Р.М.Саттибаева
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша
педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушыысы
Бүгінгі күн-білім беру мазмұнына, оқушы мен педагог тұлғасына және қызметіне деген көзқарастардың түбегейлі өзгеріске бет бұрып отырған кезеңі. Қазақстанның әлемдік үрдістерге кіруі білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда. Заманауи мұғалімнің алдында тұрған міндеттердің бірі оқушыларға білім негіздерін беру ғана емес, басты мақсат оқушыларды дамыта отырып интеллектуалды, жоғары құзыретті, жан-жақты, зерделі, дарынды, талантты оқушыларды қалыптастыруда білім беру жүйесін заман талабына сай үйлестіре алу міндеті туындап, жаңа талаптар қойылуда.
Білім берудегі кәсіби іскерліктің жаңа түрі – инновациялық білім беру. Ендеше қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелердің бірі — оқу үрдісіне жаңа инновациялық технологияларды енгізу, білім беруді ақпараттандыру болып табылады. Инновацияны жете түсініп, инновациялық әдіс-тәсілдерді мектеп өміріне кеңінен енгізу жас ұрпақтың саналы да сапалы білім алуының бірден-бір шарты болып табылады. Яғни, сабақта біртұтас білімдік ақпараттық ортаны құру, жаңа ақпараттық технологияны қолдану, әлемдік білім беру кеңістігімен сабақтастыру болып табылады. Оқыту үрдiсiнде иновациялық әдістер мен оқыту технологияларын қолдану мұғалім мен оқушы қарым — қатынасының бұрынғы қалыптасқан жүйесiн, олардың iс — әрекеттерiнiң мазмұнын, құрылымын үлкен өзгерістерге әкелетіні белгілі. Сондықтан инновациялық технологияларды сабақ үдерісінде тиімді қолдану білім сапасын тереңдетуге, мұғалімнің кәсіптік шеберлігін арттыруға және шығармашылық жұмыстар жүргізуге, оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырып, пән бойынша танымын кеңейтуге бағытталады.
Қазіргі заман мұғалімінен тек өз пәнінің терең білгірі болу емес, тарихи танымдық, педагогикалық —психологиялық сауаттылық, саяси экономикалық білімділік және ақпараттық сауаттылық талап етілуде. Егер оқушы алған жүйелі білімін нақты түрде тәжірибеде, күнделікті өмірде, әлеуметтік бейімделу үрдісі кезінде қолдана алса, онда мұғалім оқушылардың бойында функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың дұрыс шешімін тапты деп анық сеніммен айтуға болады. Ендеше заманауи мұғалім білім беруде жаңалыққа жаны құмар, шығармашылықпен жұмыс істеп, оқытудың озық технологиялары мен инновациялық әдістерін сабақ үрдісінде тиімді пайдалана алатын білігі мен білімі жоғары болу керек деген сөз.
Сондықтан осы талаптарды шешуде жаңашыл педагогтер оқушының жеке тұлғалық құзыреттіліктерін, оның шығармашылық қабілеттері мен бейімділіктерін, өздігімен ойлау қабілетін дамыту арқылы білім беруде нәтижеге жетуге ұмтылуы қажет.