Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №184 бөбекжай-балабақшасында 2024-2025 оқу жылының басталуына орай ата-аналардың қатысуымен ашық есік күні өтті. Шара басталардан бұрын-ақ бөбекжайда әуезді әуендер ойнап, балалардың ерекше көңіл-күйі сезіліп тұрды. Аталмыш шараны бүлдіршіндердің өзі де асыға күткені көрініп тұр. Іс-шара барысында әуелі балалар өнерлерін ортаға салып, әсем әндерін шырқады.
Ата-ана мен балабақша ынтымақтастығы баланы оқыту мен тәрбиелеудегі – баршаның ісі. Отбасының да, балабақшаның да мақсат-мүддесі біреу — ол болашақ ұрпақ тәрбиесі. Болашақ ұрпақ тәрбиесін іске асырып отырған кез-келген мекеме үшін отбасымен жұмысты тиісті дәрежеде ұйымдастырудың маңызы өте зор. Себебі, отбасы баланың түпкі тамыры, болмысын қалайтын мекен. Сондықтан да балабақшаның оқу-тәрбие жұмысында ата-аналармен жұмысқа үлкен көңіл бөлінуі заңдылық. Балабақша мен отбасындағы ынтымақтастықты біріктіре отырып оқу және тәрбиелеу жүйесін ұйымдастыруды Жанна Абдуллаевна бастаған ұжым жүйелі түрде қолға алғаны көрініп тұр.
«Ата-аналарға балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес педагогикалық кеңес беру. Балабақшадағы іс-шараларға ата-аналарды қатыстыру. Ата-аналарды балабақша өмірімен қызықтыру. Үлгілі ата-аналарды насихаттау. Ата-аналар бұрышын жасау.
Ата-аналармен бірге отырып құрылған оқу-тәрбие жоспарын жасау. Балаларды дамытудың диагностикасын жасау.
Күнделікті оқу-тәрбие жұмысына ата-аналарды тарту туралы», — балабақша меңгерушісі сөз қозғап, ата-аналармен бірге дөңгелек үстел өткізілді.
Сонымен қатар, балабақшаның логопед-дефектологы балалардың дамуы туралы, қазіргі таңдағы балалармен жұмыс туралы сөз қозғады. Заман өзгерген сайын әдіс-тәсілдер көбейіп,жаңарып, толығып отыр.Әр түрлі жаңа технологияларды бала тәрбиесінде қолданып, заман талабына сай бала тәрбиелеу үшін ата-ананың да сол заманға сай жаңаша технологияларды меңгеруі шарт.
Бұл күні ата-аналар балабақша өмірімен толық таныс болды. Кабинеттерді аралап, балалардың таңғы және түскі астарынан дәм татты.
Балабақшада ұйымдастырылған ашық есік күндері ата-ана баласының жетістіктерін немесе қиындықтарын көреді, балада қиындық тудыратын мәселелерді, үйде ұйымдастыру бойынша тәрбиешіден әдістемелік нұсқаулар, дидактикалық ойындар пайдаланатын әдебиеттер секілді кепілдемелер алады.
«Балабақшаның негізгі міндеті –баланың жеке басының бастапқы қалыптасуын қамтамасыз ету. Бұл жас баланың ақыл-ойының дамуы мен даярлығы үшін қолайлы кезең. Сол үшін ата-аналар қауымын балабақша жұмысымен таныстыру, бала тәрбиесіне белсендіре араластыру болып табылады.
Ата-ана мен балабақша бірлесе отырып, балаларды оқу мен тәрбиеге баулуда жаңа заманның тұлғасы етіп тәрбиелеп шығару үшін әлі де тығыз байланыста, шығармашылықпен жұмыс жасаймыз.
Жоспарға сай ата-аналар жиналыстары, ақыл-кеңестер мен дөңгелек үстелдер жыл бойы жүргізіліп отырады» , — дейді балабақша меңгерушісі Жанна Абдуллаевна.
Еліміздің болашағы қандай болатыны балаларымыздың бойына өзіміз қандай тәрбиені сіңіретінімізге тікелей байланысты. Болашақ ұрпаққа жан- жақты тәрбие беру, ақыл ойының дұрыс дамуына әсер етіп, еңбекке деген қызығушылығын ояту, бала денсаулығын нығайта отырып жұмыс жүргізу ата- мен тәрбиешінің алға қойған міндеті. Балабақша – бүлдіршіндерді болашақта ұлт дәстүрін сақтайтын инабатты да, ибалы үлкен – кішіні сыйлай білуге үйрететін тәрбие орталығы.
Ендеше, осы үлкен міндет жолында аянбай еңбек етіп жүрген №184 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі мен ұжымына алғыс білдіріп, алдағы жоспарларына сәттілік тілейміз!
BILIM AINASY,
Алматы қаласынан,
Ақерке Амангелдіқызы