Төрткүл дүниені көгілдір күмбезімен өзіне тартатын киелі шаһар заманауи нысандармен толығуда. Төрт қақпалы Түркістанның төрінде жаңадан «Ақжайық» музыкалық мектебі бой көтерді.
Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы аталмыш мектепте болып, жас өнерпаздардың өнерін тамашалады.
Батыс Қазақстан облысының тартуы болған музыка мектебінде 550 орынға арналған үлкен концерт залы, конференц залы, оркестр, хор сыныбының бөлмелері бар айтулы нысан.
Заманауи үлгіде салынған мектепте 120 бала өнердің 18 түрінен дәріс ала алады. Атап айтқанда, мұнда оқушыларды домбыра, фортепиано, скрипка, баян, саксафон, қобыз, гитара, ұрмалы аспаптар, вокал, жетіген, ксилофон, литавра сияқты музыкалық аспаптарда ойнауға баулиды. Қазіргі таңда, аталған сыныптарға дарынды балаларды іріктеу арқылы қабылдау жұмыстары басталып кетті.
Мұнда жас өнерпаздарға консерватория түлектері ұстаздық етеді. Яғни, мектепке кәсіби музыкалық білімі мен шеберлігі жоғары мамандар мұғалім ретінде қабылдануда. Мамандардың айтуынша, келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрылатын болады.
Қос қабаттан тұратын сәулетті ғимарат музыкалық аспапта сабақтар өтуге барынша лайықталған. Мәселен, мектептегі барлық оқу сыныптары акустикалық заңдылықтарға сай жабдықталып, әрбір сыныптарға дербес компьютерлер мен интерактивтік тақталар орнатылған.
Мекен жайы: Түркістан облысы, Түркістан қаласы, 160 квартал 240 құрылыс, 5. 5 А. 7. 10. 31А автобустары келеді.