыз өте қатты ұнады, — деп мектебіміздің 8 «А» сынып оқушысы Мустафа Дарханулы пікір білдірді.
Оқытудың бұл форматы балаларға үйреншікті емес екендігін жақсы түсінеміз. Оқу үрдісінің мүмкіндігінше тиімді болуы үшін ұстаздармен қатар ата-аналар қауымы да бар күштерін салуда. Бұл жағдайда балаларға ата-аналардың көмегі мен қолдауы ауадай қажет.
— Бүгінгі өткен онлайн сабақтың сапалы, жүйелі, түсінікті болғандығы ата-аналардың көңіліндегі қобалжу мен түйткілді талай сұрақтардың басын ашып алуға септігін тигізді. Балаларымыздың өз уақытымен мұғалімдерінің сабағын тыңдап, білім ала алатындығына аса қуаныштымыз. Ел басына күн туған уақытта осындай жаңаша, жақсы бастамалалардың жүзеге асырылып жатқаны жақсы. Ата-аналар тарапынан мектеп әкімшілігіне,мұғалімдерімізге өз алғысымызды білдіреміз, — дейді 2 «В» сыныбының ата-аналар қауымы.
Естеріңізге сала кетейік, Zoom және Microsoft Teams қосымшалары оқушыларға оқыту бойынша мұғалімнен уақытылы ақпарат алуға, мұғаліммен және сыныптастарымен онлайн-режимде қарым-қатынас жасауға, оқу материалдарына үнемі қолжетімділікке ие болуға, мұғалімге орындалған тапсырмаларды уақытылы жіберуге, сондай-ақ, мұғаліммен кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді.
Төтенше жағдай және карантин режиміндегі өмір сүру дағдысы дәстүрлі жұмыс түрлеріне деген көзқарасты өзгертеді, осы уақыт ішінде оқушылар да онлайн-режимде жұмыс істеуге бейімделеді деп сенім білдіреміз. Жаңаша үлгіде басталған оқу жылының төртінші тоқсанында оқушыларымызға сәттілік тілейміз!
Сандуғаш Кожина,
«Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектеп»
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім
беру ұйымы филиалының баспасөз хатшысы